Атыраудың болашағы: мұнайлы астана өмір сүруге қолайлы қалаға айнала ала ма?
Атырау — ел экономикасының жүрегі саналатын мұнайлы аймақ. Алайда бүгінде өңір алдында маңызды сұрақ тұр: экологиялық және әлеуметтік мәселелері шешімін тапқан, өмір сүруге қолайлы заманауи қалаға айнала ала ма? Осы және өзге де өзекті тақырыптар “Magunaly business” YouTube арнасының Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевпен жүргізген ашық сұхбатта талқыланды.
Әкім орынбасарының айтуынша, облыстың даму басымдықтары нақты айқындалған. Алдымен өңірдің әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларына бөлінетін қаржы тиімді жұмсалуы тиіс. Мемлекеттік сатып алу жүйесіне енгізілген жаңа тетіктер құрылыс сапасын арттыруға және тиімсіз мердігерлік тәжірибелерді болдырмауға бағытталған.
Сондай-ақ кадр тапшылығы мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Білікті мамандардың жетіспеушілігі өңірдің экономикасы мен әлеуметтік саласына әсер етіп отыр. Бұл бағытта білім беру мен еңбек нарығын өзара ұштастыру тетіктері қарастырылған.
Экологиялық жағдай да — өңір үшін өзекті тақырыптардың бірі. Қазіргі таңда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) сарапшылары аймақ тұрғындарының денсаулық жағдайына зерттеу жүргізу мәселесін қарастыруда. Сонымен қатар экологиялық жағдайы қолайсыз аумақтарда тұратын азаматтарға өтемақы төлеу тетігі жөнінде де пікірлер айтылды.
Бұдан бөлек, Атырауда цифрлық қауіпсіздік жүйелері жетілдірілуде. Жасанды интеллект технологиялары қоғамдық орындарда тәртіп бұзушылықтардың алдын алуға көмектесіп, бейнебақылау жүйелерінің тиімділігін арттыруда.
Қалалық инфрақұрылым да назардан тыс емес. Жаңа көпір мен айналма жол салу, медициналық кластер құру, ескі ауруханалар мен тұрғын үйлерді жаңарту — алдағы жылдардағы басты жобалардың бірі болмақ.
Жасұлан Бисембиев атап өткендей, облыс әкімдігі мен қоғамның ортақ мақсаты — Атырауды жай вахталық аймақ емес, өмір сүруге, білім алуға және еңбек етуге ыңғайлы, заманауи қалаға айналдыру.


