АРАҚ ІШУДІҢ АҚЫРЫ ҚАЙҒАЛЫ ОҚИҒА ДУШАР ЕТТІ

Бұл оқиға осыдан төрт жыл бұрын орын алған. 42 жастағы қазақ жігіті, бір жағынан, отбасынан ажырасқандықтан, екінші жағынан, уақытша жұмыссыз болғандықтан көбіне арақ-шарап ішумен жүреді. Сол күні масаңдау жігіт өз үйлерінің ауласында орналасқан гаражда болады. Кенет ол гараж алдымен өтіп бара жатқан бейтаныс жігітті көріп, өзімен бірге арақ ішуге шақырады. Не керек, сол жерде біраз әңгіме айтылады. Әрі-беріден соң екеуі сөзге келіп, керісе кетеді. Өзінің не істеп, не қойғанына есеп бере алмаған гараж иесі шақырып алған «қонағының» иығы мен кеуде тұсына асхана пышағын сұғып, аяусыз тілгілеп тастайды. Ажал айдап келген бейтаныс жігіт сол оқиға болған жерде жантәсілім етеді...

 

Мас та болса орны толмас өкініш – кісі өлтіру қылмысын өз қолымен жасағанын білген әлгі жігіт жансыз денені жасыру мақсатында гараж ішін қазады да, целлофанмен орайды. Содан оны өзі қазған жерге салып, дымын білдірместен топырақпен көмеді. Осылайша бұл қылмыстың беті ашылмай ондаған жылдар бойы жата берер ме еді, кім білсін. «Адамның құны жатпайды, түбі ашылады» демекші, қанша жерден болған оқиғаны ұмытайын десе де, оның көз алдынан сол жігіттің кескін-келбеті кетпей қояды. Сөйтіп, ол күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Қылмысын есіне түсірмеу үшін ол араққа да салынып көреді. Бірақ одан ештеңе өзгермейді. Әбден жаны қиналған ол «осындай іс жасадым» деп бауырларына да айтып жүреді. Олар мұның сөзін шындыққа емес, мас кісінің даурықпа әңгімесіне телиді. Өзіне үйдегілердің сенбей жүргенін білген ол, ақыры күрек-сүйменін алып, сол баяғы кісі көмген жерді қазуға кіріседі. Осы сәтте полиция қызметкері келіп, полиция бөлімшесіне алып барады…
Сот наркологиялық сараптаманың амбулаториялық актісіне сәйкес бұл кісінің алкогольді тұтыну арқылы психикалық, мінез-құлықтық бұзылуына шалдықпағанын анықтады. Дегенмен, ол еріксіз емдеуді қажет етеді. Ал, осы қылмыстық іс-әрекетті жасаған кезде ол психикалық бұзылу жағдайында болмаған. Қайта өзінің іс-әрекетінің қоғамға қауіптілігін түсінетіндей күйде болған. Зерттелген дәлелдемелерді саралай отырып, сот сотталушы мен тергеумен анықталмаған белгісіз адам арасында туындаған келіспеушілік салдарынан сотталушы соңғысына қаза қылған деген тоқтамға келеді. Сөйтіп, арадағы келіспеушілікті себеп қылып, жәбірленушінің мойны мен кеуде тұсына пышақ салғаны дәлелденді деп есептейді.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ж.Ташимовтың төрағалық етуімен болған сот отырысы осынау қылмыстық істі қарап, қылмыскердің іс-әрекетінің қасақана адам өлтіруге бағытталғанын анықтады. Осылайша сотталушының қылмысы кісі өлтіру, басқа адамның құқығына қарсы қасақана қаза келтіру деп табылды. Сөйтіп, ҚР Қылмыстық Кодексінің 96-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза өтеу орны түзеу колониясының қатаң режимінде белгіленді.
Адамдар, соның ішінде мұсылман жұрты ешқашан сау отырып, бір-біріне қол көтермек түгілі, ауыр сөз айтпаған. Мынадай кісі өлтіруге дейін баратын сорақылықтар, әрине, ащы судың зардабынан кейін орын алады.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз