«АЛТЫН САПАҒА» ҚАТЫСЫҢЫЗ!

11Елбасының «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары атағын беру мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсы биыл да жалғасын табады. Ендеше, оған қатысып, қапы қалмау үшін нені білу керек? Өткен сәрсенбі күні облыстық әкімдікте Астанадан келген арнайы маман жергілікті кәсіпкерлерге арнайы семинар өткізіп, байқау шарттары туралы түсіндірді. 

«Astana Garant Consulting» ЖШС-нің сапа менеджмент жүйесі жөніндегі эксперт-аудиторы Жұманай Зұлхарнаева дәрісін әлемдегі осындай ұлттық байқаулар тарихынан бастады. Оның айтуынша, жетілдіру моделі негізіндегі конкурс алғаш рет 1951 жылы Жапонияда ұйымдастырылыпты. Содан соң 1987 жылы АҚШ-та Малколм Болдридж сыйлығы берілген. Кейін Еуропаның сапа жөніндегі сыйлықтары ұйымдастырылған. Ал, ТМД елдерінде қызмет пен тауар сапасы төңірегіндегі байқауы 2006 жылдан бастау алған. Біздің елде де «Алтын сапа» және республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі осы жылдан бастап өткізілді. Оның негізгі миссиясы – конкурстық негізде өнімнің немесе қызметтің сапа саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгені, сондай-ақ ұйымның сапаны басқарудың тиімділігі жоғары әдістерін енгізгені үшін Мемлекет басшысы сыйлығының жеңімпаздарын анықтау болып табылады. Барлық сындардан сүрінбей өтіп, ішкі, сыртқы нарықтағы тұтынушының көңілінен шыға білген ғана жеңімпаз атанады.
– Ең алдымен, байқауға қатысқалы отырған мекемеде міндетті түрде сапа менеджменті болуы тиіс. Екіншіден, үміткер компания үш жылдай қызмет етуі тиіс. Осы уақыт аралығында олар қалайша жұмыс істеп, қандай жетістікке жеткенін көрсетеді, – деген Жұманай Әуелбекқызы мұнайлы өлкеден былтыр «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесінде «Өнерпаз» ЖШС мен «Атыраубалық» мекемесі жеңімпаз атанғанын айтып өтті. Сарапшы маман биыл да аймақтың әлеуеті жоғары екендігіне сенім білдірді.
Тағы бір айта кетер жайт, ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын иеленуге қатысуға ниет білдірген кәсіпкер құжаттарын техникалық реттеу және метрология департаментіне, ал, «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесіне жолдағысы келетіндер жергілікті әкімдікке тапсыруы тиіс. Тек облыста үздік атанғандар ғана республикалық байқауға жолдама алады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз