АЗҒЫНДЫҚ АУЫЛДАН ШЫҚТЫ

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты қарындасын зорлаған нәпсіқұмарға қатысты 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

 

Дүниенің барлық қызығын нәпсісі арқылы бағалайтын азғын Ақтөбе облысының тумасы. Санасын арақ тұмандатқан Ж.Т. анасының науқастығын, қарындасының қорғансыздығын пайдаланып, үш жыл бойы әкесі бөлек, шешелері бір қарындасын жыныстық қатынас жасауға мәжбүрлеп келген. 28 жастағы жанұялы педофилдің қылмыстық әрекеттері сотта, сот-дәрігерлік, молекуларлық сараптамаларында толықтай дәлелін тапты.

«Сот үкімі шықты, қылмыскер лайықты жазасын алды» деп осы мақаламыздың соңғы нүктесін қоя салуға болар еді. Алайда, көзінің ағы мен қарасындай қорғаштап өсірген, «сенің табаныңа кірген шөңге менің маңдайыма қадалсыншы» деп аялаған сәбилерінің ел аман, жұрт тынышта қайдағы бір азғындардың жемтігіне айналғанының куәсі болып, көкіректері қарс айырылған ата-аналардың қайғы-қасіретін, өспей жатып сағағынан солған бүлдіршіндердің көз жасын қайда қоямыз?!

Ең өкініштісі сол, аса ауыр қылмыстар мен азғындықтардың не бір түрі қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдардан шығып жатқандығы. Сондай-ақ, олардың санының арта түсуі қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызуда.

Айта кету керек, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде Атырау облысы бойынша сотқа педофилизм, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылыққа қатысты төрт іс түсті. Біреуіне күні кеше үкім шықты. Қалғандары таяу уақытта қаралатын болады. Әрине, олардың заң алдында қатаң жазаға тартылары анық. Бірақ, бұл – педофилизмнің тамырына балта шабылады деген сөз емес.

Ол үшін сана сезімін сәбилерге қатысты нәпсіқұмарлық жаулаған азғындарға бағытталып, арнайы қатаң заңдар қабылдап, нақты нәтиже беретін шараларды жүзеге асыру қажет.

Өкінішке орай, қазіргі кезде көптеген педофилдер ата-аналар тарапынан балаларының зорланғанын жарияламауға тырысуларын, кей жағдайда зорлық әрекеттерін бүгіп қалуға тырысатындарын тиімді пайдалануда. Деректер мен дәйектерге жүгінсек, республикамызда 2010 жылы – 24, 2011 жылы – 48, 2012 жылы – 92, 2013 жылы – 173, 2014 жылы – 245, ал, биылғы жылдың бес айында 105 педофилге қатысты қылмыстық істер қысқартылып, қорқаулар жазадан құтылып кетіпті.

Боранбай ҒАЛИЕВ,

Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз