ӘҢГІМЕ КЕШІККЕН КЕШІРІМ

...Мектеп бітірген соң жан-жаққа тараған қатар-құрбылар жаздың жаймашуақ ұзақ күнінің бірінде бас қосты. Ішімдік ішілді, әзіл айтылды. Қыздардың бірінің көзі мұның қолындағы ауыр сағатқа қадалды.

- О-о-о, керім сағат алыпсың ғой!

Жоқ жерде қарсы отырған Жігердің «Беспонтовый сағат!» деп қыстырыла кеткені. Мектепті бұдан бір жыл бұрын бітірген осы ауылдасының пысықтығын ұнатпайтын. Бүгінгі отырысқа шақырылмай келгенін де жақтырмай отыр еді. Шылым шегуге шыққан үзіліс кезінде «жөніне отыруы керектігін» есіне де салды. Ол да «жарайды» дей қоятын адамның түрінен болмады. Қарсы жауап қайырды. Шарт та шұрт төбелес.

Кештің соңы әдеттегідей төбелеске ұласа бастағанын аңғарған қыз-жігіттер тарауға айналды. Самат пен Жігердің шарпысуынан олар пәлендей ештеңе көрген жоқ еді. Бас жарып, көз шығаратындай не бола қалды дейсің?!

Бірақ, елдің аяғы басыла бере ауылдағы қалтарыс тұстардың бірінде екеуі тағы жолықты. Бұл одан үстемдігін көрсетпек оймен өткір бәкісін қалтасына салып алған. Оны «қажетке жаратамын» деген ойдың ол кезде басына келмегені анық. Әжік-күдік әңгімеден кейін татуласудың орнына аралары мүлдем күшейіп кетті. Қолдаса кеткен төбелестің бір тұсында күші кете бастағанын аңғарып жатып, қалтадағы бәкісін айдың жүзіне шағылыстыра суырып алған күйі Жігердің сол жақ қабырғасына сыналай сұғып алды.

Ол бірден сұлқ түскен жоқ. «А-а, ит!» деп қолымен шапшып аққан қанды бөгемек болғандай, еңкейе берді. Түн қараңғылығы қою қошқыл қанды көрсетпесе де, орны толмас бір сұмдықтың орын алғанын Самат жан-тәнімен сезді. Сөйтті де жақын маңдағы үйлердің есігін жын соққандай жанталасқан күйінде жанұшыра соққылап шықты: «Көмектесіңдер! На помощь!».

Жан-жақтан ұйқысыраған жұрттың «кім-әйлаған» даусы естіліп, шамдар жарқырап жана бастағанда ол үйіне қарай жүгіріп бара жатқан. Ерні-ерніне тимей «шекара, шекара» дегенді дамылсыз қайталаған жігіттің бағыты айқын еді. Жеке бас куәлігі қайда тұр еді? Ас үйдегі шкафта мамасының ертең Астраханнан барып азық-түлік әкелем деген ақшасы тұрған болар?! Банкоматтық кәртішкесі… «Ұмытпа, Самат, ұмытпа!»

Көлігі бар ауылдасын шекараға дейін жеткізуге екі есе бағасына көндіріп, Ресей жеріне табан тірегесін де көңілі жай таба қоймады. Бір ауыл елдің дәл қазір дүрлігісіп, қайғыдан қан жұтқан Жігердің туған-туыстары өзін қарғап-сілеп жатқанын ол жақсы білді. Құрығы ұзын полицейлердің ерте ме, кеш пе, қолы жетеріне де күмәнданбады. Қайран әке-шешесі, бауырлары мұны қылмысқа барды дегенге қимай отыр-ау… Кешірер ме екенсіңдер, кешіресіңдер ме?! Бойын билеген мазасыз хал тыным таптырмай, бөтен елдің тұрғыны аз, кісі аяғы сирек баратын түкпіріне қарай жылжи берді… жылыстай берді. Одан арғысы белгілі.

…Туып-өскен еліне кісенмен жеткізілген жігіт көңілі алабөтен алабұртып тұр еді. Өсіп-ержетіп, ат жалын тартып мінген жердің топырағы да, түтіні де алабөтен екен-ау, шіркін! Көзінен ыстық жас ыршып түсті. Сұпығалидың бұдан он екі жыл бұрын кісі өлтіріп, қашып кеткен баласының қолға түскені жайлы хабар елге бұрын жетті. Бауыр еті баласын ақыры кешпей кеткен Сұпығалидың денесі осыдан екі жыл бұрын жер қойнына берілген. Анасы Сакошының табылғанын естіп, аңырап жылап алды.

Ауылдастары болса, Саматтың келгені жайында біріне-бірі қайшы небір нұсқаны түрлендіріп, желдей естіртіп жатқан. Бірі «Самат ол жақта да кісі қанын  жүктеп қолға түсіпті» десе, екіншілері «түрмеде отырып, «авторитет» болған көрінеді»  деп көзбен көріп, қолмен қойғандай сендіретін. Қылшылдаған жас күнінде кеткен жігіттің самайына ақ кіріп, еңкіш тартқаны да назардан тыс қалмапты.

Он екі жыл бұрын қапияда қаза тауып, өмірден ұрпақсыз өткен немересін жоқтайтын Зиядин қария бұл хабарды естіп, «Е, Құдай, бар екенсің-ау!» деп тәубе етіп еді.  Сүйегі асыл қария сексеннің жетеуіне келсе де тіп-тік қалпын сақтаған. Сүйікті немересінің, бірер жыл бұрын жол апатынан қайтқан үлкен қызының қазасы оны теңселтіп кетсе де, сындыра алмапты.

Жігердің атасын әлдеқашан бақилық болдыға санап жүрген Самат сот отырысына келген қарияның бір кездегі қалпынан қылаудай да өзгермегенін көріп, таң қалды. Зиядин ақсақал кінәсін мойындаған қылмыскердің заң жолына сәйкес жазалануын табандап сұрап, «оның сотты болғанын өз көзімен көрмейінше өлмейтінін» де айтып салды.

Қылмыстық істі қайта көтеру барысындағы бір жағдай қартты қатты ширықтырды. Самат шекара асатын кез елдегі үлкен құрылымдық өзгерістермен тұспа-тұс келген-ді. Егемен ел еңсесін жаңа тіктеп, қоғам нарықтық қатынастарға бейімделіп жатқан. Осындай аумалы-төкпелі тұста әлдебір себептермен тергеуге түскен Саматтың қылмысы жайлы айғақтар да жоғалып кетіпті. Үлкен кісі «іс жабылып қала ма?» дегендей қауіп алған. Онысы бекер болды. Іс қайта қозғалып, айыпты деп табылған Самат ҚР Қылмыстық Кодексі 133 бабының 3-тармағымен бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Зиядин ақсақал немересін өлтірген жігіт жазасын өтеп келген жылы көз жұмыпты. Өмірден баз кешерінде «Жігержаныма бара жатырмын. Қылмыстының заңнан құтылмағанын айта барармын» десе керек. Әкесінің бейітіне әйелі мен бала-шағасын ерте баратын Самат олардың аруағынан кешірім сұрап, құран бағыштауды еш ұмытқан емес.

Құралай Қуатова.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз