
Атырауда газға сұраныс көп
Атырау облысында сұйытылған мұнай газына деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Алайда өңірге жоспарланған жеткізілім көлемі нақты қажеттілікті толық өтей алмай отыр. Соның салдарынан газ тапшылығы мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Бұл түйткіл ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғановтың Атырау облысына жұмыс сапары аясында талқыланды.

Жиынға бейнебайланыс арқылы ҚР Энергетика министрлігінің вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев қатысып, облыстағы сұйытылған мұнай газының (СМГ) қазіргі ахуалы туралы мәлімет берді.
Оның айтуынша, биыл қаңтар айына министрлік тарапынан жоспарға сәйкес өңір қажеттілігі үшін 7 110 тонна СМГ бөлінген. Алайда облыстың ай сайынғы нақты сұранысы 9 мың тоннаны құрайтындықтан, тапшылық деңгейі 21 пайызға жетіп отыр.
Тапшылықты азайту мақсатында облыс әкімдігінің сұранысына сәйкес, биыл 9 қаңтарда министрлік тарапынан қосымша 1 500 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінген. Сонымен қатар жоспарға сәйкес биыл ақпан айына 6 667 тонна, ал наурыз айына 6 910 тонна СМГ қарастырылған.
Жиын барысында мәжіліс депутаты Дүйсенбай Нұрбайұлы өңірдегі ахуалға байланысты өз ұсынысын ортаға салды.
– Атырау облысының ай сайынғы қажеттілігі – 9 мың тонна. Ал алдағы айларға жоспарланған көлем бұл көрсеткіштен айтарлықтай төмен. Демек, жақын айларда газ тапшылығының қайталану қаупі бар. Мұнай мен газ өндірілетін өңірде мұндай жағдай болмауы тиіс. Сондықтан сұраныстың өсуін ескере отырып, облысқа қосымша сұйытылған мұнай газы көлемін бөлу қажет, — деді депутат.
Вице-министр Қайырхан Тұтқышбаев депутаттың ұсынысы орынды екенін атап өтіп, аймақтағы нақты сұранысты ескере отырып, оң шешім қабылданатынын жеткізді.
Жиын соңында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдулат Кенжебеков өңірде тауарлық газ тұтынатын автокөліктер санының жылдан жылға қарқынды өсіп келе жатқанын айтты. Оның мәліметінше, 2024 жылы газ пайдаланатын көліктер саны 20 мыңды құраса, 2025 жылы 27 мыңға жеткен. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 30 мыңнан асады деп күтілуде. Әсіресе жаз мезгілінде сұраныс күрт өсіп, газ тапшылығы айқын байқалады.
Алмас ҚАБДОЛ

