«БЕКІРЕ -2015»: КҮНГЕЙ МЕН КӨЛЕҢКЕ

Жуырда «Бекіре-2015» кең ауқымды балық қорғау акциясы аяқталды. Жылма-жыл қайталанатын шара биыл өзгеше ұйымдастырылды. Алайда, бұл жолы да кемшіліктер болмай қалмады.  

 

Ортақ мақсаттағы үйлесімді іс

Құзырлы орындардың өзара ынтымақтаса әрекет етуін шараның басты жетістігі санауға болады. Бұрын әр құрылым өз бетінше жұмыстанатын, сондықтан олардың қызметінде үйлесімділік, нақты жүйе байқалмайтын еді. Соңғы екі жылда бұл кемшіліктің орны тола бастағандай. Тағы бір ерекшелік, бүгінде балық қорғаушылар жариялылыққа ерекше маңыз беруде. Өзен бойын бойлап, теңізге шыққан жорықтарға журналистердің де қатынасуы – соның көрінісі. Жұртшылықпен байланыстың тиімділігін облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Мұрат Ермекқалиев те айтып отыр.

Ауқымды шараның мән-маңызын, өту барысын жұртшылыққа кеңірек жеткізудің әсері шығар, жылда браконьерлерімен аты шығатын Жанбай, Забурын секілді ауылдарда биыл жаппай балық аулау байқалған жоқ. Жергілікті жерлерде ұйымдастырылған жиындарға да бұрынғыдай ауылдың үлкендері емес, айдын бетіне шығып жүрген жастары келетінін аңғардық. Биылғы науқан кезінде браконьерлерге қарсы тегеурінді жұмыс жүргізілді. Әкімшілік жауапкершілікке 834 адам тартылды. 

Қоймадағы қаңтарулы өнім

 «Бекіре -2015» акциясы кезінде қол жеткен жетістіктерді түгелдей санамалап шығу мүмкін емес. Дегенмен, ауқымды науқан олқы тұсты да айқындап берді.

– Балық қорғау ісінде жеткен жетістіктен гөрі, шешімін күткен проблема көп. Олар туралы айтудың орнына біз қашан да өзімізді жақсы жағынан көрсетуге ұмтыламыз. Ал, республикалық деңгейде көтерілетін мәселелер бұрынғысынша қалуда. Сонда оны қашан қозғамақшымыз? – дейді осы тұста облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Қайрат Өтеулиев.

Мәселенің бастысы, браконьерлерден тәркіленген балықтарға қатысты. Қазіргі күні уақ балықтар «Надежда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырылуда. Ал, бекіре тұқымдас балықтар мен оның уылдырығы Жайық-Атырау бекіре балығын өсіру зауытына өткізіледі. Күрмеулі мәселе осы тұстан туындайды. Табиғат қорғау прокурорының айтуынша, бүгінде мұндағы жинақталған бағалы өнімнің салмағы 4 тоннаны құрап отыр. Оларды сақтау уақыты алты айға есептелгенімен, судың байлығы бұл мерзімнен көп уақытқа сақталуда. Мұның себебі неде?

Жайық-Атырау бекіре балығын өсіру зауытының басшысы Ғилман Сәрсемалиев проблеманы былайша түсіндірді:

– Осыдан екі жыл бұрын бағалы су маржанын аулауға мораторий жарияланғаны белгілі. Ол өз кезегінде, браконьерлерден тартып алынған өнімнің халыққа жетуіне кедергі келтіреді, – дейді ол.

Анықтай айтқанда, басты түйін – тәркіленген өнімді өткізуге оның бағасының жоқтығы тосқауыл болып тұр. Оны еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің балық шаруашылығы комитеті қоюы керек екен. Тиісті орган басшыларының әңгімесінен үлкен жауапкершілікті алуға бүгінде ешкімнің ұмтылмайтынын естіп білдік.

Балық қорғаушылар қайықтарының проблемасы да – жылда айтылатын тақырып. Облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясында бар 14 қайықтың 8-інің қуаты 40 ат күшін құрайды. Ал, балық «барымташыларының» көпшілігі 200 ат күшінен кем емес қайықтармен жүретінін ескерсек, екі тарапты салыстырудың өзі мүмкін емес. Айта кетейік, қуатты қайықтарды бүгінде теңіз шекарашылары ғана тақымына басқан. Оның біреуінің өзі 200 млн. теңгеден астам соманы құрайды. Құрылым басшысының әңгімесіне қарағанда, инспекцияның қайықтары соңғы рет 2011 жылы жаңғыртылыпты.

Қытайдың арзан ауларының жайы биыл тағы көтерілді. Оны базарда саудалауға қазір ешкім тыйым салмайды, өйткені, оған ешқандай заңдық негіз жоқ. Арзан дүниені сол себепті «балық барымташылары» алуға құмар. Аталған балық аулау құрылғысын сатудың жолын кесу мақсатында республиканың Ауыл шаруашылығы министрлігі арнайы құжатнама жасақтап, тиісті орындармен келісіп жатыр. Ол жүзеге асса, талайды тезге түсіруге себеп болар еді.

Біз биылғы «Бекіре-2015» балық қорғау акциясының күнгейі мен көлеңкесін осылайша көрдік.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз