«Полиция беделі елдің сенімімен өлшенеді»

«Полиция беделі елдің сенімімен өлшенеді» Құқық

Атырауда еліміздің әр өңірінен келіп, ұрлық жасағандар ұсталды. Жастары жиі жаға жыртысатын Сағыз ауылындағы (Қызылқоға ауданы) қазіргі ахуал тұрақты. Құлсарының тентектері де айылын жия бастады. Ішімдік ішіп, көлік жүргізетіндер, бас жарып, көз шығарғандар жазадан құтылып кетпейтінін ұғынып отыр. Қылмыстың деңгейі түсіп келеді.

«Полиция беделі елдің сенімімен өлшенеді»

Лауазымды қызметке кіріскеніне 11 ай болған облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Аян Дүйсембаев елең еткізер деректерді айтты. Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистердің сан салалы сұрақтарына кідірместен жауап берді. 

 293 полицей керек

Облыстың халқы соңғы он жылда 100 мың адамға көбейді. Атырау қаласының аумағы  ұлғайып, 17 жаңа шағын аудан қосылды. Олардың қатарында Жұлдыз, Жұмыскер-2, Балауса, Еркінқала-2, 3, Көктем, тағы басқа тұрғын үй алаптары бар. Алайда, полицияның құрамы бұрынғыша, өзгеріссіз қалыпты.

– Жаңа мөлтекаудандарда учаскелік полиция бекеттерінің болмауына байланысты тиісті шаралар алынуда. Облыс орталығын патрульдеу-күзету мақсатында күндізгі уақытта 20-25 (сағат 08.00–20.00) және түнде 35-40 (сағат 20.00–08.00) автокөлік шығарылады. Бұл күнделікті қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытындағы жұмыстар, – деді облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Аян Дүйсембаев.

Кадр тапшылығы басшының басын ауыртып отырғанға ұқсайды. Проблема әсіресе, Мақат және Жылыой аудандарында өзекті күйінде қалып отыр.

–  Жыл басынан бері ішкі істер органдарына 121 адам қабылданды. Оның 26-ы  – ІІМ-нің жоғары оқу орнын бітірген жас маман. Дегенмен, әлі де кадрға деген сұранысымыз жойылған жоқ. Бізге қазірдің өзінде 293 полицей қажет. Осы бос орындарға жоғары немесе арнайы орта білімі бар, әскери борышын өтеп келген жас жігіттерді қызметке шақырамыз, – деген Аян Сәбитұлы арнаулы оқу орындарына түсушілерге барлық жағдай жасалатынын, ішетін ас, киетін киім, тұратын баспана берілетінін баяндады.

Ұрлық неге көп?

Қылмыстардың басым көпшілігін ұрлық құрайды. Әсіресе, бұл Атырау қаласында өткір тұр. Ұрлыққа қарсы күрес шаралары қаншалықты күшейтілуде?

– Дұрыс айтасыз, облыс орталығындағы әрбір қылмыстың екіншісі –ұрлық. Қылмыстың 85 пайызы Атырау қаласында орын алуда. Оған себеп –мұндағы тұрғындар санының соңғы он жылда 105 мыңға өсуі. Жаңадан пайда болған Балауса, Жұлдыз, Өркен, өзге де шағын аудандардағы жер телімдері кезінде ешқандай инфрақұрылым жасақталмастан халыққа берілген. Жарық желісінің, тас жолдың жоқтығынан көшелер тас қараңғы, әрі оған сақшылардың көлігі кіре алмайды. Оның үстіне учаскелік полицейлердің қызметтік ғимараты жоқ.

Проблеманың өзектілігін ескеріп, біздің облыс әкіміне, ішкі істер министрлігіне берген тиісті ұсыныстарымыз қолдау тауып отыр. Аталған шағын аудандарда 34 учаскелік полиция бекетін салу (20-ы Атырау қаласында) жоспарлануда. Бұл жергілікті жағдайды толық бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Әзірге түнгі патрульдік топтардың саны көбейтілуде. Оның нәтижесі де бар. Бүгінде Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласынан келген «қонақтардан» құралған ұрылардың 32 тобы ауыздықталды.

Ұрлықтың көбеюіне көп жағдайда тұрғындардың өздері де кінәлі. Айдаладан үй салған олар оның ішіне құрылыс материалдарын, құнды дүниелерін тастап кетеді. Ал, әрбір мекеннің жанына полицей қоюға біздің мүмкіндігіміз жетпейді.

Адам  бейнесіндегі айуан

Қоғамды ерекше алаңдатып отырғаны – педофилдердің зұлымдық әрекеті. Әсіресе, Бесікті елді мекеніндегі сұмдық жағдай көпшіліктің орынды наразылығын туғызды. Осындай адам бейнесіндегі айуандарға қатысты қандай деректер бар?

– Атырау облысы бойынша 68 педофил есепте тұр. Бесіктідегі оқиғаға байланысты тұтқындалған күдікті бұған дейін тізімде тұрмаған. Он жыл бұрын оның осындай іске әрекет жасағаны анықталуда. Кәмелеттік жасқа толмауына орай жазадан тыс қалған болып шықты. Күдікті қазіргі күні қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігімен (қасақана аса жауыздықпен кісі өлтіру) айыпталып отыр. Қылмыстық іс жүруде. Біткеннен соң соттың қарауына жіберіліп, тиісті жазасын алады.

Әлеуметтік желіде – полиция парақшасы

–        Бұрын БАҚ-та қылмыс хроникасы тұрақты жарияланушы еді.  Оның берілмеуі неліктен?

–        Соңғы жарты жылда облыстық ІІД «Фейсбук» әлеуметтік желісінде парақша ашып, жүйелі жүргізуде. Мұнда ашылған қылмыстар толық жарияланады. Осы себепті қылмыс хроникасын күнделікті беріп отырудың қажеттілігі болмайды. Қоғамды дүрліктіре берудің жөні жоқ. Жұртшылық өзін мазалаған сауалды осы желіге ұсына алады, оған жауап беруге дайынбыз.

«Полиция беделі елдің сенімімен өлшенеді»-2

Құпия қарекетті қалай қолданады?

–        Қылмыскерлерді құрықтау үшін полицейлер құпия әрекет ету тәсілін жиі қолдана ма?

–        Сауалыңыз қызық екен, дегенмен, айтайын. 2013 жылдың 4 сәуірі күні Құрманғазы ауданының Қиғаш ауылында ауыр қылмыс болды. Кәсіпкер мен оның жұбайын әлдекімдер өлтіріп кеткен. Істі тез арада ашу үшін оған бүкіл күш жұмылдырылды. Бір аптадан соң прокурордың санкциясымен әрекет етіп, Атырау, Құлсары қалалары мен Мақат поселкесінде 12 адамды бір уақытта тұтқындадық. Шұғыл шара түнгі 3-те жүзеге асты. Қорытындысында, бес қылмыскер ұзақ мерзімге сотталды. Осы мысал сұрағыңызға жауап бола алады.

Топтасып төбелесу  тоқтады

–        Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында бұзақылар топтасып төбелесіп, ойларына келгенін жасап жүр. Бұл бассыздық қашанға дейін жалғасады? 

–        Жергілікті ахуал қазірдің өзінде өзгерді деуге болады. 2015 жылы жергілікті полиция қызметінің ашылуына байланысты Қызылқоға аудандық ІІБ-не қарасты Сағыз елді мекеніндегі полиция бекеті жабылып қалған еді. Осы себептен 2016 жылдың өзінде мұнда 56 қылмыс тіркелді. Ауылда 9500 адам тұратынын ескерсек, жағдайдың бақылаусыз қалуы алаңдатарлық еді. Сағыздан қайтадан бекет ашудың нәтижесінде бассыздыққа тежеу қойылды. Қылмыс 47,3 пайызға төмендеп, топтасып төбелесу тоқтады.

Жаңа ғимараттың жыры

–        Нұрсаядағы жаңа ғимарат, ондағы сауна мен бассейн кезінде қоғамда кеңінен талқыланды. Оған қазір әкімшілік полиция қоныстанды. Қазіргі жағдай қаншалықты өзгерді?

–        Бізді сауна мен бассейн емес, әкімшілік полициясына келген көліктердің автотұраққа симай жатқандығы мазалайды. Бұл ғимарат әкімшілік кеңсеге арналмаған болатын. Бүгінде ол өзгертіліп, тиісті талапқа сәйкес келтірілді. Сауна мен бассейннің орны қоймаға айналды.

