
14 шалғай елді мекен интернетке қосылды
Атырау облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар қарқын алып, нақты нәтижелер көрсете бастады. Өңір әкімі Серік Шәпкеновтің өрталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеуінше, облыстың интернетпен қамтылу деңгейі 99,7 пайызға жеткен. Соңғы уақытта 14 шалғай ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылып, байланыс сапасы айтарлықтай жақсарған. Сонымен қатар өңірде 155 5G базалық станциясы орнатылып, 43 ауылға талшықты-оптикалық интернет желісі тартылып жатыр. Бұл – тұрғындардың цифрлық қызметтерге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам.
Қоғамдық қауіпсіздік саласында да цифрландыру жұмыстары нәтижесін беруде. Әкімнің айтуынша, бүгінде облыс бойынша 15 мыңға жуық бейнебақылау камерасы Жедел басқару орталығына қосылған. Солардың 100-ден астамы жасанды интеллект технологиясы арқылы жұмыс істеп, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай жүйе жедел әрекет ету уақытын қысқартып, қала мен ауылдардағы қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттырып отыр.
Өңірде жүзеге асырылып жатқан бұл бастамалар Атыраудың цифрлық даму қарқынының жоғары екенін көрсетеді. Байланыс сапасының артуы, заманауи технологиялардың енгізілуі және қауіпсіздік жүйелерінің жаңартылуы – тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды өзгерістердің нақты көрінісі.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Сурет: Ашық дереккөз



