Жарнама
Экономика

Бизнес үшін жаңа көкжиек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен іске қосылған «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі – еліміздің көлік-логистика жүйесіндегі тарихи оқиға. Бұл жоба Қазақстан экономикасына ғана емес, бизнес қауымдастығына да үлкен мүмкіндіктер әкеледі.

Жаңа желі жүкті жеткізу мерзімін қысқартып, тасымал көлемін еселеп арттырады. Бұл – отандық кәсіпкерлер үшін экспорттық өнімдерді уақытылы әрі қолжетімді бағамен жеткізудің кепілі. Әсіресе агроөнеркәсіп, мұнай-химия, металлургия және өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындар үшін жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігі кеңейеді.

Қытай – біздің ең ірі сауда серіктестеріміздің бірі. «Достық – Мойынты» теміржолы Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетіп қана қоймай, Орталық Азияны Еуропамен байланыстыратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасының маңызды бөлігіне айналып отыр. Бұл жобаның жүзеге асуы қазақстандық кәсіпкерлер үшін халықаралық кооперацияға белсене араласуға жол ашады.

Жаңа инфрақұрылым – логистикалық шығындарды азайтып, тасымал тиімділігін арттырады. Бұл өз кезегінде өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Әлемдік нарықтағы бәсеке жағдайында мұндай артықшылық өте маңызды.

Бұл жобаға мыңдаған жұмысшы жұмылдырылды. Алдағы уақытта да теміржол желісінің іске қосылуы жаңа сервистік қызметтердің, шағын және орта бизнес бастамаларының дамуына ықпал етеді. Әсіресе көлік-логистика, қоймалау, сервистік қызмет көрсету саласында жаңа жұмыс орындары ашылады.

Көлік-логистика инфрақұрылымының дамуы – шетелдік инвесторларға Қазақстанның тұрақты әрі ұзақ мерзімді даму бағытын айқын көрсетеді. Мұндай жобалар инвестициялық климатты жақсартып, елге жаңа капиталдың келуіне ықпал етеді.

«Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі – тек көлік инфрақұрылымындағы жетістік емес, ол бизнес үшін жаңа көкжиектердің ашылуы. Бұл жоба Қазақстанды Еуразия құрлығындағы ең маңызды транзиттік хабтардың біріне айналдырып, кәсіпкерлерге ауқымды мүмкіндіктер ұсынады.

Нұрлан СҮЙІНБАЕВ,

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button