Бұрын техниканың құжатын жасақтау үшін халық көлемі 36 шаршы метрді құрайтын аядай бөлмеде иін тіресіп тұратын. Өйткені, тіркеу-емтихан бөлімі бұрынғы жол полициясының ғимаратында орналасқан еді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасы бойынша ең алдымен жұртшылыққа жағдай жасау, сапалы мемлекеттік қызмет көрсету мақсатында жаңа ғимарат әкімшілік полициясына берілді. Мұнда тіркеу, мұрағат бөлімдерінен өзге, көші-қон полициясы орналасқан. Айта кетейін, 2007 жылы облыстағы автокөліктің саны 56 мыңды құраса, қазір 152 мыңға жетіп отыр.

Апатқа кінәлі кім?

–        Жол-көлік апаттарына көбінде полицейлердің өзі себепші болып жатады. Осыған байланысты әлеуметтік желіде мысал да көп…

–        Мұндай апаттық оқиғаларды департаменттің өзіндік қауіпсіздік басқармасы тексереді. Бұл туралы ақпаратты редакциялық сауал салу арқылы алуға болады. Біз заңсыздыққа жол бергендерді қатаң жазалаймыз. Сонымен қатар, жас қызметкерлерді тәрбиелеуге ерекше маңыз береміз. Осы мақсатта құрылған арнайы сыныптар бар. Мұнда полицейдің қоғамда өзін ұстауға, қалада көлікпен жүруге үйретеді.

Тентекке тыйым  бар

–        Жылыой ауданындағы қылмыстық ахуал айықты ма?

–        Жылыой ауданында 80 мыңға жуық адам қоныстанған. 20 мыңдай шетелдік жұмысына байланысты ауысыммен келіп тұрады. Халықтың көптігінен түрлі келеңсіз жағдайлар да орын алатынын жасыруға болмайды. Облыстағы қылмыстың 85 пайызы Атырау қаласында тіркелсе, он пайызға жуығы Жылыойға тиесілі. Жұртшылық арасында «Құлсары тәртіпке көнбейді» деген түсінік қалыптасқан. Соған байланысты біз жергілікті жерге арнайы топ жіберіп, жағдайды сараптап көрдік. Мұнда бір аптаның ішінде 202 тәртіп бұзушылық орын алды. 13 адам мас күйінде ұсталды. 20 шақтысы көлігінің терезесін қараңғылап алғандығы үшін тоқтатылды. 15 жылыойлықтың жүргізушілік куәлігі болмады.

Бейберекетсіздікті болдырмау мақсатында шұғыл шаралар алынуда. Аудандық ішкі істер бөлімінің, көшедегі тәртіпті қадағалайтын патрульдік полицияның жетекшісі ауысты. Жаңа басшыларға жаңа талаптар қойылды. Сонымен қатар, 10 адамнан тұратын жедел қимылдайтын топ құрылып, ол Жылыойда жұмыс жасауда. «Ураган» деп аталатын үш арнаулы автокөліктің бірі ауданға берілді. Осы арқылы алимент төлемей жүргендер, көлігіне жалған нөмір таққан, арнайы базада тұрғандар құрықталады. Мақсат – біреуді жазалау емес, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың тыныштығын сақтау.

Ұрланған  көліктің хикаясы

–        Атыраудағы кейбір көліктердің ұрланғаны белгілі болуда. Сонда олар Ресейден елімізге қалай кіргізілді? Шекарада неге тексерілмеді? Осы заңсыздыққа жол берген адамдар жауапқа тартыла ма, техниканың шығынын кім өтейді?

–             Иә, өкінішке орай  осындай жағдайлар да кездеседі. Жуырда Атырауда джип тоқтатылды. Оның бұрын ұрланғандығы анықталып отыр.  Мұндай техниканың саны қалада аз болмауы мүмкін. Себебі, көрші мемлекетпен шекарадағы Котяевкаға қажетті қондырғы, жабдықтар қойылмағандықтан, осындай олқылыққа жол берілуде. Алдағы уақытта Атырау облысы бойынша бес жерге стационарлық қондырғылар орнатуды жоспарлап отырмыз. Олардың көмегімен ұрланған көліктер тез арада анықталмақ. Ал, техниканың шығынын төлеуді сот анықтайтын болады.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз