ЖАС МАМАНДАР – ЕМХАНАЛАРҒА

Атырау медицина колледжінің құрылып, жұмыс істей бастағанына биыл 70 жылға жуықтады. Осы жылдар ішінде оқу орны қабырғасынан бірнеше мыңдаған орта буын медицина мамандары түлеп ұшып, облысымыздың қала, аудандарындағы емдеу орындарында жемісті еңбек етіп келеді. Осындай өзіндік тарихы бар аталмыш оқу орнынан емдеу ісі, акушерлік ісі, мейірбике ісі, лабораториялық диагностика, фармацевт, гигиена және эпидемиология, стоматология бөлімдері бойынша биыл 406 жас түлек бітірсе, оның 87-сі – «Үздік диплом» иелері.

Махамбет атындағы қазақ драма театрында осы түлектерге диплом тапсыру рәсіміне арналған «Ақ жол саған, жас маман!» атты салтанатты шара өтті.

Медицина колледжінің директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Муса Өтепқалиев облыстың медицина саласының қатары орта буын жас мамандармен толығып отырғанын, олардың барлығына емдеу-сауықтыру орындарында қызмет орны әзір екенін айта келіп, үздік бітіруші бір топ жасқа салтанатты жағдайда дипломдарын табыс етті.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Түркбенбай Нұржігітов, облыстық денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Нұртан Сәрсенова бітіруші түлектерге алдағы қызметтеріне сәттілік тілей келіп, салтанатты жағдайда дипломдар  табыстады.

Бұл күні ата-аналардың да қуанышында шек болмады. Медицина ардагері Таласбай Оразбаев немересінің оқу бітіру кешіне әдейі келгенін айтып, естен кетпес жарқын сәттің куәсі болып отырғанына шын жүректен қуанып, оқу ордасы ұжымына ризашылығын білдірді.

– Көзді ашып-жұмғанша үш жылдың қалай сырғып өткенін аңғармай қалдық. Біз колледждің беделін көтеріп, ұстаздардың сенімін ақтауға уәде етеміз. Сіздерге мың алғыс, – деді бітіруші түлектер атынан сөз алған «Үздік диплом» иелері Алмагүл Бисенбиева мен Арман Төлегенов.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз