
Экономика өндіріс арқылы дамиды
Кәсіпкер ретінде мен үшін ең маңыздысы – тұрақты ережелер, үрейсіз жұмыс істеуге мүмкіндік беретін ашық бизнес-орта. Президенттің биылғы Жолдауында айтылған міндеттер осы қажеттілікті дәл басып айтты. Жолдаудан кейін бизнестің дауысы естілгенін, кәсіпкерлікті қолдау сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асуы керектігін тағы бір рет сезіндік.
Бүгінде шағын және орта бизнес ел экономикасының қозғаушы күші болып отыр. Дегенмен, біз әлі де сауда мен қызмет көрсету саласына көбірек тәуелдіміз. Өкінішке қарай, өндіріс пен өңдеу ісіне бет бұратын кәсіпкерлердің саны аз. Ал шын мәнінде, экономиканы алға жылжытатын нәрсе — нақты өнім шығару, экспортқа жұмыс істеу және жаңа жұмыс орындарын ашу. Осы бағытқа Президенттің ерекше мән беруі бізді қуантады.
Заңнаманың жеңілдетілуі – кәсіпкерге жасалған үлкен қолдау. Көп жағдайда бизнес жүргізуде ең үлкен кедергі — нарық емес, қағазбастылық. Қарама-қайшы құжаттар, түсініксіз рәсімдер уақыт пен қаражатты босқа шығындайды. Сондықтан мемлекеттік реттеу тәсілдерін қайта қарау, артық талаптарды алып тастау — нақты әрі уақтылы шешім. Заңдарды жасанды интеллект арқылы жүйелеу туралы бастама мемлекеттік басқарудағы үлкен серпіліс деп санаймын.
Мемлекет пен кәсіпкердің мақсаты ортақ: халықтың әл-ауқатын арттыру. Біз салық төлейміз, адамдарды жұмыспен қамтимыз, өңірдің дамуына үлес қосамыз. Сол себепті мемлекеттік органдар бізді бақылаушы ретінде емес, серіктес ретінде қабылдауы керек. Әкімдер мен министрлердің кәсіпкерлермен ашық форматта кездесіп, мәселені бірге шешуге дайын болуы сенім қалыптастырады.
Президент айтқандай, бизнес үшін әділдік пен тұрақтылық — ең басты шарт. Осы бағыттағы тапсырмалар толық орындалса, Қазақстанда кәсіпкерлік мәдениеті жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Біз, кәсіпкерлер, елдің дамуына үлес қосуға дайынбыз. Ең маңыздысы — билік пен бизнес бір мақсат үшін, Қазақстанның дамуы үшін бірге жұмыс істей алуы.
Әсел МАДАМИНОВА,
кәсіпкер.
Махамбет ауданы
Сурет ашық дереккөзден алынды


