БЕРЕКЕГЕ БАСТАҒАН «БЕКІРЕ» АКЦИЯСЫ

«Бекіре» балық қорғау шарасы аяқталды. Облыстық әкімдікте Қоршаған ортаны қорғау министрлігі балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Қанат Мұсапарбековтің төрағалық етуімен өткен жиында оның қорытындысы шығарылды. Айта кетейік, Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарындағы бекіре тұқымдас және басқа да балық түрлерін сақтау, қорғау мақсатында қолға алынған акция 1 сәуірде басталған болатын.

БРАКОНЬЕРЛЕР АЗАЙЫПТЫ

Қазіргі күні айдындарда браконьерлер кәдімгідей азайған. Базарларда қызыл балық пен қара уылдырықты сатушылардың қарасы жоқ. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Мұрат Ермекқалиевтың айтуынша, бұл – құзырлы орындардың бекіре тұқымдас балықтарды қорғаудағы бірлескен әрекетінің нәтижесі. Жалпы, акция басталғаннан бері табиғат қорғау заңдылығын бұзған 1120 дерек анықталған, соның 987-сі заңсыз балық аулауға қатысты. Шара қорытындысында 140 қылмыстық істің қозғалғаны белгілі болып отыр, соның 51-і сотқа жолданған. 39 адам заң алдында жауап беріпті. Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың саны 899-ды құрайды.
– Заңсыз балық аулауға қарсы балық инспекциясы мен прокуратура, ішкі істер, көліктік бақылау мен шекара қызметі ынтымақтаса жұмыс жасады. Күн сайын өзен бойын құрылған аулардан тазартып отырдық. Оған қоса, науқанның маңыздылығын айтып, жұртшылық арасында кеңінен түсінік жұмыстарын жүргіздік. Жанбай, Забурын ауылдарында тұрғындармен кездесулер өткіздік. Мұның бәрі «Бекіре – 2014» шарасының нәтижелі өтуіне себепші болды. Соның көрінісіндей, бүгінде бекіре балықтарының өріс жаюына жол ашылуда. Жайық өзенінің жоғарғы жағынан сынақ ретінде аулау жүргізілгенде ауға бекіре балығы түсе бастады. Бұл – қазір сирек кездесетін жағдай, – деді балық қорғау инспекциясының басшысы.
Браконьерлерден тәркіленген балықтың салмағы 27 тоннаны құрайды, оның бір тоннадан астамы – бекіре тұқымдас, 17,8 килосы – қара уылдырық. Мұнша көлемдегі ел ырыздығының қолды бола жаздауы табиғат ырыздығына қол салушылардың әлі бар екендігін аңғартады. Айта кетейік, арнайы шараның барысында 176 жүзу құралы мен 1200 балық аулау құрал-сайманы тәркіленді.
Алқалы жиында акцияға қатынасқан әскерилер нәтижелі істерін көпшілікке жеткізді. Мәселен, №2201 әскери бөлім басшысының міндетін атқарушы Ақылбек Исламғалиев су айдынына тұрақты түрде шыққандарын, соның нәтижесінде көптеген браконьерлердің жолы кесілген. 94 дана ау, үш-үштен «байда» мен «казанка» қолға түскен. Мемлекеттік шекараны бұзған 13 адам ұсталған. №2016 әскери бөлімнің командирі Бауыржан Әбсаматовтың әңгімесі де осы мазмұнда өрбіді.
Облыстық әкімдіктегі қорытынды жиынға Қазақстан ҰҚК шекара қызметінің жағалау күзеті аймақтық басқармасының басшысы, 1 дәрежедегі капитан Қыдыржан Мұқанов арнайы қатынасты. Ол қарамағындағылар баяндаған деректерді одан әрі толықтыра түсті. Қыдыржан Орақұлының баяндауынша, биылғы бекіре тұқымдас және басқа да балық түрлерін сақтау, қорғау мақсатындағы шаралар нәтижелі өтті деуге негіз бар. Шекара қызметінің біраз күші аталған мақсатқа жұмылдырылған. 11 кеме, 15 шағын катер айдында уақытпен санаспастан жүзіп жүріпті. Өйткені, осы аралықта көршілес Ресей, Әзірбайжан елдерінен келетін «шақырылмаған қонақтар» көбейіп кеткен. Мысалы, Ресей Федерациясының 24 адамы ұсталған.
Қорытынды жиыннан кейін өткен брифингте қолбасшы Қыдыржан Мұқановқа осы мәселеге қатысты арнайы сауал қойдық. Яғни, біздің білгіміз келгені – Ресейден (Дағыстан аймағынан) келген браконьерлерді ауыздықтау мақсатында қазақстандық тарап көршілес мемлекеттегі әріптестерімен бірлесіп қаншалықты жұмыс жүргізіп отырғандығы турасында еді. Әскери басшы бұл бағытта ресейліктермен ынтымақтаса қызмет жасап жатқандарын, соның нәтижесінде мемлекеттік шекараны бұзушылардың жолын кесуде нәтижелі жұмыс барына тоқталды. Жоғарыда келтірген 24 браконьердің ұсталуы – соның бір көрінісі.

ӨЗГЕШЕ ӨТКЕН АКЦИЯ

Биылғы «Бекіре» акциясының басты ерекшелігі – бұрынғы жылдардағыдан өзгеше өткендігінде. Қоршаған ортаны қорғау министрлігі балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Қанат Мұсапарбековтің пікірінше, бұрын әр құрылым бағалы балық қорғау шарасына әртүрлі мезгілде кірісетін. Осы себепті олардың арасында тиісті деңгейде ынтымақтастық, бірлескен қызмет болмады. Ал, биыл мұндай олқылыққа жол берілген жоқ.
– «Бекіре – 2014» балық қорғау акциясын өткізу туралы» бірлескен бұйрық қабылданды. Соған сәйкес, құқық қорғау және табиғатты қорғау орындарының өзара әрекеттесуі бойынша Үйлестіру штабының құрамы, бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді. Үйлестіру штабын басқару Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің Балық шаруашылығы комитетіне жүктелді, – деді комитет төрағасы.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығының инспекциясы аталған акцияны ұйымдастыру, өткізу және үйлестіру жөніндегі жұмыс органы болып белгіленген болатын. Барлық құқық қорғау органдары өкілдерінің басын қосқан Үйлестіру штабының отырыстары жүйелі түрде өтіп тұрды. Бұл да түрлі құрылымдардың ортақ мүддеге жұмылғанын байқатады.

ШАБАҚ ӨСІРУ МАҢЫЗДЫ

Басты мәселе – заңсыз аулаушылармен күрестен өзге, бекіренің шабақтарын өсірудің маңыздылығына мән берілгендігінде. Жайық-Атырау бекіре балығын өсіру зауытының директоры Ғилман Сәрсемалиев акция басталғалы ауланған бекіре тұқымдас балықтың бәрі өндірістік негізде тұқым көбейту үшін зауытқа жеткізілгенін айтып отыр. Ол мемлекеттік тапсырыстың ауқымында жүзеге асқан. Биыл ауға түскен бекірелердің көлемі де үлкен. Әсіресе, салмағы 230 килограмдық аналық қорытпа жұрт назарын ерекше аударды. Тағы бір олжа – салмағы 150 кило тартатын су маржанынан айтарлықтай уылдырық алынған. «Сауылған» аналықтар жуырда теңізге жіберілді.
Биылғы «Бекіре – 2014» акциясының басты жетістігін осылай қорытындылаған тиісті орын басшылары «алдағы уақытта да осылай бірлесе қызмет етеміз» деп сөз байласып, тарқасты.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз