ЖАЛҒАН КӘСІПКЕРЛЕР АНЫҚТАЛДЫ

Жалған кәсіпкерлік қызмет ақша қаражатының заңсыз айналымына жол беріп, ел экономикасына елеулі нұқсан келтіреді. Көлеңкелі бизнестің дамуын тұсаулау мақсатында жалған кәсіпкерлердің (бұрын сотталған, ауыр науқас, маскүнем, нашақор, т.б.) атына тіркелген кәсіпорындарды анықтау үшін құзырлы орындар тарапынан мәліметтер базасын жасақтау қолға алынды.

 

Қызметкерлерінің материалдық- техникалық базалары дайындалмаған, ірі жұмыс айналымы бола тұра салықтық міндеттемелерді орындамайтын, «қолма-қол» операцияларды жүзеге асыруда көзсіз тәуекелге баратын заңды тұлғаларға қатысты арнайы критерийлер қарастырылған.

ҚР Қылмыстық кодексінің 215 – бабында бизнеспен шұғылдану мақсатынан тыс жеке кәсіпкерлік субъектісін құрған тұлғаларды «жалған кәсіпкерлік» үшін жауапкершілікке тарту көзделген. Аталған бап бойынша қылмыс жасағандарға 2000 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе түзету жұмысына тарту, екі жыл мерзімге дейін бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Атырау облысы бойынша мұндай қылмыстар саны 10 есеге артып отыр. Айталық, өткен жылы жалған кәсіпкерлікке қатысты үш қылмыс орын алса,  биыл бұл көрсеткіштің саны отызға өскен.

«Тек қылмыстық-құқықтық шараны қолдану арқылы жағдайды түбегейлі өзгерту мүмкін емес. Осыған орай, бұл бағыттағы қылмыстың алдын алу үшін екінші деңгейдегі банктерден ақша қаражатын қолға беру мөлшеріне шектеу қойылуы қажет. Осындай жолдармен жалған кәсіпкерліктің жолын кесеміз», дейді Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «көлеңкелі» экономиканың алдын алу басқармасының  басшысы Асхат Қасымов.

Бүгінде  кез келген тауар мен қызмет үшін қолма-қол қаржысыз-ақ есептесу мүмкіншілігі зор. Осындай жүйені қолданысқа енгізу бюджет қаражатын тонау мен пара беруді тыйып, салықтық қылмыстардың азаюына айтарлықтай септігін тигізеді. Сонымен қатар, отандық банктік жүйенің дамуына оң ықпал етеді.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз