ЕНДІ БАҚЫЛАУ ДА КҮШЕЙТІЛЕДІ

Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезіндегі айтылған мәселелер турасында Орталық Коммуникация Қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Судьялар одағының төрағасы Серік Байбатыров тұшымды етіп айтып берді.
Елбасы Қазақстан судьяларының алтыншы съезі «Қазақстан –2050» Стратегиясының міндеттерін іске асыруға кіріскен жауапты тарихи сәтте өтіп жатқанына тоқталған болатын. Сондықтан, Судьялар одағының жаңадан тағайындалған басшысының әңгімесі де алдыменен осы бағытта өрбіді. «Келешекте сот бақылауын тергеу судьясы жүргізетін болады. Ол алдын ала тергеу жұмысын бақылайды. Себебі, бізде көп істер үлкен кемшіліктер мен қателіктермен келіп түседі. Олай болмауы үшін осындай бақылау қажет» деді ол.
Съезде Мемлекет басшысы судьялар корпусының алдына нақты міндеттер қойды. Оның ауқымды, әрі маңызды екендігін одақ жетекшісі әңгімесінің өзегіне айналдырды.

– Съезде күн тәртібіне қойылған – ел дамуының құқықтық-стратегиялық жоспарында міндеттелгендей, судья кадрларын іріктеу процесін одан әрі демократияландыру, сот жүйесін лайықсыз адамдардан арылту және судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеу кепілдігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру, әрі құқықтық тұрғыдан нығайту мәселелері көптің көкейінде жүрген, осы сала мамандарын мазалаған сұрақтар еді. Сот жүйесін дамыту, сот ісін жүргізудің тиімділігі мен объективтілігін арттыру, сот рәсімдерінің ашықтығы мен айқындығын барынша қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау міндеттерін іске асыру жөніндегі құқықтық шаралардың орындалуы да осы басқосуда жан-жақты талқыға салынды, – деді С.Байбатыров.
Президент съезд кезінде «Жекелеген судьялар дауларды қарауды созу арқылы бюрократия мен соттағы әуре-сарсаңға өздері жол береді» деген болатын. Осыған орай баспасөз мәслихатында Судьялар одағының төрағасы «Сотқа келген істердің дені көптеген заң бұзушылықтарға, қателіктерге толы болатыны жасырын емес. Сол себепті жаңа жобадағы Қылмыстық іс жүргізу Кодексінде бұл мәселеге ерекше мән беріліп, тергеу судьясы институтын дамытуды көздеп отырмыз. «Съезд кезінде Елбасы жаңа жылдан бастап судьялар санын 450-ге көбейту туралы айтты. Бұл хабарды барлық сот өкілдері қуана қабылдады» деді ол.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз