ТУРА БИДЕ ТУҒАН ЖОҚ

Атырау облысының мамандандырылған экономикалық сотының судьясы Сағат Хасанның баспа бетін жаңа көрген «Ақталған үміт» кітабын оқи отырып, оның қаламгерлік қырына еріксіз тәнті болдық.
1986 жылы Гурьев облысының сақтандыру басқармасына заң консультанты болып келген Сағат Қаламғалиұлы кейін аға заң консультанты, заң және кадр қызметінің бас маманы, бас директордың кадр жөніндегі көмекшісі қызметін атқарып, 1994 жылы облыстық әділет басқармасына ауысқан. Осы мекемеде әділет басқармасы бастығының орынбасары лауазымына дейін көтеріліп, 2002 жылы Мақат аудандық сотының судьясы болып тағайындалды. 2008 жылдан бастап - облыстық мамандандырылған экономикалық сотының судьясы.

 

ӨМІР ТӘЖІРИБЕСІ  –  ЕҢ МЫҚТЫ МЕКТЕП

– Кейінгі жылдары жастар арасында ә дегеннен басшылық қызметтің тізгінін ұстауға құмарлық басым сияқты. Сіз жүйе жұмысын төменнен бастап меңгерген, біртіндеп көтерілген маманның бірісіз. Сот үшін барлық сатылардан өту қаншалықты маңызды?
– 2010 жылы Америка Құрама штаттарында іссапарда болдым. Сонда таңғалғаным, жастар түгіл мен қатарлы судьяларды көре алмадым. Сұрастырсам былай екен: Ол елдің Конституциясы бойынша да, заң жүзінде де соттардың жасына шектеу қойылмайды. Бірақ, ол үшін он жыл адвокат, он жыл заңгер болу керек дегендей белгілі бір шарттар қойылады. Тәжірибесі жеткіліксіз адамның парламент арқылы өтуі де қиынға соқпақ.
Мен тура солай жасайық дегелі отырғам жоқ, бізде жұмыс жасап жүрген жас жігіттер аз емес, бірақ, бес саусақ бірдей емес қой. Жақында судьялардың жас деңгейін көтеру мәселесі кезекті съезде де қаралды. Оқыған-тоқыған өз алдына, өмір мектебі деген бар. Біздің өмірден көрген-білгеніміз, бастан өткергеніміз қазіргі күні үлкен көмегін тигізіп отыр десем, қателеспеспін. Содан кейін алдыңғы қатарлы, озық елдердің уақыт сынынан өткен, өзін ақтайтын тәжірибелері болса – неге өзімізге алып, қолданбасқа?!

АҚША ЖҮРГЕН ЖЕРДЕ АЛАЯҚТАР ДА ЖҮРЕДІ

– Атырау облысының мамандандырылған экономикалық сотында негізінен қандай істер қаралады?
– Бізде заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ, шетелдік инвесторлар мен компаниялар арасындағы даулар қаралады. Салық органдарымен, сонымен бірге, экологиямен байланысты бірнеше миллиондаған соманы құрайтын күрделі дауларды қарап, шешім шығару үшін бізде білікті, тәжірибелі судьялар шоғырланған десем артық болмас. Өз тәжірибеме келсем, шаруа қожалықтарына байланысты жиырмадан астам талап-арыздарды қарадым. Мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі саясаты өз алдына, кейде қаражат бөліне тұра, соған жауапты қызметкерлердің өз жұмысына жүрдім-бардым қарауының салдарынан шаруа қожалықтарының субсидия ала алмаған жағдайы кездеседі.
Жақында сондай бір істі қарадым. 2011 жылы берілуі тиіс қаражат жыл соңында игерілмеген деп кері қайтарылған. Осы іс бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жауапкер ретінде кінәсін мойындап, сот шаруа қожалықтарының арыз-шағымын қанағаттандыру жөнінде шешім қабылданды.
Ал, экономикалық сауаттылық жағынан білгеніміз арта түскені рас. Егер қылмыстық істі қарағанда көп жағдайда ҚР Қылмыстық Кодексін қарау жеткілікті болса, мамандандырылған экономикалық сотындағы даулар қандай да бір шешім шығару үшін Азаматтық кодекстен басқа салық, экология, жер, кеден, қаржы, сақтандыру, банк саласы бойынша және басқа заңнамаларды егжей-тегжейлі білуді талап етеді. Өз басым осында қызмет атқарған 2008 жылдан бері маман ретінде көп нәрсе біліп, көп тәжірибе жинадым деп айта аламын.
– Жалған кәсіпкерлік бойынша қаралатын істер жөнінде не айтасыз?
– Мұндай істер 2011 жылы жиі қаралған, былтыр біршама азайды, биыл жоқтың қасы. Қандай да бір қызмет түрін жүзеге асырған кәсіпкер, сол үшін салық төлеуі тиіс. Ал, жалған кәсіпкерлік нысаны салықтан жалтарудың және айналыстағы ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырудың бір түрі екені анық. Сот өндірісінде қаралған бір істе алаяқтар біреудің жеке бас куәлігін сұрап алып, соның атынан мекеме құрып, әділет департаментінде тіркеткен. Сөйтіп, қолма-қол қомақты ақшаға ие болған. Бұл мекемені жабу жөніндегі талап прокурордың талап арызы бойынша қаралып, жеңіл жолмен табыс табуды көздегендер қалалық соттың үкімімен жауапқа тартылды.
– Соңғы күндері еліміздегі қаржы полициясының жеке және заңды тұлғалардың есепшоттарынан алынатын ақша көлемін шектеу жөніндегі ұсынысы қызу талқылануда. Сіздіңше, мұндай заңның қабылдануы сыбайлас жемқорлықтың өрісіне тосқауыл болуы мүмкін бе?
– Үлкен сомадағы қаражатты қолма қол алу деректері бастапқы кезде кездесетін, қазір жоққа тән деуге болады. Мемлекеттік сатып алу жөніндегі заң бойынша жасалатын жұмыстың ақшасын түгелдей аударып жіберуге тыйым салынып, тосқауыл қойылған. Егер алдағы уақытта есепшоттан алынатын қаражат көлемін шектеп жатса, оның мемлекетке, үкіметке пайдасы тимесе зияны болмайды деген ойдамын.

ҚАРЫЗ АЛУҒА ДА САУАТТЫЛЫҚ КЕРЕК

– Жақында облыстық сот актілерін орындау департаментінде өткен «дөңгелек үстел» кезінде банк өкілдері тарапынан соттардың борышкерлердің бережағын өндіру кезінде істі көбінесе жауапкердің пайдасына шешетіні айтылды. Жалпы, банк несиесін қайтармау жөніндегі істердің көбеюіне не себеп? Бұл арада біз нені ескермей жүрміз?
– Егер кепілдікке салынған пәтер несие алушының жалғыз пәтері болса, оны ескеріп, заң аясында шешім қабылдаймыз. Мәселенің екінші жағы – «көрпеңе қарап көсіл» дегендей, несиені жағдайыңа қарап алуда жатыр. Өмірде алған қарызыңды қайтарудан қашпасаң да, оны төлей алмайтындай түрлі жағдайлар кездесуі ықтимал. Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға қатысты жиі кездесетін кемшілік – банктің келісім-шартына қол қоймас бұрын оның талаптарын мән беріп оқымайды. Клиент тарапынан банкке «мына пунктті былай деп өзгертейік» деп ұсыныс жасайтындар кемде кем. Банктердің де соған мүдделі екенін неге естен шығарамыз, меніңше, клиент өзінің пайдасына қандай да бір ұсыныс-пікір білдіріп жатса, банк оны қарастырудан бас тартпас еді.
– Соттардың жүктемесі жоғары дегенмен келісесіз бе? Оны азайтуға медиаторлардың қаншалықты үлесі бар?
– Нақты мысалмен келтірсек, биылғы жыл басынан бері 747 іс қарадым, қазір қолымда 198 іс қалып отыр. Оның барлығын алдағы екі ай ішінде қарап үлгеруім керек. Басқа судьяларда осындай 289, 241 істен бар. Оларды қарау мерзімі шектеулі – екі айға белгіленген.
Жақында өткен соттардың VІ съезінде осы мәселе көтеріліп, Жоғары сот төрағасы судьялардың санын көбейту жөнінде ұсыныс жасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келесі жылдан бастап судьялардың штатын өсіру жөніндегі шешіміне ризашылық білдіріп, өзімнің және әріптестерімнің атынан ризашылығымды білдіргім келеді.
Көпшілігі судьялардың жағдайы жақсы, жұмысы жеңіл деп ойлайды. Мен олардың көтеріп отырған жауапкершілігінің де жүгі ауыр деп айтар едім. Әрбір қаралатын істің артында жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның тағдыры, мүддесі тұрғанын естен шығармауға тиіспіз. Яғни, «тура биде туған жоқ» деген ұстаным басты орында тұруы қажет.
Жаңа АҚШ-та болғанымды айттым. Сонда білгенім, оларда істі қарау мерзіміне шектеу қойылмайды екен. Қылмыстық істер бір, азаматтық істер 1,5-2 жылға дейін қарала береді. Бізде сараптама тағайындалған істер ғана ұзаққа созылуы мүмкін. Онда да ғылыми біліктілігі бар маманның қажеттілігі туындайтын істер ілуде бір кездеседі. Сараптама тағайындалған жағдайда істі қарау мерзімі тоқтатылып, сараптама қорытындысы келісімен қайта жалғасады.
Басқа соттарға қарағанда, мамандандырылған экономикалық сотында медиаторлар арқылы қаралатын істер көбірек. Мәселен, сату-сатып алу келісім-шарты жасалды делік. Белгіленген мерзімі келгенде бір жақ екінші жаққа бережағын қайтара алмайды. Шартқа отырғанын мойындайды, бірақ, беретін қаражаты жоқ. Белгілі бір мерзімге дейін ұзартуды сұрайды. Осындай кезде олар бітімгершілік келісімге келіп, қарызды беру уақытын өзара келісу арқылы шеше алады.
– Бұған дейін Атырауда жарылғыш заттар бойынша сараптама жоғын проблема ретінде көтерген едік. Экономикалық сотта қаралатын істер бойынша сараптамалар бізде жеткілікті ме?
– Сараптама жасау үшін әрбір облыста мемлекеттік сараптама институты жұмыс жасайды. Қажет деп тапқан жағдайда институт баламалы органдардан да мамандар шақыртады, демек, бұл жерде сараптама жасайтын тек мемлекеттік қызметкер емес. Алайда, осыдан бірнеше ай бұрын ғана қаралған бір іс бойынша Атырауда экологиялық сараптама жасайтын маманның жоғы анықталып, сол себепті мен материалдарды Ақтөбеге жіберуге мәжбүр болдым. Ондай сараптама түрі бойынша бізде лицензия енді алынады.

КІТАП ЖАЗУ – ӨНЕГЕ ҚАЛДЫРУ ДЕГЕН СӨЗ

– Асыра мақтады демеңіз, сіздің «Ақталған үміт» кітабыңыз шебер, жатық жазылған дүние екендігін көрдім. Ата-бабаларыңыздан бастап, бүтін бір ұрпақтың кешегісі мен бүгінгісін жазу туралы өзіңіз ойладыңыз ба, әлде сізге қолқа салғандар болды ма?
– Өзімнің көптен бері ойымда жүрген іс еді, соны жүзеге асырып, 150 данамен кітап шығарып, ауылдастарымызға тегін таратып бердік. Біздің әулетіміздің өзіндік тарихы, үлгі алатын ерекшеліктері бар. Арғы атамыз Рсалы бір отбасының баласын екіншісіне беріп отырған екен. Ондағы ойы біріншіден, ағайын-туыстың арасы ажырамасын дегендік болса, екіншіден, баласы жоқтарға қамқорлық, ұрпақтың ізін жоғалтпау мақсатындағы ісі еді.
Одан тараған ұрпақтар да бір үйдің баласындай, адамгершілік пен бауырмалдылықты бойларына сіңіріп, тату-тәтті өсіп-өнді. Менің әкем Қаламғали Хасанов қырық жыл бойына бір ғана шаруашылық ұжымында мал дәрігері қызметін атқарған. Соғыс кезінде тылда, Гурьев-Астрахан темір жолын салуға қатысыпты. Анам Жаңылсын зейнеткерлікке шығып, бертін келе дүние салды. Қатардағы қарапайым еңбеккерлер болса да, ол кісілер отбасындағы он бір баланы қатардан кем қылмай, оқытып-тоқытып, жоғары білім әперді. Шүкір, бүгінде әрқайсысы өз алдына отбасын құрып, бір-бір мамандықтың иесі атанып отыр. Үш бауырым мұнай саласында жүрсе, тағы бірі – архитектор, бірі – жеке нотариус, тағы бірі – банк қызметкері. Бір қарындасым Нұргүлдің мамандығы журналист, жұбайы да – белгілі қалам иесі Рахат Қосбармақов, олар Ақтауда тұрады.
Осындай іргелі, өнегелі шаңырақ жайлы көзбен көрген, көңілге түйгендерімді қағаз бетіне түсіргім келді. Әйтпесе, «осыны жазшы» деп біреудің өтінішімен қолға алғаным жоқ.
– Кітабыңыздың бірнеше тұсы бүгінгі бала тәрбиесіне арналыпты. Жалпы, баланы қалай тәрбиелеген дұрыс? Өрімдей бес қызды тәрбиелеп отырған әке ретінде не айтасыз?
– Алдымен, қанмен келетін тектіліктің барын жоққа шығара алмаймыз. Ол – кез-келген кісінің бойында туа бітті қалыптасатын қасиет. Дегенмен, қадағалап отырмасаң баланың бетімен кетуі оңай. Сондықтан, қанша жұмысбасты болсақ та, бала тәрбиесін көзден таса қалдырмауға тырысамыз. Осы орайда, кітап оқудың жөні бір бөлек екенін айтқым келеді. Тіпті, бір кездері жабылған кітапханалардың қайта ашылып жатқаны бекер емес.
Бала тәрбиесіне салғырт қараудың соңы түрлі салдарларға алып келуі мүмкін. Айталық, дінге бет бұру іштей үлкен дайындықты талап етеді. Ал, кейбір жеткіншектер білместіктен, діни сауатсыздықтан, күмәнді жат ағымдардың жетегінде кетіп жатыр. Осыған абай болу керек.
– Әңгімеңізге бек рахмет!

Құралай ҚУАТОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз