Жарнама
Цифрландыру

Жалған несие үшін енді сотқа жүгінудің қажеті болмайды

Қазақстанда азаматтардың атына келісімінсіз несие рәсімдеу оқиғалары жиілеп келеді. Кей жағдайда банк клиенттің қатысуынсыз-ақ, қашықтан биометриялық тексеру арқылы несие бере салған фактілер де анықталған. Мұндайда адам өзінің қарызға батқаны туралы тек коллекторлар хабарласқанда немесе төлем кешіктірілді деген ескертпе келгенде ғана біледі. Бұған дейін мұндай даулар тек сот арқылы шешілетін. Енді бұл процесті айтарлықтай жеңілдететін жаңа ереже қабылдануда.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Жаңа тәртіпке сәйкес, адамның атына несие оның келісімінсіз, биометриялық сәйкестендірусіз рәсімделсе, банк бұл несиені сотқа жүгінбей-ақ есептен шығарады.

Процедураның негізгі алгоритмі мынадай: азамат құқық қорғау органдарына арыз түсіреді. Тергеу органдары несие алаяқтық жолмен рәсімделгенін растаса, банк қарызды бірден кешіреді. Бұрынғыдай айлар бойы сотқа барып, қарыздың заңсыз екенін дәлелдеп жүрудің қажеті болмайды. Бұл механизм Ішкі істер министрлігімен келісілген және банктер үшін міндетті нормалар ретінде енгізіледі.

Соңғы екі жылда Қазақстанда шамамен 1400 адамның атына рәсімделген 1500-ге жуық несие алаяқтық деп танылып, банктер оларды кешірген. Жалпы сомасы — 1,9 млрд теңге. Мұның өзі мәселенің қаншалықты өзекті екенін көрсетеді.

Бұл өзгерістер қаржы ұйымдарының жауапкершілігін арттырумен қатар, азаматтарды цифрлық алаяқтардан қорғауға бағытталған.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Сурет ашық дереккөзден алынды

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button