
Атырауда «Өрлеу» бағдарламасы аясында 23 жобаға қолдау көрсетілді
Мұнайлы өлкеде кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүзеге асып жатқан «Өрлеу» бағдарламасы нақты нәтижесін бере бастады. Жеңілдетілген несие ұсынатын жоба аясында жыл басынан бері өңірдің 23 кәсіпкері жалпы сомасы 6 миллиард теңгенің қаржысын алып, өз ісін өркендетуге мүмкіндік алды. Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Ернар Жұмағалиев БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз туры барысында атап айтты.

— Біз кәсіпкерлерге арналған үйреншікті қолдау тетіктерін сақтай отырып, олардың мазмұнын жетілдірдік және тиімділігін арттырдық. Сонымен қатар экономиканың басым бағыттары айқындалды. Олар – өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, туризм, денсаулық сақтау мен білім беру салалары. 2010 жылдан бері Атырау облысында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер 9500 жаңа жұмыс орнын ашып, бюджетке 605 млрд. теңге салық төледі, — деді Ернар Жұмағалиев.

Баспасөз туры барысында журналистер өңірдің бірқатар табысты кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Солардың бірі – «Домино Групп» ЖШС. Кәсіпорын өнеркәсіптік және азаматтық нысандарға арналған инженерлік жүйелерді жобалау, монтаждау және іске қосу-жөндеу жұмыстарымен айналысады. Мұнда сондай-ақ спиральді орамды ауа арналарын өндіру жолға қойылған. Биыл компания айналым қаражатын толықтыру үшін «Forte Bank» АҚ арқылы «Даму» қорының кепілдігімен жеңілдетілген несие алып, өндіріс көлемін арттырды.

– Қордың қолдауымен қаржыландыруға қол жеткіздік. Қазір желдету жүйелерін өндіретін цехта 12 адам жұмыс істейді, ал тәуліктік металл өңдеу көлемі шамамен 5 тоннаға жетеді, – дейді өндіріс жөніндегі директор Федор Ефремов.
Ал «Теплый дом» ЖШС фасад термоплиттерін, пенопласт және фиброполистиролбетоннан жасалған сәндік элементтер шығарады. Компания «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы 12,6% мөлшерлемемен «Өрлеу» бағдарламасы бойынша жеңіл несие алып, өндіріс ауқымын кеңейтіп отыр.

– Тәулігіне 1500 шаршы метр сэндвич-панель өндіреміз. Бұл – соңғы екі жылда іске қосылған жаңа өнім. Кәсіпорын 2012 жылдан бері жұмыс істейді және осы уақыт ішінде «Даму» қорының қолдауымен төрт жоба жүзеге асты, – деді кәсіпкер Арман Сағдығалиев.
Сондай-ақ баспасөз туры барысында тілшілер «Континент Ко ЛТД» өндірістік-коммерциялық фирмасының жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын – батыс өңірінде телекоммуникациялық мақсаттағы талшықты-оптикалық және құрамында мыс бар кабель өнімдерін шығаратын жалғыз зауыт. Мұнда жылына 36 мың шақырым кабель және 100-ден астам түрлі кабельдік өнім шығарылады. Компания жыл сайын «Даму» қорының субсидиялау және кепілдік беру бағдарламаларына қатысып келеді.





Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ


