
Бизнеске сенім мен еркіндік қажет
Президенттің биылғы Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту, салық жүйесін жетілдіру, мемлекеттік органдардың кәсіпкерлермен өзара қарым-қатынасын жеңілдету жөнінде айтылған бастамалар біз сияқты іскер азаматтар үшін өте маңызды. Шын мәнінде, бүгінгі таңда бизнес – ел экономикасының тірегі. Оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға, жұмыспен қамтудағы үлесі 50 пайызға жуықтауы – үлкен жетістік. Бірақ Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл көрсеткішті жаңа деңгейге шығару үшін бизнеске кедергі келтіретін ескі жүйелерді түбегейлі жаңарту қажет.
Біз, кәсіпкерлер, күнделікті жұмыс барысында заңнамалардың күрделілігі мен бір-біріне қайшы келетін тұстарынан жиі қиындық көреміз. Әсіресе рұқсат алу, есеп тапсыру, салық төлеу сияқты рәсімдерде артық қағазбастылық көп. Президенттің заңдарды жасанды интеллект арқылы талдап, жүйелеу туралы тапсырмасы – уақыт талабы. Егер осы бастама толық іске асса, бизнестің дамуына серпін берері сөзсіз.
Мемлекет басшысының «Заңды күрделендірмеу керек, оны кәсіпкерлердің қажетіне қарай бейімдеу керек» деген сөзі – көптен бері айтылып келе жатқан өзекті мәселенің нақты шешімі. Бизнеске сенім арту, артық тексерістер мен жазалау тәсілдерін азайту ел экономикасына жаңа тыныс береді. Өйткені кәсіпкер еркін және тұрақты ортада ғана өнімді жұмыс істейді.
Салық саясатына қатысты айтылған ойлар да біз үшін маңызды. Көптеген кәсіпкерлер салық жүйесіндегі күрделіліктен қиналып келеді. Егер жаңа Салық кодексі шынымен де ашықтық пен адалдық қағидатына негізделсе, мемлекет пен бизнес арасындағы сенім күшейеді. Адал еңбек етіп, салықты уақытылы төлейтін кәсіпкер өз еңбегінің бағаланғанын сезінуі тиіс. Президенттің «салықтан түскен әр теңге халық игілігіне жұмсалуы керек» деген пікірі осы сенімнің негізі болмақ.
Президенттің шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі көзқарасы бізге сенім береді. Мемлекет пен бизнес бір бағытта, бір мақсатта жұмыс істегенде ғана нақты нәтиже болады. Цифрландыру, әділ салық жүйесі және артық бюрократиядан арылған экономикалық орта – еліміздің тұрақты дамуының кепілі.
Біз, кәсіпкерлер, адал еңбек етіп, ел экономикасын өркендетуге әрдайым дайынбыз. Тек мемлекет тарапынан түсіністік, әділдік және нақты қолдау болса, қазақстандық бизнес те жаңа деңгейге көтеріледі.
Октябрь НҰРАДИНОВ,
жеке кәсіпкер
Қызылқоға ауданы

