Жарнама
Білім

Жасанды интеллект – ұстазға серік, жаңашылдыққа жол

Жылыой ауданы әкімдігі мен «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен ауданда алғаш рет «Педагогтер фестивалі: білім берудегі жаңа мүмкіндіктер» атты ауқымды шара өтті. Бұл фестивальдың өзгелерден басты ерекшелігі – ұстаздардың жасанды интеллект (ЖИ) технологияларымен практикалық түрде танысуы болды. Бұл жай ғана семинар емес, онда ұстаздың кәсіби ой-санасын жаңаша қалыптастыратын ЖИ-трансформация алаңы десе болады.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова өз сөзінде шараның мән-маңызын ерекше атап өтті.

Жаңа білім беру бастамалары» қоғамдық қоры ұйымдастырған шара «Теңіз ұстазы» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Қазақстан бойынша алғашқылардың бірі болып осындай ауқымды әрі заманауи оқыту мүмкіндігін алып отырғанымыз – үлкен мәртебе. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беруді цифрландыру және сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларының нақты жүзеге асуы. Енді біздің ұстаздар нейрожелілермен жұмыс істеуді, ChatGPT арқылы сабақ тиімділігін арттыруды меңгереді. Бұл нағыз кәсіби серпіліс, — деді ол.

majra apaj

Ал «Теңізшевройл» компаниясының Жылыой ауданындағы өкілі Нұрлан Ерғалиев жобаның әлеуметтік маңызын ерекше атап өтті.

–Білім беру біздің әлеуметтік жауапкершілігіміздің басты бағыты. Жасанды интеллект ұстаздың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, оларды шығармашылыққа жетелейді. Мұғалім тек білім беруші емес, баланың болашағына бағыт беретін шамшырақ. Ал бұл фестиваль сол шамшырақтың жарқырауын арттыратын алаң, — деді ол.

Фестивальде еліміздің әр өңірінен келген жетекші педагогтер мен білім сарапшылары өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, EdCrunch конференциясының негізін қалаушы Нұрлан Киясов, EdCrunch Academy тренерлері Аида Әбильякимова, Юна Балғабекова, математик, танымал блогер Темірбек Нұрғазыұлы. биология пәні мұғалімі, TikTok-блогер Марат Айтқалиев, білім саласының сарапшысы Ескендір Бестай білімдерін ортаға салды.

majra apaj 2

Олар ChatGPT мен нейрожелілерді оқу процесінде қолдану, оқушы назарын басқару, функционалдық сауаттылықты арттыру секілді өзекті тақырыптар бойынша тәжірибелік тренингтер өткізді. Әр сессия нақты тәжірибеге, практикалық әдіс-тәсілдерге негізделген.

Фестивальге қатысқан №3 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Шолпан Оңғарбаева мектеп ұстаздарының ЖИ технологиясымен танысу деңгейі мен білім беру инфрақұрылымындағы қазіргі жағдай туралы өз пікірімен бөлісті.

– Биылғы оқу жылының ерекшелігі – ұстаздарға жасанды интеллектпен жұмыс істеу мүмкіндігінің берілуі. Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасы бойынша ұйымдастырылған «Өрлеу» біліктілікті арттыру курсында біздің мектептің мұғалімдерінің шамамен 50 пайызы оқып, алғашқы сабақтарын өткізіп те үлгерді. Негізінде, ұстаздар бұрыннан түрлі технологияларды қолданып жүрген еді. Бірақ қазір олар жасанды интеллектті сабақта кәсіби деңгейде пайдалануға кірісті. Жалпы, білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында облыстық білім басқармасы тарапынан қолдау көрсетілуде. Өткен оқу жылында мектебімізге 9 интерактивті тақта берілді. Сонымен қатар, демеушілік арқылы STEM кабинеті жабдықталып, пән мұғалімдеріне қажетті жағдай жасалуда. Қазіргі уақытта интернет те өз деңгейінде жұмыс істеп тұр. Алайда, мұғалімдерге арналған компьютерлік база, әсіресе ноутбук тапшылығы сезілуде. Пандемия кезінде облыстық білім басқармасынан 100 ноутбук берілген еді, бірақ бүгінде олардың пайдалану мерзімі өткен. Сондықтан жаңа компьютерлік техникалармен, әсіресе ноутбуктермен қамтамасыз етуге қолдау көрсетілсе деген ниетіміз бар. Бұрын ЖИ тек IT мамандарының құралы деп ойлайтынбыз. Ал бүгін оның бізге мұғалімдерге де қажет екенін түсіндік. Сабақ жоспары, тест құрастыру, тапсырмаларды саралау – бәрі де автоматтандырылады екен. Ауданда алғаш рет өтіп отырған мұндай ауқымды шараға біздің мектептен 15 мұғалім, оның ішінде мен және оқу ісі жөніндегі орынбасарым қатысып отырмыз. Мұндай тәжірибе алмасу біз үшін өте құнды. Шараны ұйымдастырушыларға шынайы алғыс білдіреміз, — деді мектеп директоры.

majra apaj 3

Фестиваль аясында ұстаздар «Миға негізделген оқыту», «ЖИ және этика», «Сабақта мотивация тудыру әдістері» сынды өзекті тақырыптарды талқылады. Білім беру саласына жасанды интеллектті енгізу бүгінгі күннің міндеті. Өйткені қазірдің өзінде оқушылар ChatGPT, Gemini сияқты құралдарды күнделікті өмірде пайдаланып жүр. Бұл ұстаз үшін тек технология емес, жаңаша ойлау форматы.

Халықаралық PISA зерттеуінің болашақ бағалау критерийлері арасында ЖИ-сауаттылық пен медиасауаттылық енгізілетіні соның айғағы болса керек. Ал Жылыой ұстаздары бұл болашаққа дайын екенін дәлелдеген өңір.

Құлсары төрінде өткен бұл фестиваль жай ғана кәсіби даму күні емес. Бұл мұғалімнің ішкі көзқарасын өзгерткен, білім беру процесіне тың серпін берген тарихи бетбұрыс сәт.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button