ВАКЦИНАЦИЯ: Қазақстандықтарды мазалаған 10 сұрақ

2021 02 01 e45c5851 db4d 454f 918c d4532ad5b803 COVID-19: Соңғы поштадан...

Ресейлік және отандық вакцинаның айырмашылығы неде?

«QazCovid-in» екпесі инактивті вакцинаға жатады. Оның құрамындағы компоненттерді ондаған жыл бойы ғылыми тұрғыда пайдаланып келеді. Басқа вакциналарды әзірлеу үшін де қолданған. Сол себепті халықтың басым көпшілігі отандық вакцинадағы компоненттерді өзге екпелер арқылы бұған дейін де қабылдады. QazCovid-in препаратына қосылған жалғыз ғана жаңа компонент бар. Ол  – белсенді емес вирус.

Ал ресейлік «Спутник V» екпесі «векторлық вакцинаға» жатады. Ондайда басқа бір вирустың негізінде аденовирустар жасалады да, оның инфекция тудыратын генетикалық материалын алып тастайды. Сосын оған  COVID-19 тікенегінен шыққан ақуызды қоды бар материал салынады. Оны адам ағзасына енгізгенде иммундық жүйеде антиденелер бөліне бастайды. Осылайша, вакцина инфекциядан қорғайды.

Вакциналарды қай мекеменің ғалымдары жасап шығарды?

Қазақстандық «QazCovid-in» вакцинасы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылым-зерттеу институтында жасалды. Ол білім және ғылым министрлігінің ғылым комитетіне қарайды. Ал ресейлік «Спутник V» Ресейдің Николай Гамалея атындағы эпидемиология мен микробиология ұлттық зерттеу орталығында шығарылды.    

Вакцина қалай егіледі?

QazCovid-in де, Спутник V де екі рет салынады. Алдымен бірінші компонентін, ал үш аптадан кейін екінші компонентін егеді. Онсыз екпенің тиімділігі болмайды. Алайда әрбір вакцинаны сақтау мен тасымалдау ережелері бар. Оны бұзған жағдайда препараттың тиімділігі төмендейді. Атап айтқанда, екпені салар алдында вакцинаның флаконын тоңазытқыштан шығарып, толығымен жібітіп алу қажет. Одан кейін 0,5 миллилитрін алып, адамға салады. Бөлме температурасында 2 сағаттан артық ұстауға болмайды. Флаконның көлемі – 3 мл. Біреуі бес адамға жетеді.

QazCovid-in мен Спутник V-дің тиімділігі қандай?

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, ресейлік «Спутник V» вакцинасының тиімділігі 92 процентті құрайды. Ал QazCovid-in 96 процентке тиімді.

Шенеуніктер арасында «Спутник V» вакцинасын кім салдырды?

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов бірінші болып «Спутник V» вакцинасын салғызды. Онымен бірге денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният та ресейлік екпені қабылдаған.

Бұдан бөлек, бірнеше мәжіліс депутаты да солай істеді. Олардың ішінде Зарина Қамасова, Ғалымжан Елеуов және Лариса Павловец бар. Дариға Назарбаева да «Спутник V»-ді салдырамын дейді.

QazCovid-in кімге егілді?

Бұған дейін қазақстандық вакцина мыңдаған еріктіге салынды. Жағымсыз әсер байқалған жоқ. Шенеуніктер арасында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «QazCovid-in»-ді бірінші болып салдырды. Одан кейін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, мемлекет басшысының көмекшісі Ерлан Карин де отандық екпені егуге шешім қабылдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы вакцинаны аламын деп отыр. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да коронавирусқа қарсы отандық екпені егуге мүдделі.

«Спутник V»-дің Қазақстанда өндірілген нұсқасы қашан шығады?

Қазіргі кезде қазақстандық емханаларда Ресейдің өзінде жасалған вакцина егіліп жатыр. Ал 15 ақпанда Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндірілген «Спутник V» препараты республика бойынша таратылады.

QazCovid-in неге кешігіп жатыр?

Отандық вакцина клиникалық зерттеудің екі кезеңінен өтті. Ал өткен жылы 25 желтоқсанда үшінші кезең басталған болатын. Соның аясында 3 мың еріктіге отандық вакцина салынды. Зерттеу шаралары наурызда аяқталады. Ал сәуір айында «QazCovid-in»-мен ерікті түрде жаппай вакциналау басталады деп жоспарланып отыр.

Вакциналауға бюджеттен қанша ақша бөлінеді?

Қазақстанда 10 миллион адамды вакциналауға, шамамен, 50 миллиард теңге жұмсалады. Соның ішінде ресейлік вакцинаның 2 миллион дозасы бар. Оны сатып алуға 16,8 миллиард теңге жұмсалады. Осы вакцинаның бір бөлігі көрші елден сатып алынса, қалғаны өзімізде өндіріледі. Коронавирусқа қарсы вакцина тегін салынады.

Вакцина пандемиядан шығуға көмектесе ме?

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың айтуынша, халықтың вирусқа қарсы иммунитетін 50 процентке дейін жеткізсек, онда бұрынғы өмірімізге қайта оралуға мүмкіндік бар. Шектеу шаралары да, карантин де, локдаун да болмайды. Ал денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың 70-80 проценті екпе алуы керек деп ойлайды. Қазіргі есепке сәйкес, ұжымдық иммунитетті 50-60 процентке жеткізу үшін 10 миллион адамға екпе салу керек.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз