Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
Жарнама
Экономика

Атырауда су және кәріз жүйесін жаңарту басталады

Қазақстан қалаларындағы кәріз жүйесінің тозуы бүгінде елдің санитарлық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіріп отыр. Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтің мәлімдеуінше, еліміздегі кәріз құбырларының басым бөлігі соңғы 50 жыл бойы ауыстырылмаған, ал олардың шамамен 65 пайызы әбден ескірген. Бұл жағдай ең алдымен тұрғындардың өмір сапасына, экологиялық ахуалға және халық денсаулығына кері әсер ететіні анық.

Осы түйткілді мәселе Атырау қаласы үшін де өзекті. Мұнайлы өңірдің орталығы саналатын қалада инженерлік инфрақұрылымға түсетін жүктеме жылдан-жылға артып келеді. Халық санының өсуі, өндірістік нысандардың көбеюі су бұру жүйесінің сенімді әрі заманауи болуын талап етеді. Осыған байланысты биыл Атырауда кәріз құрылыстарын жаңалау жоспарланған қалалар тізіміне еніп отыр. Вице-министрдің айтуынша, жалпы алғанда мұндай жұмыстар 45 қалада жүргізіледі.

Ведомство мәліметіне сүйенсек, былтыр Ақтау және Ленгер қалаларында кәріз құбырларын ауыстыру жұмыстары атқарылған. Ал 2026 жылға дейінгі кезеңде Атыраумен қатар Қызылорда, Қарқаралы және Қаражал қалаларында ауқымды жаңғырту жобалары жүзеге аспақ. Бұл жобалар тозығы жеткен желілерді кезең-кезеңімен ауыстырып, апаттық жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

Кәріз және су жүйелерін жаңғыртуда қаржыландыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Ақтөбе, Қарағанды және Риддер қалаларындағы жобалар Еуропа даму және қайта құру банкінің қолдауымен іске асса, Жезқазған, Сәтпаев, Балқаш және Степногорск қалалары Азия даму банкінен несие алады. Ал Атырауда жүзеге асатын жобалар Ұлттық жоба аясындағы бюджет және өзге де қаржы көздері арқылы қаржыландырылмақ.

Жобалардың сапалы әрі уақытында орындалуын қамтамасыз ету үшін жаңа басқару тетіктері енгізілуде. Атап айтқанда, жобаларды іске асыруды бақылау мақсатында Техникалық оператор институты құрылады. Бұл институт жобалау барысында қазақстандық өнімдер мен материалдарға басымдық берілуін, сондай-ақ қолданылатын технологиялық шешімдердің тиімділігі мен қауіпсіздігін қадағалайды. Вице-министр Қуандық Қажкеновтің сөзінше, техникалық оператор тапсырыс беруші мен әкімдіктің жұмысын қайталамайды, тек техникалық-технологиялық шешімдердің сапасына бақылау жүргізеді.

Сонымен қатар жобалардың қаржылық тәртібін қамтамасыз ету үшін Қаржылық оператор институты енгізіледі. Ол қаржыландыру көздерін нақтылап, жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуын бақылауға, артық шығындардың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл тетік әсіресе ірі қалалардағы көпмиллиардтық инфрақұрылымдық жобалар үшін маңызды.

Энергетика мен коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған Ұлттық жоба шеңберінде алдағы жылдары еліміз бойынша 2,8 мың шақырым су бұру және 5 мың шақырым сумен жабдықтау желілері жаңартылады. Нәтижесінде 2030 жылға дейін сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 33 пайызға, ал су бұру желілерін 41 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Бұл көрсеткіштер Атырау сияқты ірі өнеркәсіптік қалалар үшін де аса маңызды.

Ресми деректерге сәйкес, бүгінде Қазақстан қалаларының 98,9 пайызы, ауылдардың 96,6 пайызы орталықтандырылған су құбырымен қамтылған. Алайда инфрақұрылымның шамамен 40 пайызы ескірген. Оны толық жаңарту үшін Ұлттық жоба аясында 6,8 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Сурет: Ашық дереккөз

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button