БІЛІМ КЕҢІСТІГІНЕ – КЕҢ ӨРІС

Қай заманда да бірде-бір ел, бірде-бір халық жаhан дүниеден тысқары, еш байланыссыз оқшау өмір сүруі мүмкін емес. Осыны Қазақ елінің Көшбасшысы тәуелсіздіктің таңсәрі шағында-ақ тап басып, өзінің өрелі идеяларын ұсынған болатын. Сондықтан да, биылғы 29 мамырда Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің Еуразиялық экономикалық одақ құру келісім-шартына қол қоюы – жиырма жыл бойы осы бағытта жүргізілген орасан зор жұмыстардың нәтижесі, ең бастысы, бастаманың өміршеңдігінің көрінісі.

Бұл одақтың құрылуы Еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастықтың жаңа кезеңіне бастау жасап отыр. Ендігі жерде келешек келбеті осы ықпалдасу үдерістерінің қалай жүретініне байланысты қалыптасады. Осы тұрғыдан қарар болсақ, Еуразиялық экономикалық одақты құрудың түпкі мақсаты – қазіргі таңда әлемде орын алып отырған барлық қарама-қайшылықтарды ескере отырып, өңірлік интеграциялық бірлестіктердің өзара үнқатысуын қамтамасыз ету. Яғни, бұл, біріншіден, әр елдің ресурстық-экономикалық мүмкіндігіне, географиялық жағдайы мен адам капиталына ерекше мән берсе, екіншіден, ынтымақтастықты сатылы және жүйелі түрде тереңдете жүргізуге мүмкіндік туғызады. Келісім-шарт негізінде еліміз жүргізіп отырған көп векторлы сыртқы саясат қағидаттары сақталады және оны болашақта дербес жүргізу немесе өзгертулері таласссыз күйде қалады. Мемлекет басшысы «интеграциялық ынтымақтастықтың берері мол» деп атап айтқанындай, осының негізінде аталмыш одақ оған мүше елдердің экономикасын өркендетеді, соның негізінде кәсіпкерлік дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда.
Еуразиялық экономикалық одақ білім мен ғылым салаларының дамуына да мол мүмкіндіктердің көзін ашпақ. Құжатта оған мүше әр елдің білім беру қызметіне қолжетімді жағдайлар жасалатыны да айқын айтылған. Елбасымыз Еуразиялық экономикалық одақтың кез келген елінде жастарымыздың сапалы білім алуына толық құқылы екендігін де атап көрсетті. Осы жерде ресейлік сарапшылармен болған мына бір әңгімеге назар аударайық:
«Қазақстан Президенті Одақтың жастар үшін құрылып отырғанын, олар кез келген елде еркін білім ала алатындығын айтты. Жастар онсыз да Ресейде еркін білім алып жатқан жоқ па?» деп сұрақ қойды «Мир» телеарнасы.
– Қол қойылған келісім-шарт аясында барлық үш елдің бір-бірінің дипломдарын танитындығы бекітілді, – деді сонда Ресей Ғылым академиясының Экономика институтының Посткеңестік елдердің экономикалық дамуы секторының басшысы Елена Кузьмина. – Тек бірнеше мамандықтар бойынша дипломдарға бұл жүрмейді. Олардың қатарында педагогикалық ғылымдар мен медицина аталды.
Расында да, қазірдің өзінде Ресейде білім алып жатқан қазақ жастары аз емес. Айталық, Астраханда барлық дерлік университеттерде қазақ тілінде оқытатын топтар жұмыс жасайды. Ал, Астраханның біраз жастары бізде оқуда. Омскіде де бірнеше жоғары оқу орнында қазақтілді топтар бар. Екатеринбургте Федералдық университетте қазақша оқыту тобы ашылды. Ендігі жерде бұл үрдіс бұрынғыдан да тереңірек өріс алатынына күмәніміз жоқ.
Осы орайда мен болашақ білімді жастардың қолында екендігін сеніммен айтар едім. Бұл үшін бізге, Елбасымыз атап айтқанындай, ғылымға негізделген индустриялық-инновациялық үлкен жобалар қажет. Нақты дерек көздерінен білгеніміздей, әлемнің дамыған елдерінде ғылымға негізделген технологиядан үш миллиардтай пайда түседі екен. Осы тұрғыдан алғанда, Еуроодақ елдерінде, Жапонияда, Кореяда білім сапасы жоғары. Мына Еуразиялық одақ осы қатарға жетуге жол ашып жатса, құба-құп.
Тағы бір өзекті мәселе – жоғары оқу орындары Қазақстан экономикасын интеллектуалдық зердесі зор, білімі терең маман сұранысымен қамтамасыз етіп қана қоймай, саяси-әлеуметтік даму, ғылыми әлеуетін көтеру міндеттемелерін де жауапкершілікпен орындаулары қажет екендігі. Бұл ретте қазіргі таңда қазақстандық жоғары оқу орындарына көшбасшы бола білген Назарбаев Университетінің тәжірибесін басшылыққа алып, халықаралық деңгейде бағаланатын білім беру әдістерін оқу үрдісіне енгізу – заманауи қажеттілік.
Біздің Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ұжымы да осы тұрғыда тынбай ізденіспен жұмыстанып келеді. Материалдық-техникалық базамыз заман талабына сай: институт ғимараттарындағы зертханалар, интерактивті және мультимедия қондырғылары бар аудиториялар және басқа да озық инновациялық техника жүйелері студенттеріміздің сапалы білім алуына жан-жақты қызмет етуде. Әсіресе, модульдік және дуальдық оқыту әдістері негізінде ірі кәсіпорындармен бірлесіп жасалған келісім-шарттар, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын іске асыру бағытындағы іргелі жұмыстарымыз өз нәтижесін беруде. Профессор-оқытушылар құрамы өз біліктілігін арттыру мақсатында кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында алыс-жақын шетелдерге барып, арнайы курстардан өтіп жүр. Соңғы жылдары облыс, республика көлемінде ұйымдастырылып жүрген ғылыми конференциялар мен мәдени-спорттық сайыстардағы студенттеріміздің жоғары көрсеткіштері – Елбасымыздың үнемі қайталайтынындай, жаңа қазақстандық патриот даярлау жолында тындырып жатқан жұмыстарымыздың айғағы.
Сөзімді түйіндей келе айтарым: Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы – бәсекеге қабілетті болуға берілген үлкен мүмкіндік дер едім. Бұл соның ішінде бізге де – жоғары оқу орындары ұжымдарына да зор жауапкершілік жүктейді. Одақтың құрылуы жөніндегі келісім-шартқа қол қою алдындағы мәлімдемесінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразиялық экономикалық одақ – Азия мен Еуроодақ арасындағы алтын көпір» деп қадап айтқан еді. Біз де өз тарапымыздан тәуелсіз еліміздің негізгі ұстанымына сүйене отырып, «бұл жаңа одақ бүкіл әлемді біріктіруші қызмет атқаруы тиіс» деген болжам жасаймыз. Мұның ақиқатқа айналатыны қазірдің өзінде айқын көрініп отырғаны қапысыз.

Ерсайын ИХСАНОВ,
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ректоры, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз