БАЛАМАЛЫ ҚУАТ КӨЗІ

 алыстағы ауылға да келіп жетті
Қазіргі кезде әлем жұртшылығы энергияның баламалы көздерін табудың тиімді жолдарын қарастыруда. Астанада өтетін “ЕХPO-2017” көрмесінің басты тақырыбы да – осы. Бүгінде “Жасыл экономикаға” бет бұрған елімізде табиғи энергия көздері – күн мен желді қуатқа айналдыру тәсілдері тыңғылықты қолға алынуда. Бұдан біздің өңіріміз де шет қалып отырған жоқ.

ІЗДЕНІС ТҮБІ – ИГІЛІК

Таяуда ғана Нарын құмында елді елең еткізген жақсы жаңалық жарқ етті. Оған өзіміз де куә болып қайттық. Осы уақытқа дейін орталықтан шалғай орналасқан осындай елді мекендерді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуде бірқатар қиындықтар туындап келгені рас. Тұрақты ток көзінсіз мал өнімдерін өңдеу, тұрмыс тауқыметінен арылу, тіршілікті заман талабына сай өзгерту, жаһандық жаңалықтардан дер кезінде құлағдар болу тіптен мүмкін емес-ті. Мұны ежелден атакәсіпті нәсіпке айналдырған дала төсі ерлері де жақсы біледі.
Күрмеуі қиын осы бір мәселенің оңды шешімін табуына «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының екінші бағытында қамтылғанындай, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және жайластыру үшін ілеспе технологиялық жабдықтарды сатып алуға республикалық трансферт есебінен 20,0 млн. теңге қаржының бөлінуі себепші болды. Міне, сөйтіп, тапсырыс берген алғашқы он адамға қосалқы технологиялық жабдықтар – жел генераторлары, су тазартқыштар, трансформаторлар алынып берілді.

ӨРКЕНИЕТ ҚҰМ ӨҢІРІНЕ ӨРНЕГІН САЛДЫ

Жел генераторының қайырын алғашқылардың қатарында көре бастағандардың бірі көпбалалы отбасы – Сәбит Қуанышқалиевтің шаңырағы еді.
– Құм өңірін мекендеген көпбалалы отбасыларының біріміз, жеке шаруашылығымыз бар. Былайынша айтқанда, өзімізді өзіміз жұмыспен қамтып отырған жандармыз. Алыс елді мекендердегі малмен отырған біздерге де, міне,баламалы қуат көзін жеткізетін жел генераторы қондырылып жатыр. Бұл – үлкен жетістік, Елбасының жүргізіп отырған саясатының жемісі деп білемін, -дейді жеке шаруагер жігіт қуанышымен бөлісіп.
Жайлау төрінде шаруа қожалықтары өз тірліктерін өздері қамтамасыз етіп отырған отбасыларының басын қосқан жиынға Алматыдан арнайы келген «Samal Energy» компаниясының бас директоры Дархан Доғалақов елімізде жел генераторлары мен күн батареяларын сатумен және қондыру ісімен 2009 жылдан бері айналысатын бұл кәсіпорынның жұмысы мен жел генераторының қызметі, оны күтіп ұстау жөнінде керекті кеңестерін беруді де ұмытпады. Оның айтуынша, 2 киловаттық қарапайым қондырғы 10 жыл тоқтаусыз жұмыс істеуге кепілдік беретін көрінеді. Заманауи тұрғыдан жеңіл әрі ыңғайлы материалдарымен жабдықталған жел генераторының батареяларына токтың шамадан көп жинақталып, артық зарядталмауын және зарядтың белгілі мөлшерден кеміп кетпеуін қадағалап, желдің бағытына қарай қаңғалағын бұрып тұрса болғаны. Қазақстанның біраз аумағында осындай стансалар орнатып, жұртшылықтан жақсы бағасын алып үлгерген компанияға сұраныс берушілер аз емес көрінеді.
Білгеніміздей, биік төбеге орнатылған қондырғының құрылысы өте қарапайым, темір қалқаншалар желдің екпінімен айналып, генератор арқылы аккумуляторға қуат жинайды. Өндірілген энергия қоражай мен баспананы толығымен жарықтандыруға жетеді. Ең бастысы, пайдаланатын қуатың тегін.
Жел генераторы арқылы үйдегі бүкіл тұрмыстық техниканы іске қосып, тұрақты ток көзінің беріле бастағанына шаруагер Алдар Сахиповтың отбасы да дән риза.
– Оның үстіне несие алған адамдарға үкімет тарапынан да осындай жел генераторлары табысталуда. Бұрын самауырды тезек жағып, шоғына қайнататын едік, енді токқа қайнатамыз, нанымызды да қазандықтың астына шоққа көметін едік, енді токқа пісіруге болады.Тамағымызды біресе төбеге, біресе жертөлеге сақтаушы едік. Қазір тоңазытқыш қосып, соған сақтап жатырмыз. Бұрынғы бейнетіміз едәуір жеңілдеді. Мұндай жақсылыққа тек нақты ісімізбен ғана жауап беруге міндеттіміз, ендігі жерде жастарымыз да ауылдағы шаруаға мойындарын бұрыңқырап, мал бағып, басын өсіруге, өнімін молайтуға өзіндік үлестерін қосуға мүдделі болатын шығар деп үміттенемін және де соған сенемін.
Бұл бұрын шаруашылықта жылқышы болып еңбек еткен белгілі малбегі, қумай тазы ұстап аңшылығымен, сөзге шешендігімен, жүйрік ат баптаған Зайырлы қарттың қызы «Бірлікқұм» несие серіктестігінің төрайымы Жанбике Нұранованың бізге шын ниетімен айтқан сөзі. Отағасы Алдар екеуі алты баланы тәрбиелеп өсіріп отырған өнегелі шаңырақ екен. Үлкен қызы Қаршыға – Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепте мұғалім, кейінгі екі қызы Алматыда тұрады. Мартасы – «KSB Grap» деген компанияда қаржы жөніндегі директор, ал Ақбөбегі – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде әдіскер. Ұлдары Бекарыс – мұнайшы, Жанарысы – болашақ энергетик, кенжелері Алмагүл – студент.

ЕРІНБЕГЕН
ЕР АТАНАДЫ

Жанбикенің қолы босай қалса, текке қарап отырмайтындығын да аңғарып қалдық. Сұрастырып білсек, үйдегі жинаулы сәнді көрпелер, жаюлы жатқан төсеніш алаша мен өрнектеліп басылған киіз де Жанбикенің өнімдері болып шықты. Тіпті құмда отырып-ақ оның үй ішін гүлдермен жайнатып қойғанына да таңдандық. Енді, міне, заман көшінен кейін қалмай, несие алып, ауыл шаруашылығын дамытуға үлесімді қосамын деп білек сыбанып отыр. Шаруа қожалығында біраз жылдан бері малшы болып, көмектесіп жүрген Әмірғалиев Жұмажан мен малшы Арынғазин Ғалымжан және Жанбике бірігіп, несие серіктестігін құрып, мал басын өсіру, өнімін халыққа сапалы күйінде сатуды мақсат еткен.
Жанбикені мазалайтын бір жайт – малдан өнген қой, түйе жүндерін өткізетін, өңдейтін орынның жоқтығы. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін цехтардың жергілікті жерде ашылғанын қалайды. Мына үй іргесіне қондырылып жатқан шағын жел стансаларынан да күтер үміт аз емес.

Бақытжан ЖҰМАТ.
Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз