
Жаһандық сын-қатерлерге ғылым арқылы жауап береміз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Менің негізгі миссиям – еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту» деген сөзі – қазіргі Қазақстанның даму стратегиясын айқындайтын тарихи бағдаршам. Бұл – жай ғана саяси ұран емес, мемлекет тағдырын шешетін тарихи миссияның мәнін білдіреді.
Біріншіден, әлем тарихына көз жүгіртсек, кез келген мемлекеттің қуаты ең алдымен ішкі тұрақтылық пен тәуелсіздігін қорғауға тікелей байланысты болған. Ежелгі өркениеттерден бастап қазіргі заманға дейінгі тәжірибе көрсеткендей, ғылым мен технологияға уақытылы көңіл бөлмеген елдер дамудан қалып қойған. Қытайдың индустриялық революция қарсаңында артта қалуы, немесе Осман империясының Еуропадағы ғылым мен техниканың қарқынына ілесе алмауы – осының дәлелі. Ал ғылым мен инновацияға арқа сүйеген Ұлыбритания, кейін АҚШ пен Жапония әлемдік көшбасшылыққа шықты.
Екіншіден, Қазақстан үшін цифрландыру, жасанды интеллект, ядролық ғылым сынды салаларды дамыту – экономикалық міндет қана емес, ұлттық қауіпсіздік пен тәуелсіздікті сақтаудың кепілі. Бүгінгі алмағайып кезеңде геосаяси жағдай тез өзгеруде. Мұндай жағдайда тек шикізатқа сүйенген елдер тұрақсыздыққа ұрынады. Ал ғылым мен технологияға иек артқан мемлекеттер ғана жаңа дәуірдің көшбасшыларына айналады. Президенттің «батыл шешім қабылдаудан қорықпауымыз қажет» деуі – осы тарихи сабақтарды ескеруден туындаған ой.
Үшіншіден, Мемлекет басшысының ядролық ғылым мен халықаралық ынтымақтастықты ерекше атап өтуі – Қазақстанды ғылыми-инновациялық жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Бүгінде МАГАТЭ, CERN секілді ұйымдармен әріптестік орнату, ғалымдарымыздың жаһандық жобаларға қатысуы – елдің ғылым тарихындағы үлкен жетістік. Бұл тек ғылыми тәжірибе алмасу емес, сонымен бірге инвестиция тартуға, бірегей білім мен технология трансферіне жол ашады.
Төртіншіден, Тоқаев көтерген идеялар – ұлттың тарихи жадымен де сабақтас. Қазақ халқы ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күресіп келді. Бүгінгі таңда ол күрес әскери майданда емес, білім мен ғылым, технология мен инновация саласында жалғасып жатыр. Яғни XXI ғасырда ұлттық егемендікті қорғаудың басты қаруы – білім, ғылым және жаңа технологиялар.
Сондықтан Президенттің стратегиялық көзқарасын тарихтың сүзгісінен қарасақ, бұл – кездейсоқ емес, тарихи қажеттілік. Қазақстан жаңа қалыптасып жатқан әлемдік тәртіпте өз орнын алу үшін ғылымға, цифрландыруға, ядролық зерттеулерге ерекше мән беруге тиіс. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы ең үлкен жауапкершілік әрі еліміздің мәңгілік ел болуына бастайтын жол.
Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
Жалпы білім беретін Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебінің директоры, тарих пәнінің мұғалімі
Атырау қаласы



