БӘСЕКЕГЕ БАСТАҒАН БАЙЫПТЫ БАҒДАР

Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы барша қазақстандық кәсіпкерлер тәрізді атыраулық бизнес иелерін де қатаң бәсекелестікке төтеп беріп, барынша сапалы өнім шығаруға итермелейді. Бұған дейін де өзге елдегі әріптестерімен тығыз байланыс орнатып үлгерген бірқатар жергілікті тауар өндірушілер енді жаңа талаптарға сәйкес қызмет істеуге даярлануда. Солардың бірі – «Інжу-маржан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Гүлфара Исмағулова. Біз жақында оған жолығып, осы мәселелер жөнінде тілдескен едік.


– Гүлфара Айтқұлқызы, Еуразиялық экономикалық одақтан не күтесіз?

– Алдымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының әлемдік деңгейде көтерген қандай бастамасы да аяқсыз қалып жатпағанын айтқым келеді. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы да – соның жарқын көрінісі. Елбасының тәуелсіздіктің бастапқы баспалдағында-ақ көтерген бастамасы араға жиырма жыл салып жүзеге асты. Содан бергі уақытта бұрын КСРО құрамында болған республикалармен экономикалық қарым-қатынасты қалыптастыруға қаншама қадам жасалып, жаңа байланыстар пайда болды десеңізші. Мәселен, тек қана Кедендік одақтың өзі неге тұрады? Соның нәтижесінде біздің кәсіпкерлер сыртқа да еркін шығады, өзгелері бізге де қысылмай келеді. Ал, жаңа экономикалық одақтың құрылуы Беларусь, Ресей және Қазақстан кәсіпкерлеріне бұрынғыдан да тығыз байланыс орнатуға жарқын жол ашты. Оның өмірге келу салтанатында Мемлекет басшысы «Еуразиялық экономикалық одақты біз жаһандық байланыстармен етене жымдасқан, Еуропа мен дамып келе жатқан Азия елдері арасындағы берік көпір түріндегі ашық экономикалық қоғамдастық ретінде көреміз» деген-ді. Расында да, іс жүзінде 170 миллионнан аса халқы бар ТМД кеңістігінде өндірістік, ғылыми және технологиялық әлеуеті зор, табиғи ресурстары орасан мол, ірі әрі бірыңғай нарықтың құрылуы – дүние жүзін дүр сілкіндірген оқиға.

Ал, оның атыраулық кәсіпкерлерге тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Іргеде Ресейдің  Астрахан облысы бар. Жергілікті бизнес иелерінің онымен әуелден қарым-қатынасы жақсы. Енді сол байланыс жаңа серпінмен тың тұрғыда өрбімек. Біз жаңа экономикалық одақтың өзімізге жүктейтін зор жауапкершілігін жақсы сезінеміз. Қазірдің өзінде Ресей өнімдері Атырауда саудаланып жүр. Ал, келер жылдан бастап онымен қоса Беларусь тауарлары да келмекші. Міне, сол кезде ішкі нарықты қорғауға, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға тура келеді. Жасыратыны жоқ, қатаң бәсекелестік туындайды. Тұтынушы әрқашан әрі арзан, әрі сапалы өнімді алуға ұмтылады. Әрине, бұл – түсінікті жағдай, қалыпты құбылыс. Демек, сырттан келер тауарлар тасасында өзіміздің өнімдеріміздің өтпей қалу қаупінен сақтануымыз керек.

– Ал, соған атыраулық кәсіпкерлер дайын ба? Мәселен, өзіңіз нендей үлес қосар едіңіз?

– Біз о баста бизнесімізді «Інжу-маржан» сауықтыру орнымен бастағанымызбен, біраз уақыттан бері балық шаруашылығымен де сәтті шұғылданып келеміз. Жұртшылықтың жадында шығар, сонау кезде өңірдегі балықшылар кооперативтері қаржылық қиыншылыққа тап болып, әбден тығырыққа тірелген-ді. Жұмысшылар жылдап жалақы алмады, ұжымдары міндетті төлемдерін төлеуге шамасы жетпеді. Міне, сол сын сағатта біз инвестиция салып, шаруашылықты көтерген едік. Бүгінде сол ісімізді одан әрі дамытып келеміз. Қол жеткен жетістігіміз де жетерлік.

Жалпы, балықшыларға тартым учаскелерін ұзақ мерзімге бекітіп беру – мемлекет тарапынан жасалған жақсы қолдау. Мәселен, біз балық шаруашылығымен 2000 жылдан бері шұғылданып келе жатқанымызбен, алты жыл бойы тұрақты ау салатын орнымыз болған жоқ. Биыл бір жағаны жағаласақ, келесі жылы басқа жерге көшетінбіз. Мұндай тұрақсыздық өндіріске де кері әсерін тигізді.

Енді 2006 жылдан бері Жайықтың төменгі дамбы сағасында ау салып жүрміз. Жылына екі мың тонна шамасында балық аулаймыз. Алты балықшы бригадасында 140 шамалы адам тұрақты еңбек етеді. Бұдан басқа елу шақты маманды теңіз жағасына ау салуға жұмылдырамыз.

Алғашқы жылдары аулаған балығымызды ішкі нарыққа да, сыртқы саудаға да сол күйінде жөнелтіп жүрдік. Бірақ, Елбасының қазақстандық кәсіпкерлер алдына қойып отырған басты талабы шикізатпен ғана шектелмей, дайын өнім шығару емес пе? Міне, соны басшылыққа алып 2009 жылы барлық керек-жарағы бар жаңа цехты пайдалануға бердік. Қазір мұнда тәулігіне екі тонна шамасында өнім шығарып отырмыз. Балықтың барлық түрінің өнімін даярлауға мүмкіндігіміз бар. Екі қуатты өндірістік базамыз тоңазытқыштармен және салқындатқыштармен, балықты тұздайтын және өңдейтін қондырғылармен, өзге де керекті жабдықтармен жарақтандырылған. Балық аулайтын барлық құралдарымыз қолданыстағы ережелерге сәйкес келеді.

Ал, сыртқа өнім шығарудағы бәсекелестікке келер болсақ, біз сонау 2008 жылы-ақ 9001-2001 ИСО сапа сертификатын алғанбыз. Оны әр жылы құзырлы орындар арқылы дәлелдеп жүрміз. Кейін, яғни 2012 жылдың сәуірінде балық және оның өнімдерін қауіпсіз өндіру мен таратуға  қатысты 22000-2006 ИСО енгізілгенде оны да иелендік. Мұның бәрі сыртқы нарыққа төтеп бере алатынымызды көрсетпей ме? Оның үстіне, өнім сақтауға қажетті жалпы көлемі 100 тоннаға жуық алты тоңазытқыш жұмыс жасап тұр.

– Осы айтылғандар сыртқы бәсекеге жеткілікті деп ойлайсыз ба?

– Әлбетте, жоқ. Үнемі ізденбеген, тың үдерістерді игермеген кәсіпкер түбі тығырыққа тіреледі. Біз өзіміздің жаңа тұтынушыларымызды табумен қатар, оларға қазіргіден де сапалы өнімнің түр-түрін ұсынуға дайын болуымыз керек. Елбасы осы көктемде кәсіпкерлікті қолдауға қатысты жасаған Мәлімдемесінде биылғы сәуірден келесі жылға дейін шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге мароторий жариялайтынын айтты. Бұдан артық қандай қолдау, нендей еркіндік керек? «Кәсіпкерлікті, әсіресе, шағын және орта бизнесті дамыту – «Қазақстан-2050» Стратегиясының ең басты міндеттерінің бірі» деді Мемлекет басшысы.  Әрине, бұл бағытта бизнес иелеріне де зор жауапкершілік жүктеледі. Біз сол міндет үдесінен шығуымыз керек. Сондықтан, алдағы уақытта ау салатын тартымымызды жаңғыртып, балық аулау құралдарын жаңалауымыз қажет. Каспий теңізінің жағалауына жаппай шықпақ ойымыз бар.

Еуразиялық экономикалық одақ өзге елдердегі әріптестерімізбен бұрынғыдан да тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде жан-жақтан шақыру алып отырмыз. Мәселен, биылғы 21 тамызда Ресей, Украина, Қазақстан, Беларусь және Әзірбайжан кәсіпкерлерінің қатысуымен Астанада ХІХ халықаралық экономикалық форум өтеді. Өзге де ТМД елдерінде ұйымдастырылатын түрлі шараларға ұдайы қатысып келеміз.

Осындай тәжірибе алмасу нәтижесінде биылдың өзінде біраз марапатқа ие болдық. «Сала көшбасшысы-2014», «Жыл маманы-2014» ұлттық сертификаттарын, «Сала көшбасшысы-2014», «Еңбегі мен жетістіктері үшін» медальдарын және «Қазақстан экономикасының даңқы жұлдызы» орденін алдық. Аз жетістік емес. Соның бәрін бағамдағанда сыртқы бәсекеге тойтарыс беретін қауқарымыз бар деп білеміз.Нағыз сапалы өнім шынайы бәсекелестікте танылады.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз