
Баламалы бағыттар керек бізге
«Каспий Құбыр Консорциумы» бағытындағы шектеулерге байланысты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қазақстандық мұнайды баламалы экспорттық бағыттарға жедел түрде қайта жөнелтті. Соның нәтижесінде шамамен 300 мың тонна «қара алтын» «ҚазТрансОйл» АҚ жүйесі арқылы өзге нарыққа бағытталды.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акцонерлік қоғамы баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұнай әлемдік нарыққа Баку–Тбилиси–Жейхан бағытымен, сондай-ақ Новороссийск пен Усть-Луга порттары арқылы экспортталды. КҚК арқылы мұнай қабылдаудағы шектеулер алынбағандықтан шикізатты қайта бағыттау жұмыстары алдағы уақытта да жүргізілетін болады.
Бүгінде Қазақстан мұнайын тасымалдаудың қосымша бағыттарын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Германияға, нақтырақ айтқанда Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына жеткізілген қазақстандық мұнай көлемі 2,1 млн. тоннаға жетіп, өсім динамикасы байқалған. Биыл бұл көрсеткішті 2,5 млн. тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Ақтау порты арқылы Баку–Тбилиси–Жейхан бағытымен 1,3 млн. тонна қазақстандық мұнай тасымалданған. Алдағы жылы бұл көлем 1,6 млн. тоннаға дейін ұлғайтылмақ.
Бұдан бөлек Қазақстан мұнайы Қытай еліне де тұрақты түрде экспортталып келеді. Былтыр ҚХР-ға 1,1 млн. тонна мұнай жеткізілген. «Ұлттық компанияның бұл қадамдары мұнай экспортындағы тұрақтылықты сақтауға және халықаралық нарықтардағы сенімді серіктес мәртебесін нығайтуға мүмкіндік беріп отыр» делінген компанияның бапасөз хабарламасында.
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ
Сурет: Ашық дереккөз


