АЛЫПТЫҢ ҚАЙТА ТҮЛЕУІ

Бұл да – Елбасының тікелей тапсырмасы

І ргетасы сонау сұрапыл Ұлы Отан соғысы жылдарында қаланған Атырау мұнай өңдеу зауыты – республикадағы осы сала бойынша бірінші кәсіпорын. Сол 1945 жылы-ақ мұнда бензин шығарылған екен. Содан бері отандық өндіріс ошағы талай шарықтау шақтары мен құлдырау кезеңдерін бастан кешірді. Енді, міне, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен осы көне кәсіпорын қайта жаңғыруда. 

 

Жаңғырту жолындағы жобалар

Елбасының тікелей тапсырмасымен Атырау мұнай өңдеу зауытын толығымен қайта жаңғырту қолға алды. Сөйтіп, 1998 жылы Үкімет пен жапондық «Марубени» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Келесі жылы Атырауға келген Елбасы да зауытты жарақтандыру бастамасын қолдады.  Жапонияға сапары кезінде Қазақстан басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту мәселесін тағы қозғап, оған мемлекеттік тұрғыдан аса зор маңыз берілетіндігін айтты. Міне, жоғары деңгейдегі осы кездесулер игі нәтижесін берді.

Содан 2002 жылғы ақпанда кәсіпорында жаңа қондырғыларды орнатудың алғашқы кірпіші қаланған сәтке тағы куә болдық. Құрылыс жұмыстарының басталуына орай үш мыңға тарта адам қызметке тартылды. Жоба құны 340 млн. АҚШ долларын құрады. Атырауға жапондық мамандар келе бастады.

Елбасы 2003 жылғы 17 мамырда «Қазақстан Республикасының индустриялдық-инновациялық даму стратегиясы туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы құжат аясында мұнай-газ саласында шикізаттық емес өнеркәсіпті дамыту қолға алынуы шарт еді. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, «қара алтынды» сыртқа сол күйінде сатқанша, оны барынша тереңдете өңдеп, экспортқа дайын өнім шығару қажеттігі туды. Әйтпесе, расында да, өзіміздің өзге елдерге шикізат күйінде тасымалдаған мұнайымыз кейін жанар-жағармай ретінде қымбат бағасына оралып жатыр. Осы олқылықтың орнын толтыру қажет болды. Ал, жоғарыда айтқан даму стратегиясы 2003-2015 жылдары жоғары технологиялық тәсілдерді қолдана отырып, өңдеу саласын дамытуды көздейді.

Ал, 2009 жылғы 29 қазанда Атырау мұнай өңдеу зауыты мен қытайлық «Синопек Инжиниринг» компаниясы арасында хош иісті көмірсутегі өндірісінің құрылысын жүргізу жөнінде келісім жасалды. Осы икемді жоба нәтижесінде жоғары октанды бензинді барынша көп алуға да, жылына 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол шығаруға да болады. Ал, бензол мен параксилол өз кезегінде сан түрлі мұнай-химия өнімдерін дайындауға қызмет етеді. Бұлар бояулар, ауыл шаруашылығы үшін улы химикаттар, ерітінділер, дәрі-дәрмектер, т.б. даярлауға қолданылады.

Жобаны жүзеге асырушы қытайлықтар болғанымен, мұнда Францияның Axens компаниясының технологиясы қолданылады. Ол Батыс Еуропадағы зауыттардың үштен екісінде пайдаланылады және қауіпсіздік тұрғысында өзін ақтаған. Бұл – Қазақстан жағынан қойылып отырған нақты талап. Мамандар қоршаған ортаға қатысты осындай тұжырым айтады.

Жалпы, хош иісті көмірсутегі шығарушы мемлекеттер қатарына қосылу оңай емес. Бұған кез келген елдің сатып алуына шамасы жетпейтін өте қымбат технология қажет. Қазір әлемде параксилол экспорттайтын ірі мемлекеттер қатарында АҚШ, Жапония, Корея, Ұлыбритания, Германия, Италия тәрізді алпауыттар бар. Енді Қазақстан да солардың санатына қосылмақ.

Қазір зауыт шығаратын бензин құрамында 5-7 пайыз шамасында бензол бар. Жоба жүзеге асқанда бензол мөлшері пайызға дейін кемімек. Жанармай әбден тазаланып, көліктен шығатын түтін де жойылмақ.  Ақырында, мамандардың айтуынша, жаңа қондырғылардан тарайтын залалды заттар көлемі кәсіпорын бойынша жалпы көрсеткіштің небәрі 3,4 пайызын ғана құрайды. Ал, зиянды қалдықтар 28 тоннаға кемиді.

Жобаны жүзеге асыру барысында қазақстандық мазмұнға аса көңіл бөлінбек. Мәселен, 58 млн. 155 мың АҚШ долларына отандық құрал-жабдықтар сатып алынады. Сонымен қатар, 111 млн. 865 мың АҚШ долларына жергілікті кәсіпорындардың қызметі көрсетіледі. Отандық мамандар да мол тартылуда. Осы орайда Теңіз кеніші мен «Болашақ» зауытында толымды тәжірибе жинақтаған атыраулықтарға басымдық берілуде.

Мұнайды тереңдете өңдеу жобасы – зауытты қайта жарақтандырудың соңғы сатысы. Соның нәтижесінде, әлемдік талаптарға жауап беретін алдыңғы қатарлы технологиямен жарақтандырылған су жаңа өндіріс ошағы пайда болмақшы. Шикі мұнайды өңдеу 84 пайызға жетеді. Еуро-4 және Еуро-5 стандартты жанармай шығарылады. Жоба қуаты жылына 2 млн. 400 мың шикізат өңдеуге есептелген. Ал, бұл кезде, яғни 2015 жылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы еліміздегі мұнай қорын 730 млн. тоннаға толтырып, жылдық «қара алтын» өндіруді 24 млн. тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Сөйтіп, әлемдегі мұнай-газ өндіретін 30 ірі компания қатарынан орын алмақ. Ал, Атырау мұнай өңдеу зауытын толық қайта жаңғырту нәтижесінде Қазақстан сырттан ашық түсті мұнай өнімдерін тасымалдауды тоқтатады және жоғары сапалы жанар маймен ішкі сұранысты толық қамтамасыз етеді.

 

Әлеуметтік әлеует

Зауытта еңбек адамдарын қолдау о баста-ақ қолға алынған. Мәселен, тамақтануға төлемақы, еңбек демалысына шыққанда емделуге өтемақы, үш жасқа дейінгі сәбиі бар аналарға жәрдемақы, т.б. егемендіктің бастапқы жылдарындағы қиындықтар кезінде де жойылған жоқ.

Жалпы, кәсіпорын құрылысы қолға алынған сәтте-ақ, оның жұмысшылары үшін тұрғын үйлер де бірге салына бастаған-ды. Өзіндік сәулет өнерімен ерекшеленетін қазіргі «Тұрғын үй қалашығы» ықшам ауданының іргетасы сол кезде қаланған болатын. Ол 1945 жылы пайдалануға берілгенде балабақша, сауда орындары, т.б. әлеуметтік нысандар да бірге тапсырылған. Қазіргі Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының алдындағы аумақ Жеңіс алаңы аталған. Ал, 1949 жылы «Мұнайшылар» стадионы ашылды.

Құрылыс қазір де тұрғызылуда. Зауыт басшылығының айтуынша, отбасында жайлы тұрмыстық жағдай туғызылмаса, онда қызметкерлерден толық қайтарыммен жұмыс талап ету де қате. Осы орайда соңғы бірер жылда ғана зауыттықтар үшін қала сыртында коттедж қалашығы пайда болды, 50 және 82 пәтерлік тұрғын үйлер салынды.

Елбасы өзінің тапсырмасында «Еңбек дауларының негізгі себептері ретінде  екі мәселені атап көрсетуге болады: бірінші – жұмысшылардың кәсіпорынды басқару мәселелерінен шеттетілуі, екінші – даулар мен жанжалдарды соттан тыс реттеу тетіктерінің әлсіздігі» деген-ді.

Ал, зауытта әр жылы ұжымдық шартқа қызметкерлердің мүддесін қорғайтын толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының ұсынысы бойынша 2004 жылдан бері «Жас маман» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Зауыт қаржысымен Астанадағы «Мирас» және Алматыдағы республикалық арнаулы физика-математика мектептерінде ондаған бала оқыды. Зейнеткерлерді қолдайтын арнайы бағдарлама бар. Орталық жылу жүйесіне қосылмаған үйлерде тұратын зейнеткерлерге қыстық отын жеткізіледі. Ал, 60 және одан кейінгі әр бес жылға толғандарға төменгі жалақының 3,5 еселенген мөлшерінде сыйақы беріледі. Олар мемлекеттік мерекелерде де ескерусіз қалмайды. Пәтерлерін жөндеуге жәрдем жасалады. Сонау 1991 жылы құрылған «Ардагер» клубы әлі бар. Қазір ол 500 шамалы зейнеткерді біріктіріп отыр. Зауыт Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен ауғандық жауынгерлерге де қолдау жасайды.

 

Міне, қазақ «қара алтынын» тұңғыш өңдеуші кәсіпорын болып саналатын Атырау мұнай өңдеу зауыты қазір осындай оң өзгерістерді бастан кешіп отыр. Бүгінде республикада үш мұнай өңдеу зауыты бар. Төртіншісін тұрғызу жөнінде әңгіме жүріп жатыр. Бірақ, таза отандық саналатын атыраулық зауыт толық қайта жаңғыртылған соң өзінің көшбасшылық рөлін сақтап қалмақ.  Оған мемлекеттік тұрғыдан үлкен маңыз беріліп отыр. Сайып келгенде, ол ел бойынша Атырауда тұңғыш рет салынбақшы газ-химия кешенін дамытуға да оң септігі тимек.

Елена ЕСЕНОВА,

«Атырау мұнай өңдеу зауыты»

ЖШС – інің баспасөз қызметінің жетекшісі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз