
Цифрлық дәуірде құқықты қалай қорғаймыз?
Атырауда «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы аясында «Цифрлық дәуірдегі құқық: қауіпсіздік және психологиялық әл-ауқат» тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті. Жиынның мақсаты – жастарға цифрлық қауіпсіздік пен онлайн құқықтар жайлы ақпарат беру, сондай-ақ тұрмыстық, психологиялық және цифрлық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдарын түсіндіру.

-Бүгін біз тұрмыстық және цифрлық зорлық-зомбылықтың өзекті мәселелерін қарастырамыз. Атырау облысында 2024–2025 жылдары полицияға 3 600-ден астам тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарлама келіп түсті. Биыл 3 200-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, 2 700-ден астам қорғау нұсқамасы шығарылды. 700-ге жуық тұлғаға ерекше талаптар белгіленді, 30 қылмыстық іс қозғалды, өкінішке қарай, 4 әйел қаза болды. Бұл көрсеткіш – қоғамдағы зорлық-зомбылықтың қаншалықты өзекті екенін көрсетеді. Әрбір жас өз құқығын білуі, қауіпті сәттерді тануы және қажет жағдайда көмек сұраудан қорықпауы керек,- деді Атырау қалалық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі инспекторлары Римма Серікқызы.
“Дөңгелек үстел” жастардың цифрлық құқықтары мен қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Қатысушылар цифрлық қауіптерді тану, психологиялық әл-ауқатты сақтау және онлайн ортада қауіпсіздік шараларын қолдану жөнінде практикалық кеңестер алды. Шара жастардың саналы, жауапты, қауіпсіз интернет қолданушылары болуына ықпал етті.
Атырау облысының Жастар ресурстық орталығы мен №31 мектеп-гимназиясы ұйымдастырған “дөңгелек үстел” «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізілді.
Тоғжан ЕРМЕК



