
Жас мамандар жасанды интеллекті меңгеріп жатыр
Атырау энергетика және құрылыс колледжінде бүгін Атырау облыстық білім беру басқармасының әдістемелік орталығымен бірлескен «Жасанды интеллект пен цифрлық өндіріс құралдарын меңгеру: оқытушыларға арналған тәжірибелік курс» атты облыстық семинар өтті.
Шараның басты мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жас маман оқытушыларының жасанды интеллект, цифрлық өндіріс және заманауи технологиялармен (ЧПУ, лазерлік кесу, 3D басып шығару) жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру, сонымен қатар осы құралдарды оқу процесінде тиімді пайдалану арқылы білім сапасын арттыру болды.

Семинарға облыстық білім беру басқармасы мен әдістемелік орталық өкілдері, өңір колледждерінің жас оқытушылары қатысты. Іс-шараның ашылуында Атырау энергетика және құрылыс колледжінің директоры Тұхфаттола Жұмағазиев қатысушыларды құттықтап, елдегі цифрландыру саясаты мен жасанды интеллектінің қоғамдағы рөліне тоқталды.

– Жасанды интеллект – ел дамуының стратегиялық бағыты. Бұл технология білім беру, ғылым және экономиканы дамытуда жаңа мүмкіндіктер ашады. Біздің міндет – осы бағытты тиімді пайдалану, — деді Тұхфаттола Махфузұлы.
Семинар барысында қатысушылар жасанды интеллекттің негізгі ұғымдары мен цифрлық өндіріс құралдарының жұмыс істеу мүмкіндіктері жөнінде дәрістер тыңдады. Колледждің цифрлық өндіріс зертханасында сандық бағдарламамен басқарылатын фрезер-гравер станогы (ЧПУ), лазерлік кесу және гравер станоктары, 3D-принтер және интерактивті басып шығару құрылғыларымен жұмыс істеудің тәжірибелік сабақтары көрсетілді.

Сонымен қатар жаңа технологияларды оқу процесіне енгізудің әдістері, қауіпсіздік техникасы және автоматтандырылған өндіріс жүйелерін басқару бойынша тәжірибе алмасу ұйымдастырылды.
Семинар соңында барлық қатысқан педагогтарға арнайы сертификаттар табысталды.
Атырау энергетика және құрылыс колледжі мен облыстық әдістемелік орталық алдағы уақытта да өңір педагогтарының кәсіби шеберлігін арттыру бағытындағы осындай тәжірибелік семинарларды бірлесіп өткізуді жалғастырмақ.
Алмас ҚАБДОЛ



