Атырау мен Маңғыстау арасына санитарлық пост қойылады

ab6e40c2 5e3b 4a1c 964a 0e6ca16551cc COVID-19: Соңғы поштадан...

25 желтоқсаннан бастап Маңғыстау облысында карантин талаптары күшейтіледі.

Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті.

«Қазақпарат» хабарлағандай, өңірде коронавируспен сырқаттанушылар санының көптеп тіркелуіне байланысты облыстық жедел штаб жаңа қаулы әзірлеп жатыр. Оған сәйкес, Маңғыстау және Атырау облыстарының арасында санитарлық пост қойылады. Нақтырақ айтқанда, көрші облыспен шектесетін Бейнеу ауданы Боранқұл елді мекенінде өңірге өткізіп-шығару шаралары күшейтіледі. Бұған Атырау облысының коронавирус көрсеткіштері бойынша «қызыл аймаққа» кіруі себеп болып отыр. 

«Маңғыстау және Атырау облыстары арасындағы әдеттегі емін-еркін қатынас тоқтатылады. Осы бағытта қозғалу азық-түлік, дәрі-дәрмек секілді маңызды тауарлар тасу үшін немесе жұмыс бабымен жүрген азаматтарға ғана рұқсат етіледі. Атырау облысының аумағында вахталық тәсілмен жұмыс істейтін өңір тұрғындары екі облыстың аумағынан еркін өте алады. Олардан ПТР-тестінің нәтижесі сұралмайды. Алайда, Атырау облысының аумағына өтуге рұқсат етілген азаматтар Маңғыстау облысына кері қайтар кезде санитарлық бекетте анкета толтыруға міндетті. Себебі, олар әрі қарай медициналық бақылауда болады», – деді ол. 

Жаңа қаулыға сәйкес, азық-түлік және азық-түлік емес, ашық, жабық базарлар қызметі 18:00-ге дейін қысқарады. Сауда, ойын-сауық орталықтары, гипермаркеттер, супермаркеттер жұмысы 22:00-ге дейін жалғасады. Кинотеатр қызметіне 20:00-ге дейін ғана рұқсат. Сондай-ақ, корпоративтік шаралар, той, балаларға арналған ертеңгіліктер мен тағы басқа бұқаралық жиындарға, отбасылық басқосуларға қатаң тыйым салынады. 

Карантин талаптарының орындалуы ұдайы мониторингілік топтардың бақылауында болады. Бұған дейін қонақ үй, хостел сияқты туризм саласындағы нысандар 70% толықтырумен жұмыс істесе, енді аталған мекемелер 50% сыйымдылығымен қызмет көрсетуге міндетті. 

Өндіріс орындарынан басқа, кеңсе басшылары қарамағындағы қызметкерлерінің 70% қашықтан жұмыс істеуге көшіруі тиіс. Айта кетейік, соңғы 1 аптада өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 10-нан 17-ге дейін өсті.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз