БӘТЕҢКЕНІҢ БАУЫ…

2010 жылдың 21 сәуірі күні Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 1976 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген, отбасылық өмірде жолы болмай ажырасқан М.Кадешовтің ісін қарады.

Тергеу кезінде анықталғандай, қорғансыз әйелдерге шабуыл жасау әрекетін сотталушы әуел баста жақсылап ойластырған. Арам ойын іске асыру мақсатында «Авангард» ықшамауданындағы «Көктем» базарынан бәтеңке бауын сатып алады. Кісіні қылғындыруға ыңғайлы болу үшін шетінен ілмешектеп байлайды.

Қаныпезердің алғашқы құрбандығына айналған марқұм Э.С. болатын. Күнделікті көп күннің бірі қайғылы болады деп кім ойлаған? Бір жігіт газеттегі хабарландыру бойынша телефон соғып, жалға беретін пәтерге қызығушылық танытты. Келімді-кетімді адамы көп өндірісті қалада пәтер жалдайтын клиенттен тапшылық жоқ еді. Солардың бірі де… 
Келісілген жерде Э.С. қоңырау шалушыны күтіп отырды. Түскі он екі жарым сағат шамасында ол келгесін пәтерін көрсете бастады. «Мынау ыстық су, суық су…» «Теледидар ше?!». Ойында ештеңе жоқ әйел еңкейіп теледидарды қоса бергені сол, қара жыландай ұзын жіп мойнына орала кетті. Ауа жетпей бұлқынған әйел екі қолымен ауаны қармалап, бұлқына берді. Атпалдай еркекке қарсы тұрардай қауқар онда жоқ еді. Аяушылықты білмейтін екі аяқты айуан әйелді өмір мен өлім арасында арпалысқан шалажансар күйінде екі мәрте зорлап, қолындағы бәтеңке бауымен жазықсыз жанды о дүниеге аттандырады.
Іле-шала оқиға орнынан ізін суытқан қылмыскер өз қолымен өлтірген әйелдің алтын сақинасын, ұялы телефоны мен он мың теңге ақшасын ұстай кетеді.
Осы жолы жазасын алмағанына масаттанды ма, нәзік жандыларға күш қолданып, өлтіру Кадешовтің «қолтаңбасына» айналады. 2009 жылдың 20 қараша күні күні ол «сценарий» бойынша пәтер жалдаушы болып келіп, Н.Л.-ге қастандық жасайды. Қиналып, зорлық көрген байғұс әйел де бәтеңке жібінен ажал құшқан.
Дәл осындай бәтеңкенің қара жібі үзіліп кеткендігінің арқасында келесі әйел аман қалды. Жандәрмен тысқа қарай қашқан П.М.-ге Кадешов қолындағы келесі суық қаруын – ағаш сапты асхана пышағын қолданып, оң жақ жауырыны тұсына сұғып үлгереді. Соған қарамастан, үйдің ауласына қашып шығуға дәрмені жеткен үй иесі ауыр дене жарақатын алғанмен, дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетудің арқасында өмірін сақтап қалды. Көшеден айқай-шу шыққанда келген үйінің жатын бөлмесіндегі терезе арқылы қашып шыққан қаныпезер көп ұзамай құрықталды.
Қылмыстының қолынан қайтыс болған Э.С.-тің жасы жиырмаға да жетпеген еді. Әке-шешесі болашағынан үміт күткен жауқазын ғұмыр бұзық ниетті әлдебіреудің қолынан қыршын кетті. Ал Н.Л.-дің 14 жасар кәмелетке толмаған қызы анасыз өсіп келеді. Құдай сақтап, жас баласы мен ата-анасын бір өзі асырап отырған П.М. аман-есен.
Осы жайлардың бәрін негізге алған алқабилер соты М.Кадешовтің қылмысты арақ ішкен мас күйінде жасағанын жазасын ауырлататын мән-жай ретінде қарай отырып, оның қалған өмірін темір тордың ар жағында өткізуін сұрады. Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР 58 бабының 4 бөлігіне сәйкес, М.Кадешовке өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын өтеу орны ретінде колонияның ерекше режимі белгіленді.
Құралай ҚУАТОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз