Экономикаға жаңаша көзқарас қажет

foto sabirovoj r.k 2 scaled COVID-19: Соңғы поштадан...

Аtr.kz/11 мамыр, 2020 жыл. «Әлем енді бұрынғыдай болмайды». Халықаралық сарапшылар да, көптеген мемлекеттің көшбасшылары да осындай пікірді айтып келеді. Уақыт өте келе бұл сөздер ақиқатқа айналғанына көзіміз жетіп отыр.

Иә, дүниежүзілік пандемия біраз мемлекеттің экономикалық дамуына әсер етті. Бұған дейін тәулік бойы жұмыс істеген кәсіпорындар қызметі тұралап қалды. Өнім өндіру көлемі айтарлықтай азайды. Жыл бойы туристер үздіксіз саяхаттап, қақпасы жабылмаған елдердегі бесжұлдызды қонақүйлер бос қалды. Соңғы сән үлгілерімен күніне мыңдаған брендті киім-кешек тігетін тігін фабрикалары жұмысын тоқтатты.

Нақтырақ айтсақ, күні бүгінге дейін әлемдік нарықта сұраныста болған салаларға қажеттілік азайды. Есесіне, бұрын елеп-ескерілмей келген секторлар қайта жандана бастады. Біраз мекемелер қашықтан жұмыс істеу процесіне көшті. Офлайн сауданың орнын онлайн қызмет түрі басты. Десек те, қазақстандық экономиканың негізгі қозғаушы күші адами капитал болса, қарапайым еңбек адамдарына сұраныс ешқашан төмендемейтіні белгілі.

Елдегі төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та осы мәселелерге айрықша назар аударды. Әсіресе, болашақта қазақстандық экономиканың құрылымына жаңаша көзқараспен қарауға тура келетінін атап айтқан Президент оның маңызды секторларының әрқайсысының рөлін анықтауды атап өтті.

Дәлірек айтсақ, шұғыл арада экономиканың жаңа құрылымын құруымыз керек. Әлемдегі дағдарыстан кейін ол бұрынғыдай болмайды. Қарапайым ғана мысал, бұрын біздің «қара алтынымызды» шикізат ретінде пайдаланып, одан түрлі өнім шығарып келген зауыт, кәсіпорындар бүгінде тоқтап тұр. Яғни, қажеттілік төмендегеннен кейін ар жағы айтпаса да түсінікті. Сондықтан өнім өндірумен қатар өңдеу саласын да назардан тыс қалдырмауымыз тиіс. Энергетикалық секторға байланысты реформалар қабылданып, «жасыл энергетикаға» қарай қадам басатын уақыт келді.

Мемлекет басшысы айтып өткендей, бізге индустриализациялық бағдарламаларды жүзеге асырудың жаңа тетіктерін анықтау қажет. Ішкі және сыртқы нарықтағы нақты мүмкіндіктерімізді белгілеп, қол жеткізе алатын мақсаттарды айқындап, алға басуымыз керек.  Демек, ендігі жерде біз өз-өзін қамти алатын қазақстандық экономиканы дамытуға баса көңіл бөлгеніміз жөн.

Қайткен күнде де, отандық өнірісті әлі де өркендете түсуіміз қажет. Соның ішінде, ауыл шаруашылығында еңбек нарығын реттеу тетіктерін анықтағанымыз жөн. Құрылыс саласын мейлінше жергілікті материалдарды қолдануды дағдыға айналдыру маңызды.

Хакім Абай айтпақшы, «Адамның қолынан келмейтін іс жоқ». Заман ағымына ілесіп, жаңаша экономиканы қалыптастыра білген елдің ұтылмайтыны белгілі. Сол себепті, бар күш-жігерімізді сын шақтан сүрінбей өтіп, жаңа кезеңге нық аяқ басуымызға жұмыстанғанымыз абзал.

Рысты САБИРОВА,

экономика ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз