ҚАРУ ҚАУІПСІЗДІККЕ КЕПІЛ БОЛМАЙДЫ

сондықтан, елімізде оны тапсыру науқаны жүруде

 Елімізде қару-жарақ  тапсыру науқаны жүріп жатыр. Облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Руслан Әділовтің айтуынша, жыл басынан бері 57 облыс тұрғыны ерікті түрде 59 дана қару тапсырған. Соның 17-сі  – оқ ататын қару.

Елаузында «оқтаулы мылтық  мың күн атылмайды, бір күні атылады» деген сөз бар. Полицейлер «бүгінгі шара осындай көлденең жағдайды болдырмау, алдын алу мақсатында ұйымдастырылып отыр» дейді. Дегенмен, қаруды құзырлы органға тапсырудың өз заңдылығы бар.

– Жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын, газды қаруды сақтауға және алып жүруге ішкі істер органдарының тиісті рұқсаты бар жеке тұлғалардың қаруды ерікті түрде тапсыру ережелері белгіленген. Ол еліміздің заңы, Үкіметтің қаулысымен бекітілген болатын. Соған сәйкес, бүгінде жергілікті жерде жұмыстар жүруде, – дейді әкімшілік полиция басқармасының бастығы.

Халықтың қолында жүрген атуға жарамды ұңғысыз атыс және газды қаруды тапсырғандарға мемлекет төлемақы төлейді. Қаражат республикалық бюджет есебінен қарастырылып отыр. Осынау жұмыс қалай жүзеге асады? Руслан Әділовтің пікірінше, қарудың иесі болып ішкі істер органдарында тіркелген, оны сақтауға және алып жүруге тиісті рұқсатын алған жандар есептеледі.

– Қаруды ерікті түрде өтеулі тапсыру үшін жеке тұлға, не сенімхат бойынша оның өкілі қару тіркелген орны бойынша  қалалық, аудандық ішкі істер басқарма, бөлімдеріне қаруды ерікті түрде өтеулі тапсыру туралы өтінішті, қаруды сақтау және алып жүру құқығына берілген рұқсаттың түпнұсқасын, жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесін, ашылған банк есепшотының нөмірі туралы мәліметті тапсырады. Егер қару иесі қаруды тіркеу (қайта тіркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзған жағдайда, еліміздің әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен әкімшілік айыппұлдың төленгені туралы түбіртекті ұсынады, – дейді сұхбаттасушымыз.

Қарудың иесі ұзақ сапарға кеткен немесе сырқаттанып қалған жағдайда да тұйықтан шығатын жол бар. Яғни, іссапарға кеткенін растайтын тиісті құжаттар, медициналық мекеменің анықтамасы, қаруды ішкі істер органдарына тапсыру және ақшалай сыйақыны алу құқығына нотариатта бекітілген сенімхат болған кезде қару өкіл арқылы тапсырылады. Тәртіп сақшыларынан тапсырылған өтініш тіркелген күннен бастап 30 күн ішінде қаралатынын білдік.

Қаруды ерікті түрде тапсыру науқаны биылғы жылдың соңғы күніне дейін жалғасады. Ал, кеш қимылдап, уақытын оздырып алғандар төлемақысыз қалатын болады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз