«Алаш» жүйесіне тіркеліңіз!

 Атырауда «Алаш» мәліметтер базасына тіркелуді кәсіпкерлерге үйрететін тегін тренинг ұйымдастырылды. Алғашқы тыңдаушылар қатарында өңірге белгілі «Рауан-Налко», «КазТурбоРемонт», «ЖігерМұнайСервис», «Өнерпаз» сынды 15 компания өкілі болды.

  Ақпараттық жүйе мұнай-газ жобаларының операторлары, тауарды жеткізушілер мен қызмет көрсетушілер арасында байланыс орнату үшін құрылған. Бұл жергілікті компаниялардың тауарды сатып алуға қатысу үрдісі мен мұнай-газ операторларының қызметін айтарлықтай жеңілдетпек. «Алаш» жүйесі Қазақстанның ең ірі деген үш мұнай-газ операторын біріктіріп отыр. Олар – Қашағанда НКОК, Теңізде ТШО және Қарашығанақта ҚПО мұнай операторлары. Аталған жүйеге өңдеу жұмыстарын «Алгоритми КЗ» компаниясы жүргізді. – Біз «Алаш» мәліметтер базасын жеткізушіге де, операторға да ыңғайлы етіп жасадық. Қазақстандағы кез келген жеткізуші www.alash-kz.com сайтына тегін тіркеле алады. Сол кезде ол бірден әлеуетті жеткізушілердің тізіміне енеді. Өз кезегінде, біздің жүйені пайдалана отырып, тендер мен сатып алуды өткізуші кез келген кәсіпорынды таңдай алады, – дейді аталған компанияның маркетинг жөніндегі менеджері Бақытгүл Болатқали.

  Әсел ТҰЯҚБАЕВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз