Жарнама
Білім

Жаңа дәуірдің жаңа міндеттері

Соңғы жылдары елімізде білім саласын жаңғыртудың жаңа белесі басталды. Соның бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» стратегиялық жобасы.

Аталған жоба аясында республика бойынша 217 жаңа білім ошағы ашылып, ұлттың озық білім мен инновация орталығына айналмақ. Бұл – қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты жоюға, әр баланың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына зор мүмкіндік береді.

Қазіргі заман – жаңашылдық пен бейімделуді талап ететін кезең. Әсіресе білім беру жүйесі қоғам дамуымен қатар ілесіп, үнемі өзгеріп отыруы тиіс. Ал осы өзгерістерді іске асыратын, ұжымды жаңа бағытқа бастайтын негізгі тұлға – мектеп директоры.

Бүгінгі директор – жай әкімшілік қызметкер емес, өзгерістердің көшбасшысы. Ол – ұстаздарға бағыт беретін, оқушыларға шабыт сыйлайтын, ата-анамен сенімді байланыс орнататын тұлға. Мектепті басқару – тек құжаттар мен есеп емес, ол үлкен жауапкершілік пен жүрекпен атқарылатын іс.

Директордың көрегендігі мен жаңашылдығы – мектеп дамуының басты тетігі. Егер басшы үнемі ізденісте болса, ұстаз да, оқушы да алға ұмтылады. Сондықтан мен үшін мектепті басқару – ұжымды ортақ мақсатқа біріктіріп, білім сапасын арттырудың, жаңа идеяларды жүзеге асырудың мүмкіндігі.

Бүгінде еліміздің білім беру жүйесі терең реформалар кезеңінде тұр. Жаңартылған оқу мазмұны, цифрлық технологияларды енгізу, инклюзивті білім беру, құндылықтарға негізделген тәрбие – бұлардың барлығы мектеп өміріне тікелей әсер етеді.

Осы өзгерістерді тиімді жүзеге асыру үшін мектеп басшысы ең алдымен стратегиялық ойлай алатын, болашаққа нақты бағдар жасайтын тұлға болуы қажет. Директор ұжымда ашық диалог орнатып, мұғалімдердің кәсіби дамуына жағдай жасап, ата-аналармен өзара серіктестік орнатуы тиіс.

Мектеп – білім ұясы ғана емес, үлкен әлеуметтік орта. Бұл ортада өзара сенім мен қолдау болса, оқыту сапасы да, тәрбие нәтижесі де артады. Менің ұстанымым – әр педагог өз еңбегінің нәтижесін көріп, әр бала өз қабілетін ашуға мүмкіндік алатын мектеп қалыптастыру.

Бүгінгі таңда мектебіміздің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған. Оқушылардың қабілетін арттыруға бағытталған түрлі үйірмелер мен шығармашылық орталықтар жұмыс істейді.

Педагогтардың кәсіби өсуіне мүмкіндік жасап, озық тәжірибелерді енгізу – басты назарда. Бұл бағытта біз заманауи технологияларға ғана емес, адамдық құндылықтарға негізделген басқару мәдениетіне де ерекше мән береміз.

Қорыта айтқанда, мектеп директорының көшбасшылық рөлі – білім сапасының басты кепілі. Өзгерістерге бейім, уақыт талабына сай шешім қабылдай алатын, білім трендтерін тиімді қолдана білетін басшы ғана мектепті жаңа деңгейге көтере алады.

Қазіргі қарқынды дәуірде мұндай көшбасшы директорлар көбейсе, еліміздің білім саласы да биік белеске көтеріледі. Өйткені мектептің табысы – басшының іскерлігінде, басшының табысы – ұжымның бірлігінде.

Орынгүл ХУАНДЫҚОВА,

№48 жалпы орта мектептің директоры

Атырау қаласы

Сурет ашық дереккөзден алынды

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button