Атыраудағы емхана директоры вакцинаның әсері жайында айтып берді

img 20210201 wa0186 COVID-19: Соңғы поштадан...

Атырау облысында вакцинациялауды алғашқы кезекте жүргізетін медициналық нысандар қатарында №1 қалалық емхана да бар. Қауіпті дерттің жолын кесіп, таралмауын тоқтататын бірден-бір жол ретінде таңдалған шараны жүргізу мәселесі мекемеде қалай жоспарланып отыр? Алдымен кімдерге екпе салынбақ, қанша доза бөлінген?

Осы және өзге де маңызды сұрақтардың жауабын емхана директоры Әсия Нарымбаевадан сұрап, әңгімелескен едік.

  • – Медицина саласына қатысты құзырлы органдардың айтуынша, вакцинация – ең тиімді шаралардың бірі. Қазір әлем бойынша ұстаным осындай. Яғни, неғұрлым көп адам екпе алса, соғұрлым дертті тоқтатуға мүмкіндік мол, – деген Әсия Төлегенқызы ең алдымен дайындық жұмыстары туралы айтып өтті.

Бекітілген талаптар бойынша, емханада дайындық жұмыстары жүргізілген. Дәрігерлер онлайн курстардан өтіп, арнайы дәріс алыпты. Қазір екпені сақтайтын тоңазытқыштар, арнайы егу бөлмелері дайындалған. Екпеге дейінгі яғни, қабылдау, тіркеу, егу, егуден кейінгі 30 минут бақылауда ұстау жұмыстары жасақталған алгоритмге сай жүргізіледі. Сосын екпе салынған адамды дәрігерлер үш күн бойы бақылайды. Емхана вакцинация жүргізуге толықтай дайын. Мекемеде 1 дәрігер, 1 мейірбике, 1 тіркеушіден тұратын арнайы 2 бригада құрылыпты. Егу бөлмесінде бір кезекте 60 адамға екпе салуға мүмкіндік қ а р а с т ы р ы л ғ а н . Қ а з і р 2 б ө л м е жасақталған.

Айта кету керек, емханада арнайы фильтр жасақталып, жүкті әйелдер, балалар, басқа да түрлі санаттағы пациенттерді дербес тіркеу, ем тағайындап, сынама тапсыруға мүмкіндіктер қарастырылған.

  • – Ауру белгілері болуы мүмкін, қауіпті сырқаттың симптомдары байқалған науқастарды үйден бақылап, қарау жұмыстарын жүргізетін арнайы мобильдік топ қызмет етіп жатыр. 11 топ құрылып, учаскелік дәрігерлер жасақталған кезекшілік бойынша науқастарды бақылайды. Үйінен сынама алынып, кейін де мамандардың бақылауында болады. Бұл жұмыстарды біз ешқашан тоқтатпаймыз, – дейді Ә.Нарымбаева.

Көп салалы әлеуметтік-медициналық мекеме күніне 900-ге жуық қабылдау жасап, 55327 тұрғынға медициналық көмек көрсетеді. Авангард шағынауданындағы филиал да алғашқы кезекте көмек көрс ететін мамандармен толық қамтылған. Жаппай екпе шаралары арқылы шектеулерді азайтып, қатаң талаптарды жеңілдетуге мүмкіндік мол. Осыған байланысты, емхана директоры халықты барлық деректер мен ақпаратты сенімді көздерден және құзыретті мамандардан алуға шақырды.

  • – Емханаға келушілерге тарату мақсатында арнайы жаднама жасақталды. Қажетті мәліметтерді қамтыған қысқа бейнероликтер де дәліздегі экрандар арқылы келушілер назарына ұсынылып отыр. Ал, екпе алған адамдарға құлаққағыс, вакцина алған соң ағза реакция беруі мүмкін. Бұл – қалыпты медициналық құбылыс. Сол үшін біз пациентке арнайы бейджик дайындадық. Онда екпенің қашан салынғаны, келесісінің мерзімі туралы толық мәлімет жазылады. Егер екпеден соң өзгеше белгілер байқалса, телефон арқылы дәрігерді үйге шақырта алады, – дейді емхана директоры.

Алғашқы кезекте екпені медициналық қызметкерлерге салу туралы талапқа сәйкес, емханада 21 қызметкердің тізімі жасақталған. Облысқа келген екпені емханаға бөліну санына байланысты, қызметкерлерді өз келісіміне сай ерікті, еш мәжбүрлеусіз салу жұмыстары жоспарланыпты.

Айта кетейік, вакцина арнайы температурада сақталуы керек. Ашылғаннан кейін де ұзақ ұстауға болмайды. Нақты бекітілген мерзімі және қарсы көрсетілімдер де бар. Екпе жұмысы осы талаптарды қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Әуелі жұқпалы аурулар ауруханасы, жедел дәрігерлік көмек, жан сақтау, қабылдау бөлмелерінің қызметкерлері, санэпидқадағалау мамандарына екпе салынады. Ескеретін жайт – екпе 18 жастан асқан адамдарға ғана салынады, балаларға екпе жасалмайды.

  • – Коронавирусқа қарсы екпе алдын алу мақсатында жүргізіледі. Өзіңізді және айналаңыздағыларды қорғау үшін саулығы жақсы, дәрігерлік қарсы көрсетілімдер жоқ кезде ғана салынады. Егер қандай да бір сырқат белгісі болса, екпе салынбайды, – деді Әсия Төлегенқызы.

Егер сіз коронавирусқа қарсы екпе жасасаңыз, өзіңізді оқшаулаудың қажеті жоқ. Күнделікті өмір салтын ұстана бересіз. Бірақ, жалпы сақтық шараларын естен шығармау қажет.

«Өлім-жітім мен инфекцияның таралуын азайта алатын вакцина арқылы еркіндікке қол жеткіземіз». Бұл – Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының ұстанымы. Әлемде клиникалық сынақтан өтіп жатқан 64 вакцинаның 8-і қолданысқа енген. Қазір екпені дүние жүзі бойынша 42 мемлекет қолданып отыр. 1 ақпаннан бастап, Қазақстан да осы санатқа енді.

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз