
Интернеті жоқ ауылдар
Бүгінде әлемнің даму бағыты цифрлық технологиялармен тығыз байланысты. Бұл үдерістен Қазақстан да шет қалған жоқ. Соңғы жылдары «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру, ауыл-аймақты интернетпен қамту, білім мен медицинаны қашықтан басқару сынды бірқатар ілкімді жобалар жүзеге асты.
Алайда бұл игі бастамалармен қатар шешілмеген түйіндер де жетерлік. Кейбір шалғай елді мекендер әлі күнге дейін сапалы интернетке қол жеткізе алмай отыр. Ал цифрлық сауаттылық деңгейі халық арасында тең дәрежеде емес. Жүйелердің жиі істен шығуы мен қауіпсіздік мәселелері әлі өзекті күйінде.
Барлық мәселе – бір құжатпен
Бұрынғыдай емес, қазір цифрлық жүйе барлық салаға енді. Бүгінде қолдағы ұялы телефонның өзімен біраз шаруа бітіруге болады. Цифрлы қолтаңбамен бірнеше құжатқа қол қойып, ипотека рәсімдеуге де мүмкіндік бар. Біздің өңір бұл үрдістен тыс қалмай, цифрландыру саласында бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. Мемлекеттік қызмет көрсету, жер қатынастары, тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау және инфрақұрылым сынды маңызды бағыттарда ақпараттық жүйелер мен цифрлық платформалар енгізіліп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды.
Айталық, өңірде жүзеге асырылған ірі жобалардың бірі – облыстың геоақпараттық порталы. Бұл – өңірдің аумағына қатысты пайдалы және өзекті мәліметтерді қамтитын заманауи веб-платформа. Онда облыстың Бас жоспары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, инженерлік желілер, қызыл сызықтар, жер телімдерінің орналасуы мен шекаралары, ғарыштық және жерді пайдалану мониторингіне қатысты мәліметтер жинақталған. Мұндай кешенді ақпарат билік органдарына нақты әрі жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Бүгінде облыстық жер ресурстарын бақылау департаменті пайдаланылмай жатқан немесе заң бұзушылықпен қолданылып жатқан жер телімдеріне тексеру жүргізуде. Геопортал арқылы 53516 қызмет көрсетілген. Сондай-ақ жер учаскелерін онлайн үлестіру мақсатында «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры», «Электрондық үкімет» порталы және мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған жүйелерімен интеграция жүргізілді.
Тағы бір маңызды жетістік – геоақпараттық жүйенің «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясының жүйесімен біріктірілуі. Осы арқылы ауыл шаруашылығы алқаптарының жағдайы, қалдық полигондары, пайдалы қазбалар өндірісінің нақты шекаралары мен олардың бұзылу жағдайлары туралы ақпараттар қолжетімді болды. Бүгінде бұл жүйемен 70-тен астам кәсіпорын-мекеме жұмыс істеуде.
Өткен жылы «Атырау жастары» бағдарламасы аясында тұрғын үйге өтініш қабылдау толықтай цифрландырылды. Жоба аясында 851 өтініш қабылданып, соның нәтижесінде Атырау қаласынан 119 пәтер, аудан орталықтарынан 15 үй берілген.
Медицина саласы қызметкерлері үшін де цифрландырудың пайдасы зор болды. Биыл маусым айында басталған жеңілдетілген несие беру бағдарламасы цифрлы портал арқылы жүзеге асып, барлығы 124 өтініш қабылданған. «Берекелі баспана» бағдарламасы, медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға бағытталған бастамалар да цифрландырылып отыр.
Табиғи монополия субъектілерінің қызметтерін автоматтандыру үшін 2023 жылдың желтоқсанында Атырау қаласында https://onaykyzmet.kz/ порталы іске қосылып, тестілік режимде жұмыс істей бастады. Бұл жүйе арқылы «Атыраугазинвест», «ҚазТрансГаз Аймақ», «Атырау жылу электр орталығы», «Атырау облысы Су арнасы», «АтырауЭнергосату», «Арнаулы автобаза» және «Транстелеком» секілді 7 кәсіпорын-мекеменің 25 түрлі қызметіне онлайн қол жеткізу мүмкін болды. Қазірдің өзінде 548 өтініш тіркеліп үлгерген.
Техникалық ақаулар әлі де көп
Десек те, жетістіктерге қарамастан бірқатар кемшіліктер байқалып отыр. Ең алдымен, интернет сапасы мен қолжетімділігі мәселесі әлі де шешімін толық тапқан жоқ. Облыстағы кейбір ауылдық және шалғай аймақтарда интернет байланысының әлсіздігі тұрғындардың цифрлық жүйелерді толық пайдалануға мүмкіндік бермеуде. Бұл қызмет көрсету сапасына тікелей әсер етеді.
Халықтың цифрлық сауаттылығы да әркелкі. Кейбір адамдар электрондық платформалармен жұмыс істеуде қиындық көріп отыр. Бұл мемлекеттік қызметтерді әділ және тиімді алу процесін тежейді. Цифрландыру халыққа ыңғайлы болу үшін алдымен қарапайым әрі түсінікті интерфейстер мен нақты нұсқаулықтар қажет.
Кейбір жүйелерде техникалық ақаулар жиі қайталанады. Қызмет көрсету платформаларының жүктемеге төтеп бере алмауы немесе уақытша істен шығуы тұрғындардың сенімін азайтып, қағаз форматқа қайта оралуға мәжбүрлейді.
Ресми деректер бойынша облыстағы 153 елді мекеннің 132-сі кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Яғни, жобалық жоспардың басым бөлігі орындалған. Дегенмен қалған 21 ауыл қайда қалды?
«Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша ауылдық елді мекендерде интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету» жобасы – сөзсіз маңызды әрі ауқымды бастама. Оның нәтижесінде облыс халқының интернетпен қамтылу көрсеткіші 99,6 пайызға жеткен. Бұл – қағаз жүзінде керемет көрсеткіш. Алайда ауыл тұрғындары бұл пайызды өз тұрмысында сезініп отыр ма? Міне мәселе осында.
Атырау қаласында бүгінде халық көп шоғырланатын аймақтарда 108 5G базалық станциясы жұмыс істейді екен. Құлсары қаласында да 6 станса орнатылған. Бірақ заманауи технологияның қалаларда ғана шоғырлануы – ауыл мен қала арасындағы цифрлық теңсіздікті одан әрі ұлғайтып отырған жоқ па?
Ауылдық аймақтарда интернеттің болмауы немесе сапасының төмендігі – білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу және жалпы өмір сапасына кері әсер етеді. Бүгінгі таңда оқушылардың онлайн форматта білім алуына, дәрігерге телемедицина арқылы қаралуына немесе қарапайым мемлекеттік қызметке egov порталы арқылы жүгінуіне интернет қажет. Сондықтан бұл – байланыс ғана емес, әлеуметтік әділеттілік мәселесі.
Үміт жоқ емес. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында алдағы уақытта 42 ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық интернет желісін тарту көзделуде. Сонымен бірге облыс аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды үздіксіз байланыспен қамтамасыз ету жоспары да маңызды. Дегенмен бұл жобалар тағы да уақыт еншісінде қалмақ. Ал интернет күтіп отырған ауыл халқы үшін уақыт – басты ресурс.
Архив те электрондық жүйеге енгізілді
Елімізде цифрландыру жүйесін дамыту бағытында «Astana Hub» халықаралық технологиялық паркінің үлгісінде елдің барлық өңірінде технологиялық хабтар ашу тапсырылған болатын. Осыған байланысты былтыр өңірлік хаб ашылған еді.
– Өңірде цифрландыру саласында білім беру бағдарламаларын қолдау мақсатында биыл Atyrau Hub жобасы аясында 3 айлық оқыту семинарлары қарастырылып, демеушілік негізде 15 млн. теңге бөлінген. Бағдарлама IT-индустрияның заманауи талаптарына сәйкес әзірленіп, цифрлық салада мансапты бастауға қажетті қолданбалы құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ осы жылдан бастап 492 қатысушы Astana Hub-тың LMS платформасындағы білім беру бағдарламаларына қол жеткізді. Бұл олардың кәсіби құзыреттерін арттыруға және өңірлік IT-экожүйені дамытуға ықпал етуде,-деді облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы баспасөз қызметінің маманы Нұрайым Махонова.
Ал «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде 5 антенна-діңгектік құрылым салу жобалары бойынша ақпарат жобалық басқару ақпараттық жүйесіне тапсырмалар мен бюжеттік шығындар уақытылы енгізілуін қамтамасыз етілуде.
P.S: Атырау облысында интернет инфрақұрылымы бойынша үлкен жұмыс атқарылғаны сөзсіз. Бірақ елді мекендердің толықтай цифрлық қолжетімділікке қол жеткізуі үшін де нақты іс-қимыл, қадағалау және тұрғындардың пікіріне құлақ асу қажет. Қағаз бетіндегі 99,6 пайызы шын өмірде 100 пайыз қамтуды білдірмейді. Цифрлық болашаққа бірге қадам басу үшін ауыл интернетсіз қалмауы тиіс.
Айбөпе САБЫРОВА
Сурет ашық дереккөзден алынды



