Жарнама
Экономика

Агробизнеске жаңа дем керек

Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар – соңғы жылдардағы ең маңызды және стратегиялық қадамдардың бірі. Расында да, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, агросалаға бір триллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, нақты реформалардың қолға алынуы – ауыл кәсіпкерлері үшін үлкен мүмкіндік. Бұл – ел экономикасының тірегі саналатын ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған батыл шешім.

Дегенмен, кәсіпкер ретінде айтар ойым – мәселе тек қаржының көлемінде емес. Негізгі түйткіл – бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы мен нәтижеге бағытталуы. Қазір ауылға қаржы да, бағдарлама да жетіп жатыр. Бірақ сол ресурстарды тиімді пайдаланудың тетігі мен тәртібі жетілмеген. Әлі де бюрократия көп, шешім қабылдау деңгейі баяу.

Бізге нақты мақсат пен көрсеткішке негізделген, ұзақ мерзімді агросаясат керек. Мәселен, өнімді өндіруден бастап, оны өңдеп, нарыққа жеткізетін тұтас экожүйе қалыптасуы тиіс. Әр өңірдің өз ерекшелігі бар – соған сай логистикалық және өңдеу орталықтарын дамыту қажет. Мемлекет тарапынан айтылған агрохабтар мен логистика орталықтары осы тұрғыда үлкен рөл атқара алады.

Қазірдің өзінде елімізде үздік агрокәсіпорындар бар. Олар өндірістің барлық сатысын қамтып, өнімді толық өңдеу арқылы жоғары нәтижеге жетіп отыр. Осындай үлгілі тәжірибелерді аймақтар арасында кеңінен тарату керек. Бұл – тек министрліктің емес, бизнес қауымдастықтар мен кәсіпкерлердің де ортақ міндеті.

Тағы бір маңызды бағыт – цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу. Қазіргі ауыл шаруашылығы – тек трактор мен егін емес, бұл – деректер, талдау, автоматтандыру және инновация. Егер біз ауыл кәсіпкерлеріне осы технологияларды үйретіп, қолжетімді етпесек, халықаралық нарықтағы бәсекеге төтеп бере алмаймыз.

Шетелдік инвесторлармен серіктестікті арттыру – дұрыс шешім. Бірақ бұл серіктестік табысты болу үшін өз кәсіпкерлеріміз де жаңа заманның тілін – технология мен менеджментті меңгеруі қажет. Ауыл кәсіпкерлері инновацияны қабылдап, оны тиімді қолдануды үйренуі тиіс.

Мал шаруашылығына келсек, ішкі нарықты толық қамтамасыз ету – маңызды әрі қол жетімді мақсат. Біз өз жерімізде өскен өніммен халықты толық қамтамасыз ете аламыз. Ол үшін нақты қолдау механизмдері, заманауи бордақылау және өңдеу кешендері болуы шарт.

Импортқа тәуелділікті азайту – әрбір елдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе. Сондықтан бұл бағыттағы кез келген бастама қолдауға лайық. Бірақ ішкі нарықты қорғау үшін отандық кәсіпкерлердің мүддесі заңмен және нақты шаралармен қорғалуы керек. Қазір Еуразия экономика одағы аясындағы бәсекелестік кей жағдайда әділ болмай отыр. Әсіресе, сүт өндірушілер осының зардабын сезініп отыр.

Ал жер мәселесіне келсек – бұл ең қасиетті тақырып. Жер – ұлттың тірегі, елдің байлығы. Оны тек пайдаланушы емес, қадірін білетін, еңбекпен сүйетін азаматтарға беру – өте дұрыс шешім. Жер бос жатпау керек, ол жұмыс істеп, өнім беріп, халықтың игілігіне айналуы тиіс.

Мемлекет тарапынан басталған ауыл реформалары нақты нәтиже беру үшін кәсіпкерлердің дауысы мен тәжірибесі ескерілсе екен дейміз. Себебі ауылдағы жағдайды ең жақсы білетін – сол жерде еңбек етіп жүрген шаруалар мен кәсіпкерлер.

Егер біз білім мен технологияны ұштастырып, ашық әрі әділ қолдау жүйесін қалыптастыра алсақ, ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының ең тұрақты, ең табысты саласына айналары сөзсіз.

Бержан КЕНЖЕБАЕВ,

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі,

«Құрманғазы сервистік-дайындау орталығы» ЖШС директоры

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button