Медициналық қызметтер қолжетімді болады

00 COVID-19: Соңғы поштадан...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды одан әрі тұрақтандыру үшін карантиндік шектеу шаралары тағы екі аптаға, яғни, 20 шілдеден бастап 2 тамызға дейін ұзарту шешімі қабылданды.

Еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылған бұл шешімге сәйкес, осы кезеңдерде азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытында атқарылуы қажет жұмыстар үшін нақты тапсырмалар да алға қойылды. 

Қатаң карантин шаралары ескеріліп, осы уақытта жұмысы шектелген  жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі қамтығандарға табысынан айырылуы бойынша әлеуметтік жәрдемақы  – ең төменгі жалақы мөлшеріндегі 42  500 теңге бір айға төленеді.

Аталған төлем азаматтардың өтінімі негізінде жүзеге асырылатыны  белгілі болды. Осы секілді «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» жанынан да азаматтарды қолдаулар жұмыстары жүргізіледі.

Мәселен, шағын және орта бизнестің қызметкерлері 1 қазанға дейін медициналық сақтандыру жарналары мен аударымдарынан босатылады.  Жеңілдікті кезеңді ұзарту бұл қазіргі уақытта шағын және орта кәсіпорындарды қолдау шарасы болып табылады. Яғни, бұл кәсіпорындар қызметкерлерінің еңбекақысынан салық пен аударымдарды ұстамайды, бұл ретте олар медициналық сақтандыру пакетіне толық қол жеткізе алады. 

Бұдан басқа, осы жылдың наурыз айынан бастап эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқан денсаулық сақтау қызметкерлеріне төленетін үстемеақылардан да медициналық сақтандыру үшін жарналар ұсталынбайды. Мұның барлығы азаматтардың денсаулығын қорғап, оларға қолжетімді  медициналық қызмет ұсыну мақсатында жүзеге асып жатқан шаралар болып табылады.

Алмас КӘРІМЖАНОВ,

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ

 Атырау облысы бойынша филиалының

халықты ақпараттандыру  және өтініштерді қарау бөлімінің басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз