АДАСҚАН ӨМІР

жат  ағымның  жетегіне  ергендер  ойланса  екен!..

«...Соңғы кездері жастардың өз бетімен немесе отбасымен бірге шетел асып жатқандығы туралы хабарды жиі еститін болып жүрмін. Осы бір жағдай қалам алып, хат жазуыма себепші болды...» деп бастапты хатын редакциямызға әкелген ана. Аты-жөнін көрсетпеуімізді өтінген ана ұлының «терроризм» бабы бойынша 2011 жылы сотталып кеткенін айтты. «Ұлым қазір қателігін түсінді. Ол бүкіл елден кешірім сұрайды. Еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын ана ретінде осы хатты жастарға арнап әкеліп отырмын» деді ана.

«Жастар! Қандайма қадам жасамас бұрын сіздерден жақсылап ойлануды ана ретінде өтініп тұрып сұраймын. Сіздерді тоғыз ай бойына тар  құрсағында көтеріп, осы күнге жеткізген аналарыңыз, әкелеріңіз, отбасыларыңыз туралы ойлаңыздар. Ұлының өзінен құпия түрде шет асып кеткенін, енді оны көру-көрмеуі неғайбыл екенін жан-тәнімен сезінген ана қандай күйде өмір сүруі мүмкін?

Қай анаға да ұлынан тірілей айырылудан асқан азап, қасірет жоқ. Мұның барлығын өз басымнан кешірген жайт болғандықтан ғана жазып отырмын. Рас, менің ұлым шетел асқан жоқ. Бірақ, оның тағдыры темір торға тағандалып отыр» деп жазыпты қайғы жамылған ана.

Адасқан ұлдың тағдыры азапқа салған ананың жазуынша, қолында қазір келіні мен немересі бар. «Немерем маған үміт сыйлайды. Мейлі бүгін, ертең, тіпті келер жылы болмаса да, әйтеуір күндердің күнінде ұлым бостандыққа шығып, жаныма оралады. Отбасымен бірге өмір сүретін болады. Сол үміт қана мені алға жетелеп келе жатыр. Сондықтан, жастар аналарыңызды алдау арқылы, олардың өмірімен қоса, тағдырын да тас-талқан ететіндеріңізді еске салғым келеді. Осыдан соң сіздер қасиетті Құрандағы «Жұмақ ананың табанының астында…» деген сөздерді қалай ғана оқиды екенсіздер?» деп хатын түйіндепті ана.

Өкінішке орай, әлемде орын алып жатқан қанды оқиғалардың зардаптарына қарамастан, жат ағымның жетегіне еріп, ессіз әрекеттерге барып жатқандардың саны аз емес. Осыдан екі жыл бұрынғы мәліметтің өзінде экстремизм мен терроризм бабы бойынша сотталғандардың саны ел бойынша 500-ге жеткені айтылады.

Күні кеше ғана ата-ананың жанынан қарға адым басып аттамайтын жеткіншектердің әп-сәтте жанкештіге айналуының артында не тұр? Бейкүнә адамдарды өлтіруге немесе оларға қаскүнемдік жасауға деген құлшыныс неден туындап отыр? Дәл осы сұраққа келгенде пікірлер бір арнаға тоғыспай келеді.  Дейтұрғанмен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға экстремистердің ықпалы әлдеқайда күштірек болуы әбден мүмкін-ау…

P.S. Қалай десек те, террористік шабуылды жасауға тікелей қатысатындар да,  оның зардабын тартып жатқандар да – ең алдымен, өз еліміздің азаматтары. Тиісінше, еліміздің қойнауы қазынаға толған кең-байтақ жеріне иелік етіп, жергілікті жұртты тоз-тоз етуді ғана көздеген мүдделі топ, ұйымдардың, бәзбір елдердің жымысқы саясатының құрбанына айналып жатқандар да – өзіміздің қаракөздеріміз. Сондықтан да, қоғам бұл мәселеге ортақ  проблема ретінде қарап, ғасыр дертіне айналған терроризмге біріккен түрде қарсы тұру механизмдерін іске қосуы қажет. Әлеуметтік саясат әлі де болса жетілдіре түсуді, ағартушылық саладағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізіп отыруды қажет етеді. Бұл – заман талабына айналып отырған аксиома.

Баян  ЖАНҰЗАҚОВА.

Тақырыпқа  тұздық

ҚР-ның «Қылмыстық Кодексінің» 255 – 261, яғни терроризм, экстремизм баптары бойынша айыпталушыларға үш жыл мен жиырма жыл аралығындағы мерзімге және қылмыстың ауырлығына байланысты өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы беріледі екен. Тиісінше, бар мүлкі тәркіленеді.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз