
Автогаз тағы да тапшы
Мұнайлы өлкеде автогаз бекеттерінде қайтадан ұзын-сонар кезек пайда болды. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары басталысымен бекеттерде кептеліс көбейді. «Қара алтынның» «үстінде» отырған өңірде тапшылық мәселесі қалай шешілуде?
Жанар-жағармай бағасы қымбат болуы себепті көптеген көлік қазір газбен жүреді. Яғни, жыл сайын сұйытылған отынды тұтынушылар қатары өсіп келеді. Бүгінде Атырау облысында отыздан астам автогаз сататын субъект, яғни 100-ден астам газ құю станциясы жұмыс істейді. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мейірім Ердәулеттің айтуынша, өңірде 163865 автокөлік тіркелген. Оның ішінде 120587-і жанар-жағармай қолданса, 25278-і газ қондырғысымен жүреді екен.
Қазан айының 1-інен бастап Атырау мұнай және газ өңдеу зауытында жоспарлы алдын алу жұмыстары басталғаны белгілі. Зауыт жөндеуге тұрғаннан кейін қаладағы автогаз бекеттерінде кезек көбейіп, көше бойында кептеліс пайда болды. Атырау мұнай өңдеу зауыты баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоспарлы алдын алу жұмыстары жабдықтардың сенімділігін, технологиялық процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және өндірістің жалпы тиімділігін арттыруға бағытталып отыр.
Нақтырақ айтсақ, 1 174 қысыммен жұмыс істейтін ыдыс пен аппарат, 46 пеш және 1458 технологиялық құбыр желісіне тексеру жасалады. Бірқатар қондырғыда 316 тоннадан астам катализатор ауыстырылады. Сондай-ақ реакторларды жөндеу, колонналардың ішкі құрылғыларын жаңарту және басқа да күрделі технологиялық жұмыстар жүргізілмек.
Жалпы, жөндеу жұмыстарына 1800-ден астам маман бөлініп, 62 арнайы техника жұмылдырылуда. «Жоспарлы алдын алу жұмыстары барысында мұнай өнімдерін жөнелту жинақталған қор есебінен Энергетика министрлігімен келісілген кестеге сәйкес жүргізіледі. Бүгінде зауыттың резервуарлық паркінде 37 мың тонна автобензин, 30 мың тонна дизель отыны, 6,8 мың тонна авиаотын жинақталған. Бұл қордағы өнімдер зауыт жоспарлы алдын алу жұмыстары кезінде еліміздің батыс аймақтарына жеткізіледі» делінген баспасөз хабарламасында.
Десек те, бекетте кезекте тұрған көлік жүргізушілері мүлдем басқаша пікірде.
– Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы алдын алу жұмыстары басталғалы бері газға тапшылық байқалды. Мен үнемі газды үйімнің қасындағы автобекеттен құятынмын. Көп реттерде бекетке жұмыстан кейін барамыз ғой. Соңғы күндері кезекке сағаттап тұратын болдық. Меніңше, АМӨЗ-дің жөндеуге тұратыны туралы ақпарат бұған дейін де белгілі болды. Сол кезден-ақ молырақ қор жинақтап немесе басқа өңірлерге тапсырыс беру керек еді. Бұл жағдайдың жыл сайын қайталанатыны қынжылтады. Оқыс оқиға болса түсіністік танытамыз ғой,-дейді Атырау қаласының тұрғыны Нұрболат Нығметов.
Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының бас маманы Анар Ахметованың айтуынша, бүгінгі таңда облыс аумағында сұйытылған мұнай газын өндіру уақытша тоқтатылғанымен, Энергетика министрлігінің тоқсан сайынғы бекітілетін хаттамасына сәйкес, өңірдің ішкі нарығын қамтамасыз ету мақсатында 6338 тонна көлемінде автогаз бөлінген. Бұл көлем облыстық комиссияның шешімімен 23-тен астам газбен жабдықтаушы субъектілер арасында әділетті түрде бөлініп, олармен жасалған кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жеткізілетін болады.
–Ақтөбе мен Атырау облыстары арасындағы қашықтықты ескеретін болсақ, теміржол арқылы вагондардың жеткізілуі орта есеппен 4-5 күнді құрайды. Алайда «Қазақстан Темір жолы» ҰҚ» АҚ өкілдерімен бірлесе отырып атқарылған үйлесімді жұмыстың нәтижесінде бұл мерзімді 2-3 күнге дейін қысқартуға қол жеткіздік. Қазіргі таңда газ облысқа жеделдетілген тәртіппен тасымалданып жатыр.
Облыстың сұйытылған мұнай газына деген айлық қажеттілігі шамамен 13-14 мың тоннаны құрайды. Алайда, министрлік қазіргі уақытта осы қажеттіліктің 60-70 пайызын ғана қамтамасыз етіп отыр. Осыған орай әкімдік тарапынан Энергетика министрлігіне тұрақты түрде қосымша газ көлеміне қатысты ресми сұраныс хаттары жолданып келеді.
Мәселен, қыркүйек айында Атырау мұнай өңдеу зауытынан қосымша 2500 тонна сұйытылған мұнай газы бөлініп, «Ақтөбемұнайгаз» СНПС-інен тағы 1008 тонна көлеміндегі газ облысқа жеткізілді. Бұл вагондар бүгінде толық көлемде өңірге жеткізіліп, бекітілген кестеге сәйкес газ құю бекеттеріне үлестірілуде. Жағдай тұрақты және облыс әкімдігінің ұдайы бақылауында,-дейді Анар Ахметова.
Газды үлестіру тетіктеріне қатысты Энергетика министрлігі жаңа өзгерістер енгізген. Бұған дейін автокөлікпен газ тасымалдау үшін субъектілерге қажетті ең төменгі көлем 5 тонна болып белгіленсе, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 20 тоннаға дейін ұлғайтылыпты. Яғни, бөлінетін газ көлемі 20 тоннадан төмен болған жағдайда, ол субъектілерге сұйытылған мұнай газы берілмейді деген талап бар.
– Облыс бойынша тек Ақтөбе өңіріне бөлінген көлемге сәйкес, Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп бекітілген арнайы тізім аясында жұмыс жүргізілуде. Қазір қала аумағында және одан 200 шақырымға дейінгі қашықтықта орналасқан газ құю бекеттерінде сұйытылған газдың литрі 85 теңге деңгейінде сатылуда. Ал шалғай өңірлерде бұл баға 90 теңгеге дейін жетеді. Қазіргі таңда облыста бекітілген шекті баға – литріне 85 теңге деңгейінде белгіленген және ол қатаң бақылауда,-деп нақтылады Анар Ахметова.
Айбөпе САБЫРОВА
Сурет: pixabay.com

