
Жергілікті өнім ұлттық экономиканы арттырады
Қалың бұқара арасында «жері сортаң, топырағы тұзды Атырау өңірінде не ексең де өспейді» деген пікір бар. Алайда атыраулық жас кәсіпкер Салтанат Жұбаеваның жемісті еңбегі мұны мүлдем теріске шығарады. Еркінқала ауылында «Раяна» шаруа қожалығына жетекшілік еткен ол 40 сотық аумақта үш бірдей жылыжайды іске қосып, отандық егін мен бау-бақша өнімдерін нарыққа қолжетімді бағамен ұсынып отыр.

Ең басты ерекшелігі – тропикалық лимонды Атырау топырағына жерсіндіріп, балаша баптауы. Ал, екінші жылыжайында қияр, қызанақ, үшіншісінде көкшөптің сан түрін өсіріп, мол өнім алып отыр. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас жас кәсіпкермен оның жылыжайында жүздесіп, кәсібінің бүгінгі жай-күйімен танысып қайттық.
Атыраудың лимоны – Салтанаттың бренді
Жылыжайға кірген сәтте-ақ шын мәнінде жып-жылы, жайлы кеңістікке аяқ басқаныңызды айқын сезінесіз. Ішінде 15 түп лимон ағашы жайқалып өсіп тұр. Жап-жасыл ағаштарда салмақтанып тұрған сап-сары лимон көздің жауын алады.
– Бұл әу баста мамандығы агроном болған марқұм анам Марияш Құрбаниязованың еңбегі еді. Ол бөлме гүлдерін өсіруді қатты жақсы көретін. Бір күні қарапайым лимонның дәнін гүлдің ыдысына егіп, оны бар ықыласымен баптады. Ағаш үлкейген сайын бөлек ыдысқа көшіріп отырды. Бірнеше жылдан кейін пәтер ішінде өсіру мүмкін болмай қалған соң, анам арнайы жер телімін алып, жылыжай салуды жоспарлады. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы несие ресімдеп, 40 сотық жер алып, 2018 жылы лимон ағашын жылыжайға көшірді. Сол ағаштан бірнеше өскін алып, жаңа көшеттер өсірді, — дейді Салтанат.
Бес жыл бұрын анасы қайтыс болғанда, оның ісін жалғастыруды Салтанат өз мойнына алыпты. Лимон жемісін 2020 жылдан бастап дүкен сөресіне шығарып сата бастаған. Содан бері жеміс ағашының өскіндеріне де сұраныс көбейген.
– Атыраудың желі мен жазғы аптап ыстығында тропикалық жеміс өсіру оңай емес, әрине. Жылыжайда болса да, ерекше күтімді талап етеді. Күннің тіке түсуін де, тым суық пен ыстықты да ұнатпайды. Дымқыл жерді жақсы көреді. Әуелі кішкентай ыдысқа егіп, бірнеше рет кең ыдысқа ауыстырып отыру қажет. Бес жылдан соң ғана топыраққа отырғызуға болады. Үш жылдан кейін алғашқы жемісін береді. Цитрусты өсіруге арналған топырақты Мәскеуден алдырамыз, оны жергілікті құнарлы топырақпен араластырамыз. Табиғи өнім болғандықтан, тыңайтқышты аз қолдану керек. Ағаш гүлдеп тұрған кезінде де жеміс бере береді. Қазір жылыжайда 20 үлкен ағаш бар. Биіктігі 6-7 метрге жеткен бір ағаштан 20 келіге дейін өнім аламыз. Бір маусымдағы жалпы өнім көлемі бір тоннаға жуықтайды, — дейді кәсіпкер.
Мамандығы – есепші, ісі – агроном
Бастапқы мамандығы – есепші болғанымен, Салтанат Жұбаева бүгінде тропикалық ағаш өсірудің қыр-сырын кәсіби деңгейде меңгерген. Дән егу, көшет отырғызу, алғашқы өнім алғанға дейінгі барлық агротехникалық жұмыстың ұңғыл-шұңғылын тәжірибе арқылы игерген. Ендігі мақсаты – аграрлық оқу орталығын ашып, өзгелерді де бау-бақша кәсібіне баулу.

Жас кәсіпкердің бүгінгі басты жаңалығы – лимон мен апельсинді будандастырып, жаңа сорт шығаруға ден қойған. Бұл енді екі-үш жылдан кейін өнім береді. Болашақта жаңа сорттарды патенттеп, «Made in Atyrau» брендімен ел аумағы мен шетелге шығаруды жоспарлап отыр.
Жеміс ағашы – жан жылуы

Аулада лимоннан бөлек өрік, шабдалы, нектарин, алма, жүзім, шие, тіпті анар ағашы да бітік өсіп тұр. Жер-Анамен үндесіп еңбек етуді жаны сүйетін Салтанат жылыжайдың жарты қабырғасын кірпішпен көтеріп, төбесін жаңартты. Маусым кезінде көмектесетін екі жұмысшысы бар. Мұндағы жұмыстың ауырлығына қарамастан, ол барлық шаруаны сүйіспеншілікпен атқарады. Бүгінде жеміс ағаштарын қырқып, түбін тыңайтып, қысқы кезеңге дайындап қойған. Ерекше күтімдегі ағаштары сап түзеген сарбаздардай тік тұр. Салтанат бұл аумақтағы әрбір ағашты анасының көзі деп есептейді.
Бөлме гүлдері – ерекше энергия көзі
Соңғы жылдары Салтанат бөлме гүлдерін өсіруге де көңіл бөліпті. Фикус, шеффлера, алоэ, драценаның бірнеше түрін 5 сантиметрлік өскіннен бастап тамырландырып, өсірген.

– Гүл де балаша күтімді қажет етеді. Әр гүлді суару тәсілі әртүрлі, адамның көңіл-күйі мен энергиясын сезеді. Сондықтан әрқайсысына ерекше көңіл бөліп, олармен сөйлесе де білу керек. Жарық пен топырақтың құнарлы болуы да аса маңызды. Бүгінде гүлдердің бағасы дүкендерде арзан емес. Соны ескеріп, қолдан келер бұл істі қолға алып, қолжетімді бағамен саттыққа шығардым, — дейді ол.
Еңбек – береке бастауы

«Еңбек етсең ернің асқа тиеді», «Еңбек түбі – береке» деген даналық сөздерді өмірлік ұстанымына айналдырған жас кәсіпкер мемлекеттің көмек-қолдауынсыз-ақ бар шаруаны өз күшімен үйіріп әкеткен. Атыраудың табиғаты өнім өсіруге қолайсыз деген қасаң пікірді жоққа шығарып, тропикалық жемісті жергілікті нарыққа да ұсынған Салтанат Жұбаева – еңбекқорлықтың, табандылық пен ана аманатына деген адалдықтың айқын үлгісі. Оның анасы бастап кеткен істі жалғап қана қоймай, жаңа сорттар шығарып, жергілікті бренд қалыптастыруға қадам жасауының өзі-ақ көпшілікті сүйсіндіреді. Тамырын тереңге жайған әрбір жеміс ағашы – Салтанаттың маңдай тері мен туған жерге деген сүйіспеншілігінің көрінісі.
P.S. Өз күшімен жүргізген кәсіп – жергілікті өнімнің де сапалы, бәсекеге қабілетті болатынын дәлелдейді. Атыраудың шөлейтті топырағында жайқала өскен тропикалық ағаштар – тер төккен жанға қашан да еңбектің берекесі барын айғақтайтын жарқын мысал. Тәуелсіздікпен бірге кәсібі өрге домалаған Салтанаттың кәсібінің болашағы кемел, отандық бренд экономиканың қозғаушы күші бола берсін деп тілек білдірдік.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген автор


