«Қара алтынның» қаржыға қатысы

2018101711295490857 be0905c318805004af84aca32e361b21 crop l Экономика

Ұлттық валюта айналымға алғаш шыққанда оның бір долларға шаққандағы бағамы 4,75 теңге болып бекітілгенін бүгінгі ұрпақ білмейтіні өз алдына, аға буын да ұмытқан шығар. Алайда, араға екі ай салып, ол он беске жеткен-ді. Ал, 1999 жылы теңгеміздің ноқтасын сыпырып, еркіне жіберу салдары айырманың 120-140-қа бір-ақ секіруіне соқтырды. Міне, содан бері шетел валютасы қымбаттап, өз ақшамыз арзандап келеді.

2018101711295490857_be0905c318805004af84aca32e361b21_crop_l_

Ұлттық банк басшылығының айтуынша, теңгеге әсер ететін факторлардың бірі – дүниежүзілік деңгейдегі көмірсутегі шикізаты бағасының тұрақсыздығы. Бүгінде ол бір баррельге шаққанда 70-80 доллар аралығында құбылып тұр.

Сөз жоқ, Қазақстан мұнай мен газ қоры жөнінен әлемде алдыңғы қатарда болғандықтан, экономикамыздың одан әрі дамуы көмірсутегі шикізатына тікелей қатысты. Оны сыртқа шығару арқылы елімізге біраз пайда түседі. Сайып келгенде, Ұлттық қордағы қаражат осындай сауда-саттық нәтижесінде құралды. Республикалық бюджеттің бекітілуі барысында да «қара алтын» құнының әлемдік аренадағы бағамы басшылыққа алынады.

Әдетте күзгі-қысқы науқанда сыртқы сауда бәсеңдейді. Демек, биылғы макроэкономикалық көрсеткіштер негізінен анықталды. Алдын-ала кейбір қорытындыны шығара беруге болады. Ал, келешектің көкжиегі қандай? Сарапшылар алдағы жылы мұнай бағасының әр баррелі 85-95 долларға жетуі ықтималдығын айтады. Мұндай батыл болжам жасауға кейбір объективті себептер әсер етпек. Егер осындай күн туса, онда теңгеміздің де құнсыздануы тежеледі. Өйткені, ішкі нарыққа доллар көбірек түседі. Ендеше, алтын-валюта қорына салмақ салмай-ақ, осы пайдамен-ақ қалыпты дамуды жалғастыруға,  әлеуметтік ахуалды сауықтыруға мүмкіндік тумақ.

Әйтсе де, егер ішкі және сыртқы экономика кенет құлдыраса, онда теңге құны да 15-20 пайызға күрт түсуі ықтимал. Мұндай жағдайда алтын-валюта қорына тәуекел ету де өзін ақтамайды. Сондықтан, Ұлттық банкке теңге бағамын тағы түсіруге тура келеді.

Ішкі фактордың нашарлауы, әлбетте, девальвацияға соқтырады. Яғни, төл ақшамыз құнсызданады. Дегенмен, мамандар бұдан аса қорқудың қажеті жоқ екенін айтады. Өйткені, сырттан қаржы құйылады, инвестиция келеді. Сондықтан, кейбір мемлекеттер мұндай қадамға саналы түрде барып, жағдайын жақсартуға жұмыстанады. Бұрынғы жылдары Ресей мен Қытай осы әдіске жүгінді. Ал, ол – дамушы елдерде өте жиі кездесетін құбылыс.

Сарапшылардың пікірінше, мұнай арзандаса, доллар қымбаттайды. Қазір Канада, АҚШ пен Сауд Арабиясы «қара алтын» өндіру көлемін көбейтіп отыр. Тіпті бір-бірімен бәсекеге түскен. Олар халықаралық келісімдерге құлақ аспайды. Бүгінде өздерінде энергетикалық қуаты жоқ елдердің өздері де көмірсутегіне деген қажеттілігін қамтамасыз етіп үлгерген. Баламалы энергия көзі тағы бар. Бұрын мұнай мен газды Қытай көбірек тұтынатын. Енді мұнда да экономикада бәсеңдік байқалады. Сыртқы саудада тауары өтпесе, өндіріс ошақтары да қуатын кемітеді ғой.

Жалпы, доллардың күкіртті сутегі шикізаты нарығында жетекші күшке айналуы сонау уақыттағы қырғи-қабақ қақтығыстың, 1973 жылғы израиль-араб соғысының салдарынан кейін орын алды. Осы кикілжіңдерден өзіне пайда тапқан АҚШ араб елдерін қысым көрсету арқылы мұнай саудасын доллармен жүргізуге көндірді. Қазір әлемдік геосаяси ахуал өзгергенімен, «қара алтын» құнын Америка ақшасымен есептеу қалыптасып қалды.

Жалпы, қазіргідей сын сағатта ұлттық валютаның қадірін қалай көтереміз? Сөз жоқ, алдымен, төл теңгеміз туралы оң пікір қалыптасуы қажет. Елбасымыз оның сом салмағы, тәуелсіздігіміздің тірегі туралы ұдайы айтып келеді. Ендеше, оны біз де мақтан тұтуымыз шарт. Салымын доллармен сақтаушылар отансүйгіштік қағиданы да ұмытпағаны абзал. Әзірге оларға капиталын теңгеге ауыстыру міндеті жүктелген жоқ. Әйтсе де, сарапшылар мұндай қадам жасалуы ықтималдығын жоққа шығармайды. Мәселен, Ресейде қолға алынды ғой.

Одан әрі, инвестициялық ахуалды жақсартқан жөн. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Жапония өз ақшасының көтерілуіне көп көңіл бөлді. Сырттан қаржы әкелуге жағдай жасады. Инвесторларды тарта білді. Соның нәтижесінде бүгінде Күншығыс елі – әлемдегі ең озық дамыған үш мемлекеттің бірі.

Мұндай инвестицияға жағымды ахуал бізде де бар. Бүгінде «бәлен сатылып кетті, түген саудаға түсті» деп даурыққанымызбен, әлемдік қауымдастықтан іргемізді алшақ сала алмаймыз. Ал, мұндай қарым-қатынас алыс-берістен тұрады. Елбасы Жолдауында келтірілгендей, соңғы жиырма жылда ғана республикаға 300 млрд. доллар көлемінде инвестиция тартылды. Мемлекет басшысының айтуынша, Дүниежүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде Қазақстан әлемдегі 190 елдің ішінде 36-шы орынға көтерілді.

Қазіргі қолданыстағы талап бойынша, егер инвестор елге келіп зауыт тұрғызып, кәсіпорын салса, онда он жылға корпоративтік және жер салығынан босатылады. Бұған қоса сегіз жылға мүлік салығын да төлемейді. Мұндай жеңілдік ешкімде жоқ шығар.

Ақырында, теңге беделіне алыпсатарлық та әсер етеді. Бұдан біраз жыл бұрын жергілікті банк басшыларының бірімен тілдескенімде, ол Қазақстан ақшасының көршілес Өзбекстанға көптеп кетіп жатқанын қалыпты жағдай ретінде бағалаған-ды. Яғни, біздің валютамыз басқа елде жұмыс жасайды екен. Сол жақта бағасы жоғары көрінеді.

Ал, өзге елдердегі құны қанша? Бізден басқа тағы кім теңгені айналым көзіне айналдырған? Мәселен, Қытай өз ақшасын әлемдік аренаға алып шығуға жұмыстануда. АҚШ долларынан құтылуға түпкілікті бет бұрған Аспанасты елі юаньды бекітуге кірісті. Қазір Қытай оны басқа мемлекеттерге қаржылық резерв жасақтауға ұсынуда. Бұл – долларға қарсы жүргізіліп отырған ашық қарсылық.

Осындай өзара сауда соғысы салдарынан АҚШ биылғы қыркүйекте Қытайға «қара алтын» жөнелтуді тоқтатты. Егер мұнда мамырда 13,9 шілдеде 10,5 және тамызда 9,7 млн. баррель мұнай экспортталғанын ескерсек, екі жақ та біраз шығынға батып отыр. Ал, әлемдегі екі алпауыттың осындай текетіресі өзгелеріне де әсер ететіндігі кәміл. Тек осы мүдделер қақтығысы төл теңгемізді құрдымға тартып кетпесе екен.

P.S. Сонымен, қайткенде де, теңге тағдыры әлемдік деңгейдегі мұнай бағасына байланысты екен. Демек, «қара алтын» құны төмендеп, доллар көтерілсе, ұлттық валютамыздың еңсесін тіктеуі  қиын болмақ. Оның салмағы қарапайым халыққа түседі. Рас, республикалық бюджет жасақталғанда, дүние жүзіндегі қазіргі жағдай есепке алынды. Дегенмен, тұтас елде де, әр аймақта да әлеуметтік ахуалды нашарлатып алмау – атқарушы биліктің тікелей міндеті.

 

Меңдібай Сүмесінов

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз