
Цифрлық болашаққа батыл қадам
Президенттің Жолдауында айтылған цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бағытындағы міндеттер еліміздің болашағы үшін аса өзекті әрі стратегиялық маңызы бар қадамдар деп есептеймін. Бұл құжатта көтерілген бастамалар Қазақстанның жаңа технологиялық дәуірге батыл енуіне жол ашады.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, цифрлық экономиканы дамыту мен жасанды интеллектіні енгізу – тек өндірістің тиімділігін арттыру немесе қызмет сапасын жақсарту ғана емес, елдің интеллектуалдық және ғылыми әлеуетін күшейтудің негізгі шарты. Сондықтан Президент атап өткен «Digital Qazaqstan» тұжырымдамасы – біздің ұлттық мүддемізге сай келетін әрі мемлекетіміздің технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін маңызды бағдар болмақ.
Мен жас ғалым ретінде бұл бастаманы еліміздің ғылым мен инновация саласындағы бетбұрыс кезеңі деп бағалаймын. Суперкомпьютердің іске қосылуы Қазақстан ғылымының мүмкіндігі артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл біздің өз ғылыми базамызға сүйене отырып, дербес цифрлық шешімдер әзірлеуімізге мүмкіндік береді. Ендігі міндет – осы ресурстарды тиімді пайдаланып, жасанды интеллектіні тек импорттаушы емес, өз өнімдерін экспорттай алатын елге айналу.
Президенттің Жолдауындағы басты идеялардың бірі – цифрлық жаңғыруды халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағыттау. Менің ойымша, бұл өте орынды және өзекті көзқарас. Себебі цифрландыру тек технология емес, ол адам өмірін жеңілдетуге, әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етуге қызмет етуі тиіс. Сондықтан ғылым мен цифрлық шешімдердің түпкі мақсаты азаматтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы қажет.
Жас зерттеушілер үшін бұл үлкен мүмкіндік пен зор жауапкершілік. Бізге енді тек идея айтып қана қоймай, оны нақты іске асыру, яғни жаңа цифрлық жобалар мен жасанды интеллектке негізделген шешімдерді ұсыну міндеті тұр. Президент айтқандай, бұл бағыттағы жұмыс еліміздің халықаралық беделін арттырып, шынайы цифрлық мемлекет қалыптастыруға жол ашады. Мен осы тарихи үдерістің бел ортасында болып, өз үлесімді қосу менің азаматтық әрі ғылыми борышым деп білемін.
Наркез СҰЛТАНОВА,
жас ғалым, педагогика ғылымдарының магистрі.
Сурет: azattyq-ruhy.kz



