КҮДІКТІ КӨЛІК ИЕСІН ӘУРЕ-САРСАҢҒА САЛЫП ҚОЙДЫ

Атырау қаласының тұрғыны «Джип» сатып аламын деп басы пәлеге қалып отыр. Атырау облысы бойынша кедендік бақылау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, әлгі адам Белоруссиядан «Тойота Ланд Крузер Прадо» маркалы автокөлік әкеледі. Облыстық салық департаментіне Кеден одағына мүше елден әкелінген тауар ретінде 12 пайыз көлемінде қосымша салық төлеген. Қажетті өзге де шараларды жасақтайды. Алайда, ол қымбат «темір тұлпары» өзін әуре-сарсаңға саларын білмепті. 

 

Көлік күдікті көрінгеннен-ақ жедел-іздестіру шаралары қолға алынған еді. Облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасынан оны тіркеуге қоюға негіз болған құжаттар жеткізіледі. Қолдағы қағаздарға сүйенсе, «Тойота Ланд Крузер Прадо» маркалы автокөлік Беларусь Республикасының Гродно қаласында сатылған. Сату-сатып алу есеп-анықтамасы бірыңғай сауда кәсіпорнының «Дорога» дүкеніне рәсімделіпті. Техниканың иесі Гродно қаласының тұрғыны екен. 

Дегенмен, Белоруссияның Гродно кеденінен келген ақпарат осынау деректің бәрін жоққа шығарды. «Көліктің иесі» деген адам көрсетілген мекенжайда тіркелмеген болып шықты. Жоғарыда аталған «Дорога» дүкенінде автокөлікті сату-сатып алу рәсімі өтпеген. Анықтамада көрсетілген деректердің бәрі бос сөз, өтірік мәліметтер екендігі анықталып отыр. 

Сондықтан, күдікті көлікке қатысты, анығында, белгісіз тұлғалардың іс-әрекетінде қылмыс белгілері болуына байланысты қылмыстық іс (жалғандық жасағаны, жалған құжат жасақтағаны және оны өткізгені үшін) қозғалды. Оны кедендік бақылау департаментінің контрабандаға қарсы күрес басқармасы қолға алған. Көлденең жағдайдың немен аяқталатындығын келешекте қосымша хабарламақпыз. Ал, қазіргі айтайын дегеніміз, арзан көлік аламыз деп алаяқтарға алданып қалмаңыз, ағайын!

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз