
ЖИ және медиа: Журналистің міндеті қандай?
Бүгінгі журналист ақпарат таратушы ғана емес, сонымен қатар технологияны меңгерген медиасарапшы, деректерді талдай алатын контент-креатор да болуға тиіс. Ал бұл – кәсіби дағдыларды жаңарту мен жаңа форматтарға бейімделуді қажет етеді. Осы үдеріс салалық журналистиканың аясын кеңейтіп, білім, ғылым, экология, энергетика, цифрлық экономика сияқты бағыттарда сапалы материалдар әзірлеуге жол ашады.
Сондай-ақ аудиториямен жұмыс істеудің жаңа модельдері қалыптасып, медианың сенімділік пен жеделдік принциптері қайта қаралуда. Осындай өзгерістер жағдайында журналистер қалай жұмыс істеуі керек? Интернет-басылымдардың өкілдері қандай құндылықтарға мән беруі тиіс? Осы және өзге де өзекті сауалдар Астана қаласында өткен «Astana Media Week 2025» форумында жан-жақты талқыланды.
Ақпаратты сүзгіден өткізу маңызды
«Ұлтқа қызмет ету – медиа миссиясы» тақырыбында өткен форумның ашылу салтанатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның алғысөзі оқылып, заманауи дәуірдегі БАҚ саласындағы жауапкершілік туралы атап айтылды. Форум барысында медиа мамандар, редакторлар және цифрлық технология саласының сарапшылары журналистиканың жаңа кезеңіндегі миссиясы, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану және отандық медианың даму келешегі жөнінде пікір алмасты.
Бүгінде отандық БАҚ-та жасанды интеллект мәтін жазумен қатар фото-видео дайындауда басты көмекші құралға айналды. Бұл уақыт пен қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді. Десе де сала мамандары кез-келген деректің дұрыстығына ең алдымен журналист жауапты екенін айтады.
– ЖИ-ден дереккөз сұрасаңыз, өзі сілтемесін береді. Мысалы біздің жұмыста әр журналист алған материалдарын міндетті түрде тексереді. Өйткені жауапкершілік қашан да журналистің өзінде болады. Ал ЖИ-дің ешқандай жауапкершілігі жоқ. Сондықтан жасанды интеллект берген ақпаратты сүзгіден өткізу аса маңызды, — деді «Qazcontent» АҚ SЕО маманы Аршат Ораз.
Бұл пікірді «Жетінші арнаның» бас директоры Илхам Ибрагим де қостады. Оның айтуынша, ЖИ арқылы жасалған материал білікті журналист жазған дүниеден өзгеше болатынын көрермен әрдайым айыра алады. Сондықтан кәсіби журналист пен телеарна мамандарына сұраныс қашан да жоғары.
– Бүгінде біз ЖИ-ді телеарнада көп қолданбаймыз. Тек digital мамандар мен дизайнерлер визуализацияны жақсарту үшін пайдаланады, ал тікелей эфирге ЖИ-ден алынған дүниені шығармаймыз.
ЖИ-дің бір жағынан жақсы тұстары да бар. Қазір редакцияда ер журналистерге сұраныс жоғары, әсіресе орыс тілді ер-азаматтар қажет. Арнада әйел мамандар көп болғандықтан, ерлердің дауысын аударма барысында қолдану үшін ЖИ-ге жүгінеміз. ЖИ-дің пайдалы да, кемшін тұстары да бар. Сондықтан тек пайдалы жақтарын ғана қолдану керек, — деді И.Ибрагим.
Шынайылық – ең құнды ресурс
Технология күн сайын дамып, жасанды интеллект адам дауысын, бейнесін, тіпті эмоциясын да айнытпай жасай алатын деңгейге жетті. «Осындай уақытта шын мен жалғанды қалай ажыратамыз?» деген орынды сауал туындайды.
Медиаменеджер, сарапшы Бағлан Айдашовтың айтуынша, «Z.ai» платформасы жасанды және шынайы дүниені ажыратып береді.
«Z.ai» – контенттің түпнұсқалығын анықтауға, яғни мәтіннің, фото мен видеолардың жасанды интеллект көмегімен жасалған-жасалмағанын тексеруге мүмкіндік беретін құрал. ЖИ дәуірінде шынайылық – ең құнды ресурс. Ақпарат көп, бірақ сенім аз кезде шын мен жалғанды айыра білу – медиасауаттылықтың басты көрсеткіші.

Кімге сенеміз?
Келесі онжылдықтағы ақпарат кеңістігінде жұртшылық кімге көбірек сенеді? Адамға ма, медиаға ма, әлде алгоритмге ме? Форум аясында медиасарапшылар бұл сұрақты да талқылап, пікір алмасты. Сарапшылардың сөзінше, сенімнің дамуы технология мен алгоритмге ғана емес, сонымен қатар адамның кәсіби жауапкершілігіне, медиаэтикаға және қоғам алдындағы адалдыққа тікелей байланысты.
– Менің ойымша, бәріне де сенім болуы керек. Бұл үшін бүгінде түрлі шаралар қабылданып жатыр. Бірақ шынайылық, заңдылық және ашықтық деп аталатын үш принцип ешқашан өзгермеуі тиіс, — деді Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Ал Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, сенімнің басты көрсеткіші – ең алдымен адамның өзінде болуы қажет.
– Карантин кезінде дипломатия саласының жұмысы да онлайн форматқа көшкені белгілі. Әрине, Zoom арқылы келіссөздер жүргізу тиімді болғанымен, бетпе-бет кездесіп, көзбен көріп сөйлесудің орны бөлек. Өйткені сенім тек сөз арқылы емес, қарым-қатынас пен шынайы байланыс арқылы қалыптасады, — деді А.Смадияров.
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанна Арынбекованың пікірінше, қазіргі медиакеңістіктегі сенімділік адам факторына ғана емес, сонымен қатар алгоритмдердің ашықтығы мен цифрлық платформалардың жауапкершілігіне де байланысты.
– Қазір ақпараттың таралу жылдамдығы бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Әлеуметтік желілер мен жаңалық агрегаторларындағы контентті іріктеу мен ұсыну жүйесі – бәрі алгоритмге тәуелді. Сондықтан бүгінде сенімнің бастауы осы алгоритмдердің қалай жұмыс істейтініне, қаншалықты әділ және бейтарап екеніне байланысты. Ал егер алгоритмдер ашық, ал медианың жұмысы нақты дерек пен тексерілген ақпаратқа сүйенсе, қоғамның сенімі де арта түседі. Сол себепті журналистер мен медиа мамандар контент жасаушы ғана емес, ақпараттың сапасын бақылайтын жауапты тұлға болуға тиіс, — деді Ж.Арынбекова.
«Freedom Ticketon-ның» коммуникациялар жөніндегі директоры Азамат Атагелді сенім ұғымына байыптылықпен қарау қазіргі қоғам үшін ең маңызды қасиеттердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, сенімнің түп негізі адамның өз жауапкершілігі мен ішкі мәдениетінде жатыр.
– Бүгінде ақпарат тасқыны өте көп. Күн сайын түрлі дерек пен жаңалық ағынында жүреміз. Осындай жағдайда әр адам неге сену, нені қабылдау керегін өзі саралай білгені жөн. Сенім – бұл тек басқаға сену емес, өзіңнің ойың мен ұстанымың үшін жауап бере алу қабілеті. Адам ақпаратты ой елегінен өткізіп, эмоциямен емес, парасатпен қабылдағанда ғана қоғамда шынайы сенім қалыптасады. Байыптылық – соның кілті. Егер әр адам өз ісіне, сөзіне жауапкершілікпен қараса, сенім де, бірлік те беки түседі, — деді А.Атагелді.
Осылайша, сарапшылар сенімнің болашағы тек технология мен адам арасындағы тепе-теңдікте болуы қажет деген тұжырымға тоқталды.
Media Week: Мүмкіндіктер мекені
Үш күнге созылған форум аясында қатысушылар үшін медиаэтика, деректі фильмдер өндірісі, жасанды интеллект, имидж қалыптастыру, цифрлық коммуникациялар, дата-журналистика және журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру тақырыптарында панельдік пікірталастар, шеберлік сабақтары мен жабық питчинг-жобалар ұйымдастырылды. Спикерлердің қатарында Euronews, Anadolu Agency, TRT Avaz Kanal, «Хабар», «Qazaqstan», Atameken Business, NUR.KZ секілді отандық және еуропалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен Өзбекстан, Түркия мен Еуропадан келген медиа сарапшылар бар.
Форум бағдарламасында стриминг платформалар нарығына арналған арнайы сессиялар да өтті. Оған TV+, Кинопоиск, Unico Play, Birge TV, Freedom Media өкілдері қатысты.
Сонымен қатар екі күн бойы медиаорталық холлында 50 метрлік LED-экранда «Astana Media Week 2025» контент-маркеты өтті. Мұнда жаңа форматтар мен халықаралық кооперациялар таныстырылып, продакшн-компаниялар, дистрибьютор-лар мен платформалар арасында іскерлік кездесулер ұйымдастырылды. Қатысушыларға Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай және Қазақстан нарықтарына арналған бірлескен жобалар ұсыну мүмкіндігі берілді.

Glam Bot – саладағы жаңа толқын!
Форум алаңында ерекше технологиялар, соның ішінде видеооператордың орнын басуға қабілетті Glam Bot атты интеллектуалды робот көпшіліктің назарын аудартты. Бұрын бейнеролик түсіру мен монтаждау үшін тұтас команда қажет болса, енді бұл жұмысты бір ғана робот орындай алады. Glam Bot бейнені өзі түсіріп, автоматты түрде монтаждап, өңдеп, дайын өнімге айналдырады. Медиатехнологияның жаңа бағыты саналатын бұл жүйе – ЖИ-дің шығармашылық индустрияға нақты енуінің айқын дәлелі.
Кадр артында енді оператор емес, ақылды алгоритм жұмыс істейді. Форумға қатысушылар роботтың жұмысына ерекше қызығушылық танытып, оның дәлдігі мен жылдамдығына таңданыстарын жасырмады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай технологиялар болашақта журналистика мен продакшн саласында уақыт пен ресурсты үнемдеп, медианың жаңа форматын қалыптастырады.
– Glam Bot роботы – технологияның дамуы мен инновацияның айқын көрінісі. Бірнеше адамның атқаратын жұмысын бір өзі санаулы секундтар ішінде жүзеге асыра алады. Мұны көргенде шыныменен таңғаласыз. Осындай заманауи технологиялар уақытты үнемдеумен шектелмей, шығармашылық процесс пен кәсіби сапаны жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, — деді Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрсұлтан Қазбек.
Бағыт-бағдар медиаэтикадан басталады
Форум аясында медиаэтика және редакторлық жауапкершілік тақырыбы кеңінен әңгіме болды. Парламент Сенатының депутаты, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай бүгінгі ақпарат кеңістігіндегі кәсіби мәдениеттің маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, жасанды интеллект дәуірінде медиа қоғамның беделін редакторлар мен журналистердің этикалық ұстанымына сүйене отырып сақтай алады.
– Ақпарат кеңістігіндегі бағыт-бағдар медиаэтикадан басталады. Шынайылық пен әділдік – медианың ең басты капиталы. Егер журналистика осы құндылықтардан алыстаса, қоғамның сенімі де әлсірейді. Сондықтан сала қаншалықты қарқынды дамыса да, журналистке тән этика құндылығы жоғалмауы қажет, — деді Бибігүл Жексенбай.
Форум барысында «Редакторлар манифесі» таныстырылды. Бұл құжатта баспасөздің қоғам алдындағы жауапкершілігі, кәсіби әдебі және ақпараттық қауіпсіздік қағидалары қамтылған.
P.S. ЖИ дәуірінде журналистика технологияға ғана сүйене алмайды. Ақпараттың жылдам әрі автоматты түрде өңделуі маңызды болса да, ең бастысы – адамдық сенім мен этика бірінші кезекте болуға тиіс. Журналистің кәсіби шешімі, шынайылығы және жауапкершілігі аудиторияға берілетін ақпараттың сапасын анықтайды. Интернет БАҚ тек сапалы, дәлелді және шынайы ақпарат ұсына отырып, қоғамның сенімін арттыра білсе, сол кезде ғана медиа саласы технологиялық жаңалықтармен бірге дамудың жаңа деңгейіне көтеріледі. Сондықтан журналистикада адамдық құндылықтар мен заманауи технологиялар бір-бірін толықтырып, үйлесімді жұмыс істеуі ләзім.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Атырау – Астана – Атырау



