ӘР ЫДЫСТЫҢ ӨЗ СЫРЫ БАР

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ғылыми қорда жинақталған фарфор, фаянс, шыны ыдыстар жиынтығынан құралған «Ырысы мол ыдыстар» атты көрменің ашылу рәсімі өтті.

 

Белгілі қаламгер Берқайыр Аманшиннің үйінде пайдаланған ыдыстарын 2002 жылы жұбайы Жамби Шмалиева мұражай қорына тапсырған.  Танымал ақын, журналист Марат Ысқақовтың құмырасы, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың көзі тірісінде мұражай қызметкерлері өзімен кездесіп алған зерені, т.б. ыдыстар таныстырылды.

Даңқты жерлесіміз, Кеңес Одағының батыры Қайырғали Смағұловтың да шай жабдығы мұражай қорында сақталыпты.  Ал, он сегізінші ғасырда қолданыста болған күміс жалатылған асханалық ыдыстардың мұнда қабылданғанына  42 жыл толған. Сондай-ақ, бір мың бес жүз жылдық тарихы бар фарфор тәрелке де бар.   

Тас, қола дәуірлеріндегі ыдыс түрлері негізінен қыштан, қоладан жасалған болса, ғасырлар өте келе қолөнер шеберлері күмістен, фарфордан, фаянстан сәнді етіп жасауды меңгерді.

Шара соңында Атырау аграрлық-техникалық колледжінің студенттері арасында интеллектуалды сайыс өткізілді. Олар «Фарфор» және «Керамика» деп аталатын екі топқа бөлініп, ыдыстар туралы жұмбақтардың шешуін тауып, сұрақтарға жауап берді. Сайыс нәтижесінде «Фарфор» тобы басымдық танытты. Екі топтың мүшелері арнайы дипломдармен марапатталды.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз