ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ӘЛЕУЕТТІ КӨТЕРДІ

Жуырда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында алқа отырысы болды. Аталған отырысқа қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің және жұмыспен қамту орталықтарының басшылары қатысты. Алқа отырысына қатысушылар аталған басқарманың өткен жылы атқарған жұмысы мен үстіміздегі жылға арналған жаңа міндеттерімен танысты.

 

Көмек  алушылар көбейді

Жиналғандар алдында бұл туралы басқарма басшысының орынбасары Балдай Өтеғалиева баяндады. Халықты әлеуметтік қорғау саласына облыс бюджетінен бөлінген қаражат көлемі былтырмен салыстырғанда 11,2 пайызға артқан. Өткен жылы жұмсалған қаражаттың 780,9 млн. теңгесі (21,7 пайызы) жұмыспен қамту саласына бағытталса, 1560,3 млн. теңгесі (43,5 пайызы) аз қамтылған отбасылары мен мүгедектерді әлеуметтік қолдауға, 794,4 млн. теңгесі (22,1 пайызы) медициналық әлеуметтік мекемелерде қарттар мен мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге бағытталған.

Былтыр кедейлік деңгейіндегі 2862 адамға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, оларға 77,6 млн. теңге көмек төленді. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар бұрнағы жылмен салыстырғанда 2,0 пайызға артқан. Ал, аз қамтылған 5072 отбасындағы 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақымен 14 885 бала қамтылып, оларға 246,8 млн. теңге тағайындалып, төленген.

«Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» атты Ұлттық жоспардың 84-ші қадамында әлеуметтік көмекті, оның атаулылығын күшейте отырып, барынша оңтайландыру көзделіп отыр. Осыған орай әлеуметтік келісім-шарт негізінде шартты ақшалай көмек мәселесі енгізілді. Өткен жылдың 1-ші шілдесінен бастап жергілікті бюджет қаражаты есебінен Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында пилоттық режимде «Өрлеу» жобасы енгізілді. Аталған жобаға 129 адамнан тұратын 22 отбасы тартылып, оған жергілікті бюджеттен 6,0 млн. теңге қаражат бөлініп, төленген. Үстіміздегі жылы бұл жоба барлық ауданға енгізіліп, оған 141 отбасы – 789 адам тартылады деп жоспарлануда.

Халықтың әл-ауқатын көтеру үшін олардың тұрақты жұмыспен қамтылуы маңызды. Былтыр 16 800 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланса, жыл қорытындысында 17 059 жаңа жұмыс орны ашылды. Еңбек нарығын реттеудің тиімділігін арттыру мақсатында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру өткен жылы да жалғасын тапты.

Мүгедектерді қорғау – басты бағыт 

Облыстағы барлық санаттағы мүгедектер саны биылғы қаңтардың 1-іне 17 960 адам болды. Жалпы мүгедектер облыс халқының үш пайызын құрайды. Оларды оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаториялық-курорттық жолдамалармен, тифло-сурдотехникалық, техникалық көмекші және арнаулы жүріп тұру құралдарымен, протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамту толық жүзеге асырылуда. Мүгедектерді оңалтуға өткен жылы 288,3 млн. теңге қаражат жұмсалған. Соның ішінде 1206 мүгедекке емдеу-сауықтыру орындарына – санаторияларға жолдама берілді.

Атырау қаласындағы әлеуметтік сала жұмысы жөнінде қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысы Нұрлы Хабиева, Жылыой аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Серік Хамидолла хабарлама жасады. Сөз болған мәселелер жөнінде көпшілік өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. 

Алқа отырысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Еркін Шпанов жарты ғасырдай еңбек еткен, оның жиырма жылға жуығын осы әлеуметтік салаға арнаған ардагер Өтеген Досқалиевты ұжым атынан құттықтап, құрметті еңбек демалысына салтанатты жағдайда шығарып салды. Отырысты қорытындылаған басқарма басшысы былтыр әлеуметтік салада біраз жұмыс атқарылғанын, халықтың ең көп келетін қызметі – әлеуметтік саланы бұдан әрі жандандыру қажеттігін айтып, әркім өзі атқарып отырған жұмысына зор жауапкершілікпен қараса, шешілмейтін түйіннің болмайтынын еске салды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз