АУЫЛДА АТҚАРАТЫН ІС КӨП

енді тәуекел ететін жастар көбейсе игі

Соңғы уақытта облыстың түкпір-түкпірінен түрлі бағытта жаңа кәсіпкерлік нысандар бой көтере бастады. Солардың бірқатары Махамбет ауданында да ашылуда. Кәсіпкерлердің осылайша кәсібін өркендетуге облыстық кәсіпкерлер палатасы айтарлықтай үлес қосып отыр. Міне, енді осы игіліктерді көмекке мұқтаж өзге де кәсіпкерлер арасында насихаттау керек. Осыны мақсат еткен палатаның сервистік қолдау көрсету бөлімі мен аудандық кәсіпкерлерді қолдау орталығының мамандары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары үшін баспасөз турын ұйымдастырды.  

 

Айта кету керек, ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап облыстың барлық жеті ауданында кәсіпкерлерді қолдау орталықтары ашылып, өз жұмысын бастаған болатын. «Кәсіпкерлердің көбісі кәсібін жетік меңгергенімен, бизнесті қалай бастау керек, бұл тұрғыда үкімет қандай жеңілдіктер ұсынады, осы тұстарын білмей жатады. Сондықтан, кәсіпкердің үлкен істі бастамас бұрын оны тиімді ұйымдастыруына ақпараттық қолдау білдіретін бизнес-орталықтар жүйесі құрылды. Онда кәдімгі кеңесші және есепші мамандар ақыл-кеңестер айтып, кәсіби бағыт-бағдар береді. Олардың қатарында қайсыбір кәсіптің ауылдық жерде қанат жаюына мүдделі басқа да сала мамандары жетерлік» дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз өкілі Әсел Тұяқбаева. Баспасөз туры барысында журналистер аудандағы үш кәсіпкерлік нысанның тыныс-тіршілігімен танысты.   

«Жылыжай» бағдарламасының жемісі

Алдымен аудан орталығында орналасқан «Қожантаев С.Ш.» жеке кәсіпкерлігінің жаңадан ашылғалы жатқан нысанына бас сұқтық. Кәсіпкер Самат Қожантаев аудандық кәсіпкерлікті қолдау орталығының кеңесшілерінің көмегімен Махамбет ауданының мемлекеттік кірістер басқармасында жеке кәсіпкер ретінде тіркелімнен өткенін айтады.

– Жылыжай құрылысы жұмысының 80 пайызы аяқталып тұр. Табиғи газ бен жарық тартылған. Өзім гүл өсіруді жақсы көремін. Ұлым Артур Қожантаев мемлекеттен 5 миллион теңге несие алып, 1224 шаршы метр жер аумағын сатып алды. Бұл – біздің отбасылық кәсібіміз. Мұнда көбіне қияр мен қызанақ өсіреміз. Жылыжай бағдарламасы арқылы отбасымның үш мүшесін жұмыспен қамтып отырмын. Тамшылатып суару әдісін қолданамыз, бұл өте тиімді. Жасыратын несі бар, осыған дейін елімізде ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бар екенін білген емеспін. Бұл туралы аудандық кәсіпкерлерді қолдау орталығына барып, мән-жайдың анық-қанығын сұрастырғанымда ғана білдім. Сөйтіп, орталық мамандарына өзімнің бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысқым келетінін айтып, бизнес-жоспарымды көрсеттім. Көп кешікпей, «Жылыжай» бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 5 миллион теңгеге несие алуға шешім қабылдадым. Аталған бағдарлама шағын жылыжайлар жүйесін құрып, оны әрі қарай кеңейтуге бағытталған. Несие бес жыл мерзімге 9,5 пайыз үстеме ақымен беріледі. Оны рәсімдеуге аудандық кәсіпкерлерді қолдау орталығының қызметкерлері көп көмектерін тигізді. Сол үшін де оларға отбасымның атынан алғысымды айтқым келеді. Алдымыздағы қыстың сары аязында тұрғындарды көкөніс өнімдерімен қамтитын боламыз, – дейді Cамат Шәмшеұлы.

Жылыжайда егін өсірумен кәсіпкердің жақын туыстары мен ауыл тұрғындары да айналысады. Саматтың ендігі ойы – осындай тағы бір жылыжай нысанын ашып, кәсібін кеңейту. Ол үшін облыстық кәсіпкерлер палатасының сервистік қызмет көрсету бөлімінің мамандары қол ұшын беруге дайын. 

Ағаш өңдеу цехы – Ақшуланда

Махамбет ауданындағы Ақшулан мөлтекауданында ағаш өңдеу цехының құрылысы қызу жүріп жатыр. Ол «Бисенбаев Н.» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі. Ұлттық нақышта жасалған домбыра, бесік, қобыз, қолжуғыш сияқты көптеген қолөнер туындылары қазір үлкен сұранысқа ие. Жеке кәсіпкер Нұрлыбек Бисенбаев ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын бұрыннан ойлап жүргенін айтады. Алайда, қаржылай қолдау таба алмаған соң, құрылыс жұмысын өз қаражатымен бастап кетуге бел буыпты. Жора-жолдастары мен ағайын-тумаларынан қарызға ақша алып, құрылыстың алғашқы іргетасын да қалайды. Сөйтіп жүргенінде таныстарынан ауданда кәсіпкерлерді қолдау орталығы ашылғанын естіп, жер мен қаржылай көмекті қалай рәсімдеу керектігін біледі.

– Мектептегі оқуымды аяқтаған соң, Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы Атырау музыка колледжінде домбырада ойнау бойынша тәлім алдым. Кейін Атырау мемлекеттік университетінде білімімді шыңдадым. Домбыраның қыр-сырына әбден қанығып, Береке ауылынан Зәмзәм Есжанова атындағы музыка мектебінің бөлімшесін аштым. Әкемнің ұсталық дарыны менің де бойыма дарыған. Сол шеберлігімді ауыл тұрғындарының игілігіне жұмсауды ойластырдым. Осы бағытта ұлттық қолөнер бұйымдарын жасайтын цех ашып, жасал-ған бұйымдарды қолжетімді бағамен сатуды жөн санадым. Міне,  осылайша бизнес-жоспарымды жасақтап, аудандық кәсіпкерлерді қолдау орталығына ұсындым. Ондағы мамандар бизнес-идеямды бірден қабыл алып, қолдау танытты. Нәтижесінде орталық мамандарының тікелей араласуымен аз уақытта 0,10 гектар жерге қол жеткіздім, – дейді отызға жаңа жеткен жас жігіт.

Шебер домбыраға қажетті ағашты өзек жағасында өсетін жидек теректерінен алатынын айтады. Өйткені, аспап тығыз ағаштан жасалса, кейін үні керемет шығады екен. Бірақ, қоршаған ортаға залал келтірмей, қурап, құлауға шақ қалған теректерді ғана пайдаланады. Тек бір өкініштісі, мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер жөнінде кеш білген Нұрлыбекке 5 миллион 400 мың теңге несиенің бір бөлігі шегеріліп берілді. Әйтсе де, бұл атакәсіпті ту еткен жас кәсіпкердің талабына тосқауыл қоя алған жоқ. Белгіленген тәртіп бойынша несие алушы алты ай мерзімде демалыс алуға құқылы. Нұрлыбек те сол мүмкіндікті мүлт жібермей, қазір алған қарыздарын өтеп жатыр.   

Бақшаға сұраныс жоғары

Бау-бақша өнімдері қашан да халық сұранысына ие. Міне, туған ауыл халқын көкөніс өнімдерімен қамтуды қолға алған жандардың бірі — «ССС» шаруа қожалығының иесі Сағатжан Сайлау. Ол да мемлекет есебінен Талдыкөл селосының маңынан 15 гектар жер алып отыр.

– Әдетте алты ай бойы рәсімделетін құжаттар аудандағы кәсіпкерлерді қолдау орталығының қызметкерлерінің көмегімен бір айдың ішінде дайын болды. Егіншілікпен бұрын айналысып көрмеппін. Алайда, әлі де болса жаспын ғой, мүмкін жолым болар деген оймен кәсібімді бастап кеттім. Сөйтіп, таза өз қаражатыма жер алып, оған көршілес Астраханнан сатып алған қауын-қарбыз, қияр менен қызанақтың дақылдарын септім. Нәтиже жаман емес. Оның үстіне,  егін егу мен суару науқанында аудандық кәсіпкерлерді қолдау орталығы арнайы техникамен қамтамасыз етті. Бүгінде 3 гектар жерге егін егіп, жемісін көрудеміз. Биыл қарбыз-қауын егіп, бір маусымда 500 келідей өнім алдық. Келер жылы алма өсіру ойымызда бар. Оның үстіне, егістік алқабы да Жайық өзеніне жақын орналасқан. Әзірше тек газ бен жарық жете қойған жоқ. Қазір бар болғаны төрт-ақ адамды жұмыспен қамтысам,  алдағы уақытта үкіметтен көң көлемде субсидия алып, қызметкерлер санын да көбейткім келеді. Алғашқы қадам оңай болмайды ғой, біраз өнім шықпай қалды, есеп-қисабымыз да келіспеді. Дегенмен, алдағы уақытта кемшіліктерді ескеріп, тағы да 2 гектар аумақты егіс алқабына айналдыру жоспарда бар, – деген ойымен бөлісті кәсіпкер.

Махамбет аудандық кәсіпкерлерді қолдау орталығының директоры Болат Рахметовтің айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау орталықтары барлық жеті ауданда ашылып отыр. Мұнда қай кәсіпкер үшін де заңгерлер мен кеңесшілер тегін қызмет етеді. Соның ішінде, Махамбет ауданы бойынша 800-ге жуық түрлі деңгейде көмек көрсетілген. Ал, соңғы жарты жыл көлемінде 67 жеке кәсіпкердің мәселесі нақты шешімін тауып отыр.

А. САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген автор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